Діни үкімдерді түсіну мен түсіндірудің ағымға бөлінуге тигізген әсері
Діни үкімдерді түсіну мен түсіндірудің ағымға бөлінуге тигізген әсері
10 жыл бұрын 4595
Смайыл СЕЙТБЕКОВ
Діни үкімдерді түсіну мен түсіндіру барысындағы әдістердің ағымға бөлінуге тигізген әсері

Діннің қайнар бұлағы – Құран және ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистері. Мұсылмандар алдымен Құран аяттарын түсініп, тәпсірлеу үшін «сәбәбу ән-нузулді» (аяттың түсу себебін) жақсы білуі керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құран мұсылмандарға ойлау еркіндігін бергеннен кейін аяттан шығаратын үкім мен мағынаның әртүрлі болуы табиғи еді. Бәрімізге мәлім, Құран Кәрім 23 жылда белгілі бір оқиғаға, сұрақ немесе мәселеге байланысты аят-аят болып түсті. Сондықтан табиғиндер (Пайғамбардың (с.а.у.) көзін көрмеген, сахабалармен жүздескен тұлғалар) мен әтбағут-табиғиндер (сахабалармен кездесіп, тәлім алмаған бірақ табиғиндерді көргендер) кезеңінде Құран аяттарының түсу себептері (сәбәбу ән-нузул) пікір алуандығын туғызды. Сахабалар дәуірінде Құран аяттарының мағынасын, тәпсірін, мақсатын Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтып отырғандықтан, ешқандай артық сұрақ тумайтын. Керек десеңіз, осы айтылған мәселелерді тереңірек зерттеуді қажетсінбеді.

Құран Кәрімді түсініп, одан үкім шығару үшін аяттардың түсу себептерін білу маңызды. Өйткені уақыт өте келе сахабалар азайып, Исламды насихаттау мен қорғауға табиғиндер мен әтбағут-табиғиндер көшті. Бұл уақытта кейбір аяттардың түсу себебі жайында түрлі пікірлер айтылып, үкім шығаруда қиындықтар туды. Сол үшін Ислам ғұламалары Құран аяттарының түсу себебін зерттеуді қолға алды. Бұл әдістің маңызды екенін мына ғалымдардың сөзінен байқауға болады.

Әл-Уахиди: «Бір аяттың түсу себебін білмейінше оның шынайы мағынасын түсіну мүмкін емес» – десе, Ибн Дақиқ әл-Идидің: «Аяттың түсу себебін білу – Құранның мағынасын түсінуде өте жеңілдік болады», – деген сөзі де ойымызды қуаттай түседі.

Құран аяттарының түсу себебін білмеу аяттан шығатын үкімде қателесуге, қала берді мұсылман жамағаты арасында тартыс пен жанжалға апарары сөзсіз. Мына бір оқиғаны тілге тиек етсек, ішімдікке байланысты аят түсіп, оны ішуге тыйым салынады. Сонда сахабалар Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, бұған дейін ішімдік ішіп жүріп жан тапсырған мұсылмандардың ақыреттік жағдайының қалай болатынын сұрайды. Бұл сұраққа жауап ретінде «Мәида» сүресінің 93-аяты түседі: «Иман келтіргендер сене отырып игілік істесе, сақтанып іс істесе, алдыңғы (ішкен) жегендері оларға күнә болмайды. Өйткені Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді». Міне, осы аяттың түсу себебін дұрыс білмегендіктен Қудама ибн Мазун ибн Амр ибн Мағдикәриб ішімдіктің харам емес екенін айтқан. Өкінішке орай, аяттың тікелей мағынасына сүйеніп үкім беру үлкен қателіктер мен қиындықтарға апарары сөзсіз[1].

