Білімді және білім үйреткен ұстазды құрмет тұту
Білімді және білім үйреткен ұстазды құрмет тұту
2 жыл бұрын 3007

Шәкірт білімді тек ілім және оның иелерін құрметтеумен ғана ала алады және пайдаланады. «Ұстазды құрмет етудің мәні – бұл кісі жеткен жетістігіне тек құрмет етумен ғана жетеді деген сөз. Ал кісінің құлауы құрмет етуді білмеуден». Құрмет ету – сөзсіз бағынудан да жақсы. Байқасаңыз, кісі күнә жасаумен кәпір болмайды. Күнәлі істі жеңіл санаумен және құрмет етпеумен кәпір болады. Ұстазды құрметтеу – білімді құрмет етудің бір түрі. Әли (р.а.) бұл туралы: «Мен өзіме бір әріп үйреткеннің құлымын. Қаласа мені сатып жіберсін. Қаласа басыма бостандық берсін, қаласа құл етіп алсын», – деген екен.

Маңызды ақы – мұғалімнің ақысы, Оны сақтау – мұсылманның хақысы. Бір үйреткен әріп үшін мың дирһам сыйласа да, болмас мұның шатысы.

Шынымен де, сізге дініңізде қажетті бір әріпті үйреткен кісі – діндегі сіздің әкеңіз. Ұстазымыз шейх имам Садидаддин Ширази (р.а.): «Біздің машайыхтарымыз (Алла тағала оларға рақым етсін) кімде-кім баласы ғалым болғанын қаласа, ғәріп фиқһ ғалымдарды қонақ етіп, тамақ берсін, оларды құрметтеп сый-сияпат жасасын. Егер баласы ғалым болмаса, немересі ғалым болады дейтін еді», – дейді. Ұстаздың алдына түсіп алып жүрмеу, орнына отырмау, рұқсатсыз сөз бастамау, рұқсатсыз сөзді көбейтпеу – ол кісіге деген құрмет. Сондай-ақ ұстаз шаршап тұрғанда сауал қоймау, уақытқа мән беру, ұстаз бөлмесінен шыққанша есікті қақпай сабыр ету де сыйластыққа жатады.

Жалпы айтқанда, ұстазының ризашылығын іздеп, ашуынан сақтану, Алла тағалаға күнә болмайтын барлық істерде бұйрығын бұлжытпай орындау құрметтеудің белгілерінен. Жаратқанға күнә болатын істе жаратылғанға (адам баласына) бойұсыну жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жаманы – өзгенің дүниесі үшін өз дінін (жоғалтқаны) кетіретіні», – деген.

Ұстаздың бала-шағасы және ол кісіге жақындығы бар адамдарды да құрмет ету ұстазды құрметтеуге жатады. Біздің ұстазымыз шейхул ислам, Бурһан әдДин (Һидая авторы) (р.а.) айтады: «Бұхараның үлкен имамдарының бірі дәріс беріп отырған еді. Ол ара-кідік дәріс үстінде орнынан түрегеп тұратын. Ол кісінің бұл әрекетінің мәнін сұрағанда: «Менің ұстазымның баласы көшеде балалармен ойнап жүрген. Ол кейде мешіт есігіне келіп қалады. Оны мен көріп қалғанымда ұстазыма құрмет көрсетіп орнымнан тұрамын», – деп жауап берді».

Қази имам Фахраддин Арсабанди Мару қаласы имамдарының басшысы еді. Ол кісіні сұлтан қатты құрмет тұтатын. Ол: «Мен бұл мансапты ұстазымды құрмет етумен таптым», – деп айтушы еді. Сондайақ: «Мен ұстаз қази имам Әбу Язид әд-Дубусиге қызмет ететінмін. Ол кісіге (бір нұсқада отыз жыл) тамақ әзірледім, әзірлеген асымнан бір түйір де жемейтінмін», – деген екен. Шейх ұлық имам шамсул әимма әл Халауани (Алла тағала оған рақым етсін) Бұхарадан шығып, бір жағдайға байланысты бірер күн бір ауылда тұрақтап қалады. Ол кісіні шейх имам қази шамсул әимма Әбу Бәкір әз-Зарнужиден (Алла тағала оған рақым етсін) басқа барлық шәкірттері зиярат етіп келеді. Ұстаз келмеген шәкіртін жолықтырғанда: «Неге менің жағдайымды сұрап келмедің?», – деп сұрады. Ол ұстазына: «Анамның қызметінде болып, қолым босамай жатқан еді», – деп жауап берді. Ұстазы: «Ұзақ өмір сүресің, бірақ дәріс берекесінен мақұрым боласың», – деген екен. Расында, ұстазы айтқандай, ол көп уақытын ауылда өткізіп, дәрісі жүйеленбей қойған екен. Кімдекім ұстазының көңілін қалдырса, білім берекетінен мақұрым болады. Ондай кісі білімнен тек аз ғана пайда алады.

