Малды тоқпен немесе ұрып талдырып союдың діндегі үкімі
Малды тоқпен немесе ұрып талдырып союдың діндегі үкімі
5 ай бұрын 5175
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Қазіргі таңда ірі қара малдарды алдымен талдырып, одан кейін сою әдісі қолданысқа енгендігі белгілі. Тіпті кейбір елдерде талдырып сою әдісі заңмен реттелген. Алайда, мұндай амал-тәсілдің шариғатымызға қаншалықты сай, бүгін сол жайында әңгімелеп өтсек деп отырмыз.

Алдымен, талдырып сою әдісінің түрлерімен таныстырып өтелік. Әлем қасапханаларында көбіне 4 (төрт) түрлі талдыру әдісі қолданылады. Олар төмендегідей:

1) Тапаншамен ату арқылы талдыру. Бұл әдісте таппанша оғы қолданбайды. Оқтың орнына арнайы ине немесе темір істік қолданылады. Тапаншамен малдың шекесінен атқанда ине миын тесіп кіреді екен де, соның салдарынан мал есінен танып құлайды екен.

2) Екінші түрі, ауыр қатты затпен маңдайынан ұру әдісі. Бұл әдіс малға жапа шектіретіндіктен біраз қасапхана иелері мұндай әдісті қолданыстан алып тастаған деседі. Оның орнына тапаншаны қолдануға көшкен.

3) Үшінші түрі - газ. Бұл әдісте, малды белгілі мөлшерде көміртегі диоксиді жіберілген жабық орынға қамайды. Газ малдың миына әсер етіп, есінен танып құлайды. Артынша қолмен бауыздап алады.

4) Төртіншісі, тоқпен талдыру әдісі. Малдың екі самайынан қысқыш тәрізді құралды қойып, тоқ жібереді. Тоқ малдың миына өтіп, мал есінен танып талады1.

Аталмыш әдістердің шариғаттағы үкімі

Бұл әдістердің Шариғаттағы үкімдеріне келер болсақ, мұнда екі нәрсе назарға алынады:

  • Малға жапа шектіре ме, жоқ па?
  • Малдың арам өлуіне алып келе ме, жоқ па?

Шариғат ережесі бойынша, мал соярда малды қинамау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадистерінде малды ең көркем түрде союды бұйырады2. Сондықтан да, мал соярда малға жапа шектіретін әдістерді қолдану - шариғатта құпталмайды. Бұл - бір. Екіншіден, талған малды бауыздамай тұрып өліп қалса, ол арам өлген мал саналып, еті харам болады. Дінімізде арам өлген малдың еті желінбейді.

Ендеше талдыру әдістерінің үкімдері келесідегідей:

  • Тапаншамен ине немесе металдан жасалған істікті маңдайынан атып, миына зақым тигізу арқылы талдыру әдісі, көп жағдайда малдың өліміне алып келетіндіктен, мұндай әдіс шариғатта құпталмайды. Дегенмен, бұнда да егер жаны шықпай тұрып бауыздап үлгерсе, малдың еті адал.
  • Балта, үлкен балға, темір сияқты ауыр затпен маңдайынан ұрып талдыру. Мұндай әдіс малға зақым тигізіп, жапа шектіретіндіктен, шариғатта құпталмайды. Әйтсе де, ауыр затпен ұрып құлатқаннан кейін, мал өлмей тұрып бауыздап үлгерсе, еті адал.
  • Көмірқышқыл газын қолдану. Ауамен немесе кислородпен араласқан көмірқышқыл газын қолдану арқылы талдыру харам емес, мамандардың айтысына қарағанда мұндай тәсілден мал қиналмайтын ұқсайды. Бастысы дозасын асырмау керек. Егер дозасын қажетті мөлшерден асырса, бұл да малдың арам өлуіне алып келуі мүмкін.
  • Тоқпен талдыру әдісі. Егер, тоқпен талдыру әдісінде белгілі талаптар сақталатын болса, иншаАлла, мұндай әдіс харам болмайды, бастысы малдың арам өлуіне алып келмеуі тиіс. Оның үшін мамандардың бұл әдіске қатысты белгілеген талаптары сақталуы керек. Ол талаптары келесідегідей:
  1. Тоқты малдың екі самайына немесе шүйдесіне қолдану керек.
  2. Електр тоғының кернеуі (напряжение) 100-400 вольт аралығында болу керек, одан аспауы ләзім.
  3. Тоқтың қуаты, қой малы үшін - 0,75 пен 1,0 ампер арасында, ал сиыр малы үшін - 2 мен 2,5 ампер аралығында болуы керек.
  4. Электр тоғы 3 (үш) пен 6 (алты) секунд аралығындағы кезеңде берілу керек.

Бұл айтылған талдыру әдістерінің қай-қайсында да, егер мал бауыздалмай жатып өліп кетсе, арам өлген мал қатарынан саналып, еті жеуге жарамсыз - өлексенің еті санатына жатады. Ал өлмей тұрып бауыздап үлгерсе, еті адал.

Бұнымен қатар, мұсылман адам мал соярда, лаж болса, талдырмай, Исламның мал бауыздау әдебіне сай сойғаны абзал. 

Жазба «Халықаралық Ислам фиқһ кеңесінің» 1997 жылы қабылдаған қаулысына сай әзірленді3Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1erej org/الذبح-بالتدويخ
2«Егер өлтірер болсаңдар, ең көркем түрде өлтіріңдер. Қашан мал соятын болсаңдар ең көркем түрде сойыңдар. Мал соятын кісі пышағын өткірлесін, соятын малының жанын қинамасын». («Сахих Мүслім»).
3Халықаралық Ислам фиқһ кеңесі. Х (10) отырыс, №95 (10/3) қаулы. Сауд Арабиясы, Жидда қаласы. 1997 жыл.

0 пікір