Сонымен қатар Құран сүрелерін тәпсірлеу барысында кейбір аятты түсіндіруде ауытқушылықтар бой көрсете бастады. Кейбір ғалымдар аятты сыртқы мағынасы бойынша түсіндірсе (заир), кейбіреуі астарлы (батин) мағынасымен тәпсірлеп, үкім шығаруға тырысты. Алайда аятқа қисынсыз астарлы мағына беріп, амал етушілерді «батынилер» деп атады. Олар барлық аяттан астар іздеп, мүлде қатысы жоқ ұғыммен тәпсірледі. Мысалы, «Бақара» сүресінің 275-ші аятын алайық. Онда:

الَّذِينَ يَأْكُلُونَ الرِّبَا لاَ يَقُومُونَ إِلاَّ كَمَا يَقُومُ الَّذِي يَتَخَبَّطُهُ الشَّيْطَانُ مِنَ الْمَسِّ ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُواْ إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا وَأَحَلَّ اللّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا...

«Сондай өсім жегендер (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: «Сауда да өсім жегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өсімді харам еткен», делінген. Осы аятта сауданы ашық түрде халал, өсімді ашық түрде харам деп бекітеді. Бұл аяттан ешкім астар іздеп, тәпсір жасай алмайды[2].

Құранның көп аяттары ашық әрі анық айтылғандықтан, ешқандай да астарлы мағына іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, «Мәида» сүресінің 3-аятында былай делінген: «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алланан басқасының атымен бауыздалған мал арам етілді». Көріп отырғанымыздай, Алла бізге харам болған нәрселерді анық айтқан және мұның басқа бір мағынасы болуы мүмкін де емес. Бірақ адасушы батынилер аятқа қисынсыз мағына беріп, аяттағы қаннан мақсат – күмән,доңыз еті деген – мунафиқ, Алланан басқаның атына бауыздалған мал – ақиқатқа сүйенбей, жалған пікірге шақырған адам деп түсіндірген.

Харижиттер Құран аяттарын тікелей мағынасында тәпсірлесе, муғтазилиттер ақылға салып, ұғым шығарды. Қадарилар Құранда тағдырға иман ету жайында аят жоқ десе, шииттер Хазіреті Алиді дәріптеу үшін кейбір аяттардан қисынсыз мағына шығарып, қоғамның бірлігіне сызат түсірді.

Әрине, Құран аяттарының бәрі дерлік анық, әрі түсінікті емес. Кейбір аяттардың ұғымы тек Алла пен Оның Елшісіне (с.а.у.) ғана мәлім. Сондықтан Құран аяттары түсінігі жағынан екіге бөлінеді. Мұны Құранның өзі растайды:

هُوَ الَّذِيَ أَنزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُّحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ فَأَمَّا الَّذِينَ في قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاء الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاء تَأْوِيلِهِ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلاَّ اللّهُ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِّنْ عِندِ رَبِّنَا وَمَا يَذَّكَّرُ إِلاَّ أُوْلُواْ الألْبَابِ

«Ол Алла саған Құранды түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар кітаптың негізгі іргетасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла қана біледі. Сондай-ақ ғылымда озат болғандар «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздан» дейді. Мұны ақыл иелері ғана түсінеді» (3. «Әли Имран» сүресі, 7-аят). Осы аятта айтылғандай, Құран аяттары «мухкәм» (түсінікті) және «мутәшаби» (құпия) болып екіге бөлінеді. Құранның мухкәм аяттарын тәпсірлеп, мағыналарын шығаруға болады. Ал мутәшаби аяттарға түсіндірме бере алмаймыз. Себебі ондай аяттардың ұғымын тек Алла қана біледі.

Мухкәм аяттар халал, харам, намаз, ораза, зекет, қажылық секілді үкімі мен мағынасы түсінікті болып, бір ғана мағынаны білдіріп, бұрмалануға жатпайтын аяттар. Ал мутәшаби аяттарға кейбір сүренің басында келетін «хуруфул муқатта» (Әлиф ләм мим, Нун, Қаф, Ясин секілді) аяттары мен қияметтің қашан болатыны, Алланың жаратылғандарға ұқсаған сипаттарын баяндауы, жаннат, жәәннам, рух, кәусар, ақыретте болатын жағдайлар туралы айтылған аяттар жатады[3].