Мұғалім мен дәрігерге расында, Көрсетпесең құрмет, бермес кеңесін. Дәрігерге дөрекілік ашуға барар болсаң, дертке сабыр етесің.

Мұғалімге дөрекілік жасасаң,

Надандыққа көніп мәңгі өтесің, – деп айтылған.

Бір хикаяда былай делінеді: Халифа Һарун Рашид баласын Асмаъиге білім мен әдеп үйрену үшін жіберген екен. Халифа баласының жағдайын білу үшін келсе, ғалым дәрет алып, аяғын жуып отырады. Ал, баласы ұстазының аяғына су құйып тұрады. Сонда халифа ұстаз Асмаъиге: «Мен сізге балама білім берсін, әдеп үйретсін деп жіберген едім. Неге балама бір қолымен су құйып, екінші қолымен аяғыңызды жууды бұйырмадыңыз?!» – деп сынаған екен.

Кітапты қадірлеу де – ұстазды құрметтеудің бір түрі. Білім үйренуші кітапты тек дәретпен қолына алуы қажет.

Шейх шамсул әимма әл-Халауани (Алла тағала оған рақым етсін): «Расында мен білімге құрметпен жеттім. Мен парақ атауын да қолыма тек дәретпен ұстайтынмын», – деген екен. Шейх имам шамсул әимма Сарахси (Алла тағала оған рақым етсін) іші ауырып жүрген. Ол түнде дәріс қайталап, сол түні он жеті рет дәрет алады. Өйткені дәрісті тек дәретпен қайталайтын.

Білім дегеніміз – нұр, дәрет те – нұр. Білімнің нұры дәретпен арта түседі. Білімді құрмет етудің бірі – кітапқа қарай аяқ созбау. Және тәпсір кітабын басқа кітаптардың үстіне қою да білімді құрметтеу болып табылады. Сондай-ақ, кітаптің үстіне (сия сияқты тағы) басқа зат қоймау – білімге деген құрмет. Біздің ұстазымыз шейх Ислам Бурһанаддин (Алла тағала оған рақым етсін) шейхтардың бірінен баяндайды: «Бір фиқһ ғалымы кітап үстіне сиясауыт қояды. Сонда оған парсышалап: «Біліміңнен пайда таба алмайсың», – депті.

Қазихан атымен танымал ұстазымыз қази ұлық имам Фахраддин (Алла оған рақым етсін): «Кітап үстіне бір нәрсе қойғанда кітапты менсінбеу ниеті болмаса, оқасы жоқ. Алайда, мұндайдан сақтанған абзал», – деген екен.

Дәптерге әдемі етіп жазу және әріптерді тым кішірейтпеу, сонымен бірге қағаздың шетінен орын қалдыру да білімді құрметтеуге жатады. Тек қажеттілік туғанда ғана дәптер шетіне жазуға болады. Әбу Ханифа (р.а.) әріптерін майда етіп жазып отырған адамды көргенде: «Жазуың майда болмасын, егер ұзақ өмір сүрсең, бұл әрекетіңе өкінесің, ал дүние салсаң, сөзге қаласың», – деген екен. Имам сөзінің мағынасы: ұзақ өмір сүрсең, қартайып көзің нашарлағанда өзің жазған майда жазуды оқи алмайсың, – дегенді білдіреді.

