1) Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (радияллаһу анһ) былай деп хадис жеткізеді: «Алла елшісі жұмаға бармай жүрген адамдарға қарасты былай айтқан еді: «Мен (өзімнің орнына) намаз өткізу үшін басқа бір ер адамды қалдырып, ал өзім болса, жұмаға келмей, намазды үйлерінде оқып жүргендердің үйін өртегім келеді» деген еді». Алла елшісі іс жүзінде өртемейтіні анық және тарихта ешкімнің үйі сол үшін өртелген емес, Алла елшісі бұлай деу арқылы жұма намазына келмей жүрудің қаншалықты ауыр екендігін ұқтырған. («Сахих Мүслім»).
2) Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуатта Алла елшісі былай деген болатын: «Қауым не жұма намазына бармай жүргенін қояды, не болмаса, Алла Тағала олардың жүректеріне мөр басады да, олар ғапыл адамдардан болады». («Сахих Мүслім»).
3) Әбу Жәъда ад-Домириден де жеткен хадисте Алла елшісінің былай дегендігі риуаят етіледі: «Кімде-кім үш жұма намазды немқұрайлылықпен тәрк етсе, Алла Тағала оның жүрегін мөрлейді». («Әбу Дәуід», сүнән).
4) Және бұған байланысты бір хадис Хафса анамыздан жеткен (радияллаһу анһа), ол хадисте Алла елшісі былай деген: «Жұма намазына бару - барлық балиғат жасына жеткен еркек кіндіктіге міндет». («Нәсәи» риуаят еткен)1.
Ендеше, Жұма намазына бару әрбір мұсылманға парыз, ал оны үзірсіз тәрк ету - ауыр күнә.
Жұма намазы парыз болады деуіміз үшін мына шарттар табылу керек:
- Ер адам болуы керек (әйел кісілерге жұмаға қатысу шарт емес, оның орнына үйлерінде бесін намазын оқиды).
- Еркін, азатты адам болуы керек (құлдарға парыз емес).
- Жолаушы емес болуы тиіс (жолаушыға жұма намазына бару парыз емес, барып қатысам десе де қате емес).
- Қалада немесе қаланың шегарасына кіретін аумақтарда тұрған болуы.
- Дені сау болуы (сырқат адамға немесе мешітке жете алмайтын қауқары кеткен қария кісілерге парыз емес).
- Залымның зұлымдығынан аман болуы (Залымнан зұлымдығынан жасырынған адамға жұмаға бару парыз емес).
- Екі көзі сау болу (Имам Ағзамның пәтуасы бойынша, көзі көрмейтін зағип жанға жұма намазы парыз емес).
- Екі аяғы сау болу (жүре алмайтын адамға жұмаға келу парыз емес, сондай-ақ, қамаудағы адамға да жұмаға келу парыздығы мойнынан түседі).
Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин!
А. Қасым
1Имам Зәһәби: «Үлкен күнәлар», Араб тілінде.