Мухкәм және мутәшаби аяттар ағымдардың пайда болуына тікелей себепші болмағанымен, кейбір саяси мүддемен әрекет еткен ағымдар Құранның мутәшаби аяттарын өз мақсаттарына пайдаланған. Сол секілді муржия, муғтазилә, мушәббиа, мужассима сынды ағымдар мутәшабиат мәселесін көбірек қозғау нәтижесінде жеке дара ағым ретінде қалыптасты. Мысалы, муғтазилиттер мутәшаби аяттарға жататын Құран мен хадисте айтылған Алланың сипаттарына келгенде мақлұқатқа ұқсатпау үшін Алланың сипаттарын қабыл етпейді. Мушәббиа мен мужассима, керісінше Алланы адамға ұқсатуға тырысты. Алланың тән ішіндегі жанға ұқсатқаны үшін оларды антропоморфистер деп те атады[4].

Осындай аяттарды зерттеу керек пе немесе айтылған күйінде қабылдау қажет пе деген сауалдар 9-10-шы ғасырда мұсылмандар арасында талқыға түсті. Көпшілік: «Аят қалай айтылса, солай қабыл етілуі керек. Өйткені ондай аяттың мағынасын Алла қана біледі және олар тәпсірленбейді», –деген пікірді ұстанды. Ал адасқан ағым өкілдері: «Құран адамзат үшін түсірілгендіктен оның түсініксіз аяты болмауы тиіс, сол үшін барлық аятты түсінуіміз керек», – деді. Бұлай айтуларының негізі жоғарыда айтылған «Әли Имран» сүресінің 7-ші аятындағы: «..... Оның ұғымын Алла қана біледі. Сондай-ақ ғылымда озат болғандар «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздан» дейді. Мұны ақыл иелері ғана түсінеді», –дегенді: «Оның ұғымын Алла, сондай-ақ ғылымда озат болғандар біледі», – деп тәпсірлеп, солай түсінді. Осылай мағына берген соң ғылымда озат болғандар мұндай аяттарды түсіндіре алады деп, мутәшаби аяттардың мағынасын өздерінше ашуға тырысты. Аятта айтылғандай жүректерінде қыңырлық бар кейбір жандар ондай аяттардың мағынасын білуге және одан қисынсыз ұғым шығаруға тырысқан.

Имам Матуриди ақылға біршама мән бергенімен, мутәшаби (ұғымын Алла пен Оның елшісі білетін) аяттардың тәпсіріне келгенде шариғаттың шеңберінен шықпаған. Мысалы: «Ол Рахман, ғаршыны меңгерді» мағынасындағы«Таа» сүресі, 5-аятындағы «истауа» сөзі мутәшаби аят болғандықтан, бұл сөзді түсіндірген кезде алдымен аят жайында түрлі теңеулер жасаған ғалымдардың көзқарасын айта келіп, мынадай тұжырым жасайды: «Бұл мәселедегі біздің ойымыз Алла Тағала «Еш нәрсе Оған ұқсамайды» (42.Шура сүресі, 11-аят) деп, айтқан сөзі арқылы Алланың жаратылғандарға ұқсамайтындығын білдіруде. Алла жаратылғандарға ұқсаудан пәк. Біз де жоғарыда Алланың іс-әрекетінде және сипатында ұқсастықтан пәк екендігін айтып өттік. Олай болса, біз Рахманның Арш үстіне истиуасы жайында Құранда айтылған күйінде қабыл етуіміз керек. Бұл аятты мынадай мағынаға келеді деп айта алмаймыз. Өйткені жоғарыда келтірілген тәуилдердің (жорамалдардың) қандай да біреуі сәйкес келіп қалуы мүмкін болса, дәл солай адамның санасы жете бермейтін басқа да бір мағынаға сай келу ықтималдығы да бар. Сондықтан, Алла аятта қалай келтірсе, біз де дәл сол күйіне иман етеміз».

