Мисуактың пайдасының ғылыми дәлелдері
Мисуактың пайдасының ғылыми дәлелдері
10 жыл бұрын 16376
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Мисуак - ауыз қуысының иісін кетіріп, хош иістендіріп тұратын, тамақ қалдықтарын тазалап, тіс жиегін түрлі аурулардан қорғайтын таяқша. Сонымен қатар тістің үнемі жарқырап тұруына да септігін тигізеді.

Мисуак – Араб елдерінде өсетін «Арак» ағашының бұтағы. Арак ағашы сонымен қатар Африка мен Оңтүстік Азияның құмды далаларының қатал табиғатына қарсы тұра өседі. Оның қолданылуы исламға дейін де, одан кейін де шығыс елдерінде маңызын жоғалтқан емес. Таяу Шығыстан Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға кең таралған. Қазіргі медицинаның өзі мисуактың пайдасын мойындауда. Мисуактың құрамында 25-ке жуық тіске пайдалы табиғи заттың бары анықталған.

Мисуак қолдануды бізге сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) үлгі бола отырып, өсиет қылып қалдырды. Мисуак – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасиетті сүннеті. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу әләйһи уә сәллам): Үмбетіме (немесе адамдарға) ауыр келеді деп қорықпағанымда оларға әр намаздың алдында мисуак қолдануды бұйырар едім деп айтты» делінген (Бухари, жұма 8/саум; Муслим, таһарат 42).

 

Ғылым не дейді?

Қазіргі заманғы зерттеуші-ғалымдардың сөзіне қарағанда мисуактан артық профилактикалық құрал, әрі тіс ауруларын емдейтін нәрсе жоқ. Ол тіс жегіндегі дақтарды кетіріп, тісті ағартады. Оның құрамында кремний қоспалары бар. Сондай-ақ тіс арасында пайда болатын бактериялардың көбеймеуін қамтамасыз етеді.

Мисуактың құрамындағы триметиламин тіс құрттағанда, жаңадан тіс шығып келе жатқанда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, флюидті заттар болса балалардың құрттаған тістерінің профилактикасына сәйкес келеді.

Америка ғалымдары мисуак ағашының ауыз қуысына әсері күшті екендігін мәлімдеді. Оның әсері: қолданған кейін ауыз қуысындағы 80 % жуық микроорганизмді өлтіріп, тістің құрттауын алдын алып, қызыл иегінің берік болуын қамтамасыз етеді. Ол екі тәулік бойы әсерін жоғалтпайды.

Мисуак сонымен қатар, ауыз қуысы, тістің қызыл еті мен тістің арасындағы биологиялық белсенді нүктелерге де әсер етеді. Бұл нүктелер бес сезім мүшесінің (құлақ, көз, мұрын, тіл және жұтқыншақ), 28 арқа жүйкесінің, жалпы алғанда барлық ішкі органдардың жұмысын реттеп отырады.  

 

Мисуактың химиялық құрамы

Мисуактың құрамында мынадай табиғи заттар бар: 

 - дубил қышқылы

- сода бикарбонаты

- целлюлоза

- эфир майы

- алкалоидтар

- минералды тұздар

- фтор

- кремний

- С дәрумені

- сапониндер

- стирол

- флавоноидтар

- триметиламин

Аталған бұл заттардың тіске және ауыз қуысына тигізер пайдасы орасан. Түрлі аурулар мен қабынулардан сақтайды.      

 

Тәжірибе жасап көрелік...

Жұмыстың мақсаты: мисуактың стомотологиялық аурулар профилактикасындағы әсерін зерттеу.  

Тәжірибенің жүргізілу тәртібі былай: 120 адамды екі топқа теңдей бөлеміз. Бірінші топ (негізгі) – тіс тазалағанда тек мисуакты қолданады, екінші топтағылар (қорытынды) – кәдімгі тіс пастасы мен щеткасын қолданады. Аталған пациенттерге ауыз қуысы мен тіс гигиенасын қатаң ұстанып, үш ай сайын тіс дәрігеріне қаралып тұруын ескерткен. Бұл бір жылға созылады.

