Әзіреті Омар Пайғамбарымызды (с.а.у.) көргенде неге жылады?
Әзіреті Омар Пайғамбарымызды (с.а.у.) көргенде неге жылады?
4 жыл бұрын 6935

Күндердің бірінде арада түсініспеушіліктер туындап Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұбайларына ренжиді де, олардың үйлеріне бір ай кірмеуге серт берді. Халық арасында "Пайғамбарымыз жұбайларының басын босатты" деген күңку сөздер тарай бастады. Мұны естіген Әзіреті Омар (р.а.) анық-қанығын білу үшін, алдымен Әзіреті Айша анамызға барып, Алла елшісін (с.а.у.) ренжіткендері дұрыс болмағанын айтады. Одан шығып, өзінің қызы әрі Пайғамбарымыздың жұбайы Хафса анамызға барады. Оған да Пайғамбарды ренжіткендерінің дұрыс болмағандығын айтып, қызына ұрысады. Хафса анамыз әкесінің насихат сөздеріне шыдай алмай өкініп жылайды. Әзіреті Омар Пайғамбарымыздың қайда екендігін сұрағанда, Хафса анамыз Оның (с.а.у.) отырған оңаша бір бөлмелік панасын көрсетеді (биіктеу орналасқан, асхана тәріздес, ішім-жем сақталатын бір бөлме). Барса, бөлмесінің сыртында Рабах есімді қызметші жігіт отыр екен. Кіруге рұқсат сұрады. Алғашында Алла елшісі ыңғай танытпайды. Үшінші мәрте кіруге рұқсат сұрағанда Пайғамбарымыз ишара жасап, кіруге рұқсат берді.

Кірсе Алла елшісі (с.а.у.) құрманың бұтақтарынан тоқылған төсеніште жатыр екен. Денесінің белден жоғарғы жағында киім жоқ, белден төменгі жағына изар киген. Әзіреті Омарды көргенен кейін басын көтеріп изарын жоғарырек тартады. Әрі қарай Әзіреті Омар былай әңгімелейді:

"Астындағы шиден тоқылған төсеніш Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбарак денесіне батып, бір жағына шидің ізі қалып қойыпты. Жанына отырып, Алла елшісінің бөлмесіне көз жүгіртіп қарадым. Бөлмесінде бір саъ мөлшеріндей ғана бір уыс тары бар екен (2-3 кг). Бөлменің бір шетінде «Құраз» ағашының бұтағы тұр.  Илеуі толық бітпеген бір тері ілініп тұр. Пайғамбарымыздың жағдайын көріп, көңілім босап, көзімнен жас ақты.

Көзімдегі жасты көрген Алла елшісі (с.а.у.) менен:

-Уа, Хаттаб ұлы! Сені жылатқан не нәрсе? – деп сұрады.

Мен:

-Уа, Расулалла, жыламай қайтейін. Мына ши төсеніш денеңізге батып кетіпті. Бөлмеңіздің жайы мынау. Ішінде көріп тұрғандардан басқа еш нәрсе жоқ. Рим патшасы Цезарь мен парсы патшасы Кисра анау  – (астарынан) өзендер ағып, жеміс-жидектер жеп, шалқуда. Сіз болсаңыз – Алланың пайғамбары, әрі оның таңдаулы пендесі бола тұра, тұрып жатқан бөлмеңіздің халі көңіл қоңшытарлық емес, – дедім.

Сонда Алла елшісі (с.а.у.) маған:

- Уа, Хаттаб ұлы! Ақырет бізге, ал дүние оларға қалуына разы емессің бе? – деді" дейді Әзіреті Омар (яғни, бізге ақырет жетеді, дүние соларға-ақ бола берсін).

Одан соң, Әзіреті Омар халық арасында тарап жатқан әңгіменің жай-жапсарларынан хабардар етеді. Бірақ, Оның (с.а.у.) өз әйелдеріне талақ бермегенін білгеннен кейін Әзіреті Омар ол жайында халыққа жариялауға рұқсат сұрайды. Пайғамбар рұқсат бергеннен соң Әзіреті Омар мешіттің кіре берісінде тұрып: "Пайғамбар өз жұбайларына талақ бермеді" деп айқайлап, жұртты құлағдар етеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) серт еткен бір айлық күні де аяқталып қалған болатын[1].

[1] «Сахих Мүслім». Хадис ықшамдап алынды.

Абдусамат Қасым

 

0 пікір