Имам Матуриди мутәшаби аяттарға түсініктеме беруде шариғат рұқсат еткен және араб тілінің шеңберінен шықпайтын әдіске жүгінген. Ал беріректегі бірқатар әлу сүннет ғалымдары ол аяттарға түсініктеме берген. Дегенмен, бұл қарапайым халықтың аяттағы ұғымды басқаша мағынаға жорамалдауының алдын алудан туындаған қажеттілік болатын. Алайда, аталмыш ғалымдар мутәшаби аяттарды араб тілінің шеңберінен шықпайтын астарлы (мәжәзи) мағыналары бойынша ғана түсіндіруге болатындығын айтады. Солай болғанның өзінде ғалымдар айтқан жорамалдарының соңында оның нақты мағына емес, аяттың баламалы ұғымы ғана деп ескерту жазуды әдетке айналдырған[5].

Адасқан ағым өкілдері Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жетпіс үштің біреуі ғана құтылады», – деген хадисіндегі жұмаққа кіретін топтың өздері екенін Құранмен дәлелдеу үшін мутәшаби аяттарға қисынсыз мағына да берген.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) мутәшаби аяттар секілді кейбір мәселені талқылауға тыйым салған және ондай ниеттегі кісілерден сақтануды ескертіп кеткендіктен әлу сүннет ғалымдары (сунниттер) мутәшаби аяттарға Құран мен сүннет аясында түсіндірмелер берумен шектелді. Негізінде алдыңғы өткен үмметтердің бастарына келген апаттар осындай тыйым салынған мәселелерге біле тұра қазбалауынан туындаған. Әрине адамның барлық нәрсені білуі шарт емес.

Хазіреті Омардың халифалық кезеңінде Ибн Сабиғ есімді бір кісі Меккеге келіп, Құранның мутәшаби аяттары жайында сұрастырады. Мұны естіген халифа Омар оның бұл әрекетіне қатты ашуланып, оны шақырып алып: «Саған талқылайтын басқа аяттар жетпеді ме?» деп, шыбықпен сабатады. Меккеден Басраға жер аудартады да, Басра әкімі Әбу Муса әл-Әшғариге (қ.б. 44/665 ж.) онымен ешкім сөйлеспесін деп әмір етеді[6]. Осы оқиғадан-ақ мутәшаби аяттарға жорамал жасауға болмайтынын, айтылған күйінде қабыл ету керек екенін ұғынсақ болады.

Қасиетті Құранды түсінуден туындаған және мәзһабқа бөлінуге әсер еткен мәселелер көп-ақ. Дегенмен отандық ғалымдардан Мұхиддин Исаұлы мен Қайрат Жолдыбайұлының бұл мәселеге қатысты мынандай тұжырымдарын атап өткен орынды болар:

1. Құран аяттарының астарлы мағынада яки сөздіктегі мағынасында қолданылуына байланысты.

Мәзһабтардың туындауына әсер еткен себептердің бірі кейбір аяттардың астарлы мағынада немесе тура мағынасында қолданылғандығына байланысты түрлі пікірлердің болуы. Мысалы, «Мәида» сүресінің 6-шы аятында:

...وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاء أَحَدٌ مَّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لاَمَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيداً طَيِّباً فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُم مِّنْهُ ...

«Егер науқастанып қалсаңдар, яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе, яки әйелдеріңе тисеңдер (жақындассаңдар), су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар», – деген.

Осы аяттағы «ләмәстум» – (тисеңдер) сөзін ханафилер тікелей мағынасында емес, астарлы мағынасында түсінген. Алла Тағала құлдарына әдептілікті үйрету мақсатында жыныстық қатынасты – жақындау, тию сөздерімен білдірді деген тұжырыммен «ләмәстум» сөзін «жақындассаңдар» деп түсінген. Осы үкімге сәйкес, әйелге ер кісінің қолы немесе тәні тиіп кетсе дәреті бұзылмайды деп пәтуа берген.

Ал шафиғилер болса, «тисеңдер» деген сөзді тікелей, тура мағынасында қолданып, ер кісінің өз әйеліне немесе өзге әйелге қолы, денесі киімсіз жалаң күйде тисе, дәреті бұзылады деген үкім шығарған.