Сонымен қорытынды ретінде мынаны айтсақ болады. Бұрынғы гигиена индексі екі топта да бірдей болатын. 3 айдан кейін индекс мисуак қолданатын бірінші топта 1,15-ті көрсетсе, екінші топта 1,89-ға тең. Кейіннен 6-шы айда индекс төмендеуін жалғастыра келіп 0,57 (жақсы гигиена) жетті. 12-ші айға дейін жақсы көрсеткіш көрсетті. Ал, екінші топтың индекс саны 1,04-ке тең болған. Тек 12-ші айға қарай 0,8 әрең түскен. Сөзімізді қорыта айтар болсақ, мисуак қолдану әсерлі, ыңғайлы, әрі экономикалық жағынан тиімді болмақ.            

Ескерту: бұл дегеніміз тек мисуак қолдан деген сөз емес. Тіс пастасын да пайдаланған дұрыс. Мисуак микробтарды жойғанмен тісті барынша ағарта алмауы мүмкін. Себебі, қазіргі тағамдардың көбінде дерлік химиялық қоспалар болады. Сол үшін біз екеуін алма кезек қолданып тұруды ұсынған болар едік. 

 

Мисуак иманға себеп болды...

Түркияның Білім және Ғылым министірлігінде комиссия басшысы болып қызмет атқарған Ахмет Юрдакул (ұлты – неміс, аты-жөнін өзгерткен) өзінің қалай иман келтіріп, Ислам дінін қабылдағанын бір естелік хатында былай деп жазады:

«Пәкістанға барған кезім болатын. Ол кездерде атеист едім. Ешбір дін мені қызықтырмайтын. Кешкісін мұнаралар жарықтандырылып, азаншылар түрлі иләһи өлеңдер айтып жатты. Ұзақ жатып тыңдадым. Бір үйлесімділік бартұғын. Көбі арапша болғандықтан түсінбедім.

Ертеңіне Пәкістанның діни басқармасына бардым. Барып: «Кешегі болған салтанат не еді?» - деп сұрадым. Олар маған: «Кеше Пайғамбарымыз хазреті Мухаммедтің (саллаллаһу әләйһи уә сәллам) туған күні еді. Соны тойладық» деді. Олай болса маған оның бір кітабын беріңдер дедім.

Маған бір хадис кітабын берді. Орта жағынан бір бетін аштым да бір хадисті көрсетіп, аударып бер дедім. «Тістеріңді мисуакпен тазалаңдар», - деп жазылған деді.

Мисуактың не екендігін сөздіктен қарап білдім де, зертханаға әкеліп зерттеп көрдік.  

Мисуак – дәрумендерге бай ағаш. Оны қолданған адамда скорбут (цинга) ауруы болмайды. Суды асқазанда ассимиляциялайды, әрі ас қорытуды жақсартады. Асқазанның жұмысын жеңілдетеді. Ең маңыздысы тұрақты қолданатын адамдарда геморрой ауруы болмайды екен. Міне, осылай бір ағаш бөлшегі мені иманға қауыштырып, мұсылман болдым».

Елімізге белгілі болып үлгерген «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» атты кітаптағы басты кейіпкер, тыңшы Хемфер мисуак жайында былай дейді: «Маған мисуак қолдану ұнамайтын. Мисуак – мұсылмандардың дəреттен бұрын тістерін тазалайтын ағаш тамыры. Кейде  аузымды қанатқанынан мисуакты тіске зарарлы екен деп ойлайтынмын,  бірақ қолдануға мəжбүр болатынмын. Мұсылмандар үшін мисуак қолдану пайғамбардың қасиетті сүннеті болатын. Бұл ағаштың өте пайдалы   екендігін айтатын. Біраз уақыт өткеннен соң тістерімнің қанағаны қойды.  Көп ағылшындарда кездесетін ауыздағы иіс те жоқ болып кетті».

 

Пайдаланылған деректер:

1) http://islamtv.ru/
2) Мисвак в профилактике стоматологических заболеваний». Р.Г. Гашимов, З.В. Гасымова, У.Н. Хандагджи, Баку

0 пікір