Шейх имам Маждаддин әс-Сархакиден: «Біз майда жазсақ, өкінеміз, қысқартып жазсақ, өкінеміз және салыстырып жазбасақ, өкінеміз. Яғни, ескерусіз қалдырған жайтқа үнемі қажеттілігіміз болатын. Біз жазылған дүниенің кең әрі жай-жапсары анық болғанын қалаушы едік. Сондай-ақ, салыстырып жазбасақ, қате шығатын», – деген.

Сонымен бірге, кітап (дәптер) төрт бұрышты болуы қажет. Әбу Ханифа (р.а.) кітаптарды төрт бұрышты ететін. Төрт бұрышты кітап қолдануға жеңіл. Сондайақ, жазуда қызыл сия болмағаны дұрыс. Қызыл сия алдыңғы буынның (сәләф) емес, философтардың ісі. Біздің шейхтарымыздың ішінде қызыл аралас сия қолданғанды ұнатпайтындары болған.

Білімді құрметтеудің келесі бір түрі – бірге оқитын жолдастарды құрмет тұту. Жағымпаздық – жаман қылық. Тек білім алу барысында ғана оған рұқсат етіледі. Білім алушы өз ұстазына және білімдес серіктеріне олардың білімдерінен пайдалану үшін жағымпаздық етсе айып емес.

Білім алушы дәріс пен даналық сөздерді құрметпен тыңдауы тиіс. Тіпті, бір мәселені немесе бір сөзді мың рет естісе де артық емес. Кімде-кім бір нәрсеге мың рет естігеннен кейін де алғаш естігендей құрметпен құлақ салмаса, ол білім жолындағы адам қатарынан емес деп айтылған.

Шәкірт білімнің түрін өз бетінше таңдағаны дұрыс емес, бұл істі ұстазына тапсырғаны жөн. Шын мәнінде ұстаздың бұл мәселеде тәжірибесі бар. Ол әрбір шәкіртке не қажет және болмысына ненің лайық екенін жақсырақ біледі. Шейх ұлық имам ұстаз Бурһанаддин: «Білім жолындағы шәкірттер әуелгі замандарда білім алуда өздерін ұстаздарына тапсыратын. Осылайша олар өз мұрат-мақсаттарына жететін. Ал, қазір өздері таңдайды да, білім мен фиқһта мақсаттарына жетпей жүр», – деген екен. Себебі олар өздеріне қайсы білімнің пайдалырақ және қайсы білімнің өз болмыстарына сай келетіндігін білмейді.

Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхари (р.а.) бастапқыда намаз кітабын Мұхаммед ибн Хасаннан (р.а.) үйренеді. Кейіннен ұстазы Мұхаммед хадис ілімі оның табиғатына сай екенін байқаған: «Сен хадис ілімін үйрен», – дейді. Жас Бұхари осыдан кейін сол ілімді үйреніп, хадис танушылардың көшбасшысы болып, алдыңғы қатарға шыққан.

Шәкірт қажет болмаған жағдайда дәріс кезінде ұстазға тым жақын отырмауы керек. Шәкірт пен ұстаз арасы садақ бойындай алшақ болғаны жөн. Міне, бұл әрекет те құрмет белгілерінен.

Шәкірт жағымсыз мінездерден аулақ болуы шарт. Өйткені жағымсыз қылықтар «ит» секілді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Періштелер ит немесе сурет бар үйге кірмейді», – деген. Расында, адам білімді періштелер арқылы үйренеді. Жағымсыз мінездерді ахлақ кітаптарынан үйреніп, тануға болады. Ал, бұл кітабымыз оған арналмаған.

Сондай-ақ, шәкірт, әсіресе, тәкаппарлықтан сақтануы керек. Тәкаппарлықпен басқа білім қонбайды.

Мына өлең жолдарында:

Білім деген тәкаппар жігітке қас дұшпан,
Сел суы мен биік жердей қастасқан, – делінген.

Және де:

Ілім бақытпен болады,
әрбір әрекет етушінің әрекетімен емес.
Бірақ әрекет етушінің әрекетінсіз,
Бақыт қайдан болсын?!
Құлдар бар қаншама қожа орнына тұрған,
Қаншама қожа бар құл орнына құлдыраған[1].


 Бұрһануддин Зәрнужи: «Тәлімгер тағылымы» атты кітаптан. Астана-2011 ж.
Қазақшалаған: Заңқоев Қалижан Байырбекұлы.
0 пікір