2. Құран аяттарындағы бір сөздің астарлы мағынасынан тыс негізгі бірнеше мағынасының болуы.

Аяттардағы бір сөздің бірнеше мағынаны білдіруі де ғалымдар арасында түрлі көзқарастардың туындауына себеп болды. Осындай жағдайда ғалымдардың көзқарасынан мәзһабтар одан әрі даралана түседі.

3. Кейбір аяттарда анық белгілеудің, шектеудің болмауы.

Аяттарда парыз етілген істің нақты белгіленіп, шектеу қойылмауына байланысты да мәзһабтар арасында әртүрлі көзқарастар пайда болған. Мысалы, дәрет алғанда басқа мәсіх тарту – парыз. Бұл жайында «Мәида» сүресінің 6-шы аятында баян етіледі. Бірақ ол жерде мәсіх етудің мөлшері айтылмаған. Осы аят бойынша үкім шығаруда ханафилер бастың төрттен бірін мәсіх ету керек десе, шафиғилер бастың кішкене бөлігіне мәсіх тартуды жеткілікті деп санаған. Ал мәлики мен ханбалилер басты түгел мәсіх ету парыз деп түсінген. Бұл үкімдердің бәрі де дұрыс. Себебі аятта нақты өлшем айтылмағандықтан, төрт мәзһаб та шариғи дәлел келтіруде араб тілінің грамматикасына сүйенген[7].

Өмірінің соңына дейін иман ақиқатын түсіндірумен өткен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әрбір сөзі ақиқаттың жаршысы еді. Расулалланың (с.а.у.) айтқандарын тасқа қашағандай етіп жаттап алған сахабалар өздері орындап қана қоймай, келешек ұрпаққа да аманат етіп қалдырды. Күні бүгінге дейін мұсылмандар бұл мүбәрак сөздерді көздерінің қарашығындай сақтап келеді. Бірақ осы сөздердің айтылу тарихына көз жүгіртер болсақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кейде бір мәселені бірнеше қырынан түсіндіргенін көрсек, енді бірде алдындағы кісінің таным-түсінік деңгейіне қарай айтқанын байқаймыз. Сондықтан айтылған хадиске жалпылама үкім беруге болмайды. Сол үшін хадистердің тарихы мен айтылу себебін зерттеуге мұқтаждық туды. Оларды түсіну мен үкім шығаруда Ислам ғұламалары түрлі әдістерге сүйенді. Хадистерді дәрежесіне қарай бөліп, мәселеге орай үкім шығару үшін хадистерге жүгінді. Осылайша, фиқи мәселелерді шешу төңірегінде құқықтық мектептер қалыптасты. Бұл мектептер ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали деп аталды.

VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген ғалымдар Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан хадистерін жинақтап, дәлел ретінде тақырыпқа қатысты сахих (дұрыс) хадистерді ұсынды. Бұл ғалымдардың әуелгі мақсаты мәзһаб құру болған жоқ. Дегенмен уақыт өте келе аталмыш жолды ұстанушылардың саны көбейіп, кейіннен ол тұтастай ислами мектепке айналды. Кейде бір ғалымның қолданған хадисі мен екінші ғалымның берген пәтуасы сәйкес келмей де қалатын. Мысалы, намазда «Фатиха» сүресі мен қосымша сүре оқу ханафилерде уәжіп. Өйткені аятта: «Құ­ран­нан же­ңіл кел­ге­нін оқың­дар» (73. «Мүзәмміл» сүресі 20-аят) деген. Ал хадисте: «Фатихасыз» және қосымша сүресіз оқылатын ешқандай парыз немесе нәпіл намаз толық емес», (Тирмизи, Мәуақит 69; Дарими, Сала 36). Олай болса, Құран негізге алынып, хадисте айтылғандай намазда «Фатиха» сүресін оқу парыз емес, уәжіп. Ал өзге үш мәзһабта (шафиғи, мәлики, ханбали) намазда «Фатиха» сүресін оқу – парыз, қосымша сүре оқу сүннет. Дәлел ретінде «Фатиханы оқымаған адамның намазы жоқ» деген хадисті келтіреді (Тирмизи, Мауақит 69). Қарап отырсақ екеуі де Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзі, бірақ қолданылу тәсілі мен берілетін үкімі бөлек. Сондықтан бірінікі дұрыс, бірінікі бұрыс дей алмаймыз. Себебі екеуі де Пайғамбар (с.а.у.) сөзін негізге алған. Олай болса, фиқи мәзһабтардың тууына риуаят етілген хадистердің белгілі мөлшерде ықпал еткенін айтуға болады.

Фиқи мәзһабтардың пайда болуына әсер еткен негіздерге қысқаша тұжырым жасасақ.

1. Араб тілі грамматикасының ерекшелігіне байланысты. Бір хадисті талқылауда бірнеше көзқарастың болуы араб тілінің өте ерекше тіл құрылымына ие болуынан деп білеміз. Мәселен, бір сөз араб тілінде әртүрлі қалыпта оқылғандықтан, мағыналары да оқылған формаға (уазнға) сай өзгеріп отырады. Сол себепті ғалымдар бір сөзден түрлі үкімдер шығарған.

2. Бір хадистің әртүрлі мағынада риуаят етілуіне байланысты. Хадистер кейде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі айтқандай, сөзбе-сөз емес, жалпы мағынасы бойынша риуаят етілетіндіктен бір хадис түрлі нұсқада жеткізіледі. Сол себепті де бір мәселені шешу жолында әртүрлі көзқарастар пайда болған.

3. Бір сұраққа қатысты әртүрлі мағынадағы бірнеше хадистердің кездесуі. Мәселен, намазда қолды көтеруге қатысты бірнеше хадистің келуі.          

4. Хазіреті Пайғамбарымыздың.) іс-әрекеті мен сөздерінің әр келкі жорамалдануы. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ахзаб күні сахабаларына: «Намаздарыңды тек Бәну Қурайзаға барып оқыңдар», – деді. Сапар барысында аср намазының уақыты кіргенде, сахабалар арасында пікір қайшылығы туындады. Біреулері: «Аср намазын оқимыз», – десе, біреулері: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бәну Қурайзаға барып оқыңдар дегендіктен, сонда барып бірақ оқимыз», – десті. Ақырында кейбіреулері аср намазын жолда оқып алса, қалғандары айтылған жерге барып оқыды. Кейіннен бұл жәйтті Пайғамбарымызға (с.а.у.) айтқанда олардың ешқайсысын да айыптамады.

5. Имамдардың хадис іліміндегі дәрежелерінің әртүрлі болуы. Мухаддис (хадис ғалымы) болу бір басқа, фақи болу бір басқа. Мухаддис хадистердің дәрежелерін (мысалы, сахих, дағиф, мәшур т.б.) жақсы білгенімен хадистен үкім шығара алмауы мүмкін.

6. Хадис дәрежелерін белгілеудегі тәсілдердің әртүрлі болуы[8].

7. Хадистегі насих (үкімі күшінде болған), мансух (үкімі жойылған) мәселесі. Хадисте айтылған оқиғалардың қайсысының бұрын, қайсысының кейін орын алғанын бір-бірінен ажырату барысында ғалымдар арасында пікір қайшылығы туындап, әртүрлі үкімдердің шығуына ықпал жасады[9].

Ислам кең етек жайып, көптеген өлкелер Ислам мемлекетінің құрамына енуімен сахабалар исламның бесігі атанған Мекке мен Мәдинадан тыс өзге өлкелерге қоныс аударғаны мәлім. Олардың білім деңгейлерінің әртүрлілігіне байланысты және қоныстанған елді мекендеріндегі негізін қалаған мектептер де өзгешеленді. Оның себебі барлық сахабалардың Пайғамбардың (с.а.у.) сөзі мен іс-әрекеттерін естіп көруде немесе дінге қатысты мәселелердің шешімінде білімі мен алғырлық деңгейлері әртүрлі болуынан еді. Өйткені кейбір сахабалар Пайғамбарымызбен (с.а.у.) әрдайым бірге болып, ұзақ уақыт оның (с.а.у.) сұхбатын тыңдаған болса, кейбірі Алла Елшісінің (с.а.у.) жанында аз уақыт қана жүрген. Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзі мен іс-әрекеттерін бір сахабаның білгенін басқа бір сахабаның білмеуі мүмкін немесе бір сахабаның естігенін, кейбір сахабалар естімеген. Сондықтан бір сахабаның орныққан өлкесінде сол сахабаның естіп риуаят еткен хадисі ғана кең таралып, танымал болды. Ал ол жерге келмеген сахабалардың білген хадистері ол өңірде беймәлім күйде қалды. Хадис тарихында уақыт өте орныққан «шамдықтардың хадисі», «ирақтықтардың хадисі» немесе «мысырлықтардың хадисі» деген түсініктің қалыптасуының себебі де осы еді. Мысалы, егер бір хадис Шамға қоныстанған сахаба тарапынан риуаят етіліп, өзге жерлердегі сахабалар ол хадисті риуаят етпеген болса, шамдықтарға ғана танымал болған бұл хадис «шамдықтардың хадисі» деп аталды. Нәтижесінде уақыт өте келе әртүрлі хадистердің түрлі өлкелерге жайылуы шариғат үкімдерінде айырмашылықтарды тудырды. Хадис төңірегінде туындаған осындай ғылыми мәселелердің мәзһабтардың пайда болуына өзіндік әсер еткені жасырын емес.

Хазіреті Әбу Бәкір, Омар ибн әл-Хаттабтың халифалығы тұсында, яғни 632 мен 644 жылдар аралығында сахабалар Мәдинадан өзге аймақтарға тарамаған еді. Сол кезеңде туындаған діни мәселелер ғалым сахабалардың көзқарастарына сүйене отырып шешілетін. Көптеген аймақтар азат етілген соң сахабалар өзге аймақтарға қоныстанады. Ал содан кейін туындаған мәселелерге үкім айту үшін оларға жүгіну немесе әрбірінің пікірін тыңдау мүмкін болмады. Ислам әлемінің орталығы Мәдина болатын. Халифа да сонда тұрды. Құран Кәрім мен хадисте айтылмаған бір мәселеге қатысты Куфа, Басра, Шам немесе Мысырдағы ғалым сахабалардың басын қосу немесе сол мәселеге қатысты көзқарастарын білу халифаға оңайға соқпайтын. Сондықтан ғалым сахабалар өмір сүріп отырған өлкелерінде біріге отырып немесе жеке дара Құран Кәрім мен хадисте орын алмаған мәселелерге қатысты пәтуалар шығара бастады. Нәтижеде сахабалар арасында шыққан үкімдермен байланысты көптеген түрлі көзқарастар пайда болды[10].

[1] Cerrahoğlu İsmail. Tefsir usulü. – Ankara: Türkiye Diyanet Vakfı баспасы, 1997. 115-117-бет.
[2] Şaaban Zekiyuddin. İslam hukuk esasları. түрік тіліне аударған: İ.K. Dönmez, – Ankara, 1996. 369-370-бет.         
[3] Kesler M.F. Kuran-ı Kerimde muhkem ve müteşabih. – İstanbul, 8-13-бет.            
[4] Хрестоматия по Исламу. –М.: Наука, 1994. 112-129-беттер.
[5] Әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд бин Хасан бин Синанеддин. Ишаратул мәрам. 186-189 бет.
[6] Kesler M.F. Kuran-ı Kerimde muhkem ve müteşabih. – İstanbul. 44-бет.
[7] Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. – Алматы: Таңбалы баспасы, 2010, 24-25-бет.
[8] Бұл тақырыпқа қатысты фиқи мәзһабтар бөлімінде 4 мәзабтың әдісі жайында оқи аласыз
[9] Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. – Алматы: Таңбалы баспасы, 2010. 26-27-бет.
[10] Құрманбаев Қайрат. Хадис ілімі (тарихы және әдіснамасы). – Алматы: Нұр-Мүбарак баспасы, 2010. 87-89-бет.

0 пікір