1. Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі
Ифтитах – бастау, жабық нәрсені ашу, ену деген мағынаға саяды. Әрі «тахрим тәкбірі» деп те аталады. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Түрегеп тұра алмаған кісі отырып тәкбір айта алады. Имамның жамағат естуі үшін тәкбірді жариялап айтуы – мұстахап. Бұл жайлы аят: «Раббыңды ұлықта»158. Хадис: «Намаздың кілті – тазалық, тахримасы – тәкбір»159. Басқа бір хадисте: «Дәретті толық алып, содан кейін құбылаға қарап, «Аллаһу әкбар» демейінше, Аллаһ ол пенденің намазын қабыл етпейді»160– делінген.
Тәкбір ниеттен кейін алынып, имамның тәкбірінен кейін алынуы қажет-дүр.
2. Қиям (түрегеп тұру)
Қиям –тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр рәкатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру. Құранда Аллаһ: «Аллаһқа бағынып,түрегеп тік тұрыңдар», – дейді161. Бірақ аяқта тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқуына болады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «(Намазды) түрегеп тік тұрып оқы. Егер оған күшің жетпесе, отырып оқы. Оған да күшің жетпесе, сүйеніп оқы» 162.
Ифтитах тәкбірін алатындай күші жеткен адам тік тұрып, тәкбір алып, одан әрі отырып оқуына болады. Қысқасы, науқас адам түрегеп тұруға күші жетпесе отырып, отыра алмаса сүйеніп, болмаса жатып ишаратпен намаз оқи алады.
Нәпіл намаздарды тұрып оқуға күші жете тұра отырып оқуға болады. Бірақ, тұрып оқуға күші жетіп жатса, әрине тұрып оқығаны абзал.
Бұл жерде Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) отырып намаз оқуынан мысал бере кетейік: Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір күні Аллаһ Елшісінің жанына бардым. Барсам, намазын отырып оқып жатыр екен. Намазды бітірген соң:
– Пайғамбарым! Сырқаттанып қалдыңыз ба? – деп сұрадым.
– Жоқ, аштық! Әбу Һурайра, – деді.
Мен шыдай алмай, жылап жібердім. Менің жылағанымды көріп:
– «Жылама, Әбу Һурайра! Бұл дүниеде аштық азабын тартқан, арғы жақта Аллаһтың азабын тартпайды»,163 – деп жұбатты.
3. Қырағат
Қырағат – оқу деген сөз. Бұл жерде «Құран оқу» мағынасын білдіреді. Намазда оқылатын аяттың ең қысқасы Әбу Ханифа бойынша үш аят немесе осы үш аяттың көлеміндей бір яки екі аят. Қырағаттың парыз болуы. Аят: «Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар»164. Хадис: «Қырағатсыз намаз жоқ»165. Екі мейлі төрт рәкат намаз болсын, оның тек екі рәкатында қырағат – парыз. Бірақ сол қырағатты алғашқы екі рәкатында оқу – уәжіп. Нәпіл мен үтір намаздарына келсек, олардың барлық рәкаттарында қырағат –парыз. «Фатиха» сүресін оқу уәжіп. Сондықтан «Фатиха» оқылмаса, намаз «тахрим мәкрүһ»* ретінде дұрыс. Намазда «Фатиханы» оқуды ұмытқан жағдайда қателік (сәһу) сәждесін жасау керек. Намаздың негізгі тіректерін құраған қиям, рүкүғ сәжде секілді парыздарға қарағанда, қырағат – намаздың артық парызы. Сондықтан қиям, рүкүғ сәжде және соңғы отырыс мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз оқығанда тәрк етілмейді де, қырағат имамға ұйыған адамға міндеттелмейді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Имам – оған ұю үшін тағайындалып қойылған. Имам тәкбір айтқанда, сендер де айтыңдар, Құран оқыған уақытта, үнсіз болыңдар»,166– дейді.
Имам Әбу Юсуп пен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, қырағаттың тек арабша мәтіні болу керек. Құранды басқа бір тілге аударып оқу – дұрыс емес. Әбу Ханифа Құранды басқа бір тілге аударып оқуға болады деп иштиһад етсе де, кейіннен бұл көзқарасынан қайтқан.
Қырағатты намазда іштен оқыса, қырағат саналмайды. Сол себепті, оны адамның өзі еститіндей немесе тілі әріптерді ақырын шығарып қимылдау керек. Бірақ жанындағылар еститіндей оқып, олардың көңілін бұзбау қажет167.
Намаз, азан сияқты ғибадаттар тек қана араб тілінде орындалады.
Әр ұлт өз тілінде орындаса жеңіл болмас па еді?
Намазда мұсылмандардың Құран Кәрімнен сүрелер оқуға міндеттілігі бәрімізге белгілі. Мұсылмандардың өз тілдеріне, жергілікті жеріне қарамастан сонау Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар заманынан бұлжымай, заңдасқан бұл қағида келешекте де дәл осылай жалғаса бере ме?
Ең алғашында кез-келген адам үшін ана тілінде құлшылығын орындау – әрі жеңіл, әрі орынды көрінері рас. Алайда, мәселені егжей-тегжейлі қарастырар болсақ, кең көлемді түсінікке қол жеткізеріміз анық.
Ең алдымен тілек-дұға мен намаздың ара жігін ажыратып алған жөн. Намаздан тыс жасалатын тілектер мен дұғаларда мұсылман кісіге ішкі тілегі мен мұң-мұқтажын қай тілде айтып жеткізем десе де, бұған тыйым салынбаған.
Өйткені, бұл Жаратушы мен құл арасындағы жеке мәселеге қатысты. Ал намаз болса, ол жалпыға, жамағатқа тән құлшылық болғандықтан, намазға қосылатын басқа да мұсылмандардың қажет тілектерімен санасу керек. Негізінен намаз жамағатпен оқылуға тиіс. Бірақ жалғыз оқуға да рұқсат етілген.
Егер Ислам діні қандай да бір белгілі бір аймақтың яки белгілі бір ұлттың діні болса, онда ешқандай күмәнсіз сол аймақтағы сол ұлттың ғана тілі қолданылар еді. Алайда, төрткүл дүниеге тараған, бір-бірін түсінбейтін қаншама ұлт өкілдеріне ортақ діннің өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері болмақ.
Айталық, қытайша білмейтін қазақ Қытайға барса, көшеден шыққан қытайша дауыстар естісе де оны түсіне алмай, соның кесірінен азанның оқылғанынан бейхабар жұма намазын қазаға ұшыратып алуы мүмкін. (Қытайдағы мешіттер мұнараларымен ерекшеленбейді). Сондай-ақ, Қазақстанға келген басқа ұлттар да мұсылмандардың өз тілінде орындап жатқан ғибадаттарынан ештеңе ұқпасы анық. Олай болса, мұндай жалпы әлемдік діннің өзіндік ортақ жақтары, ортақ тұстары болу заңды. Бұл тұста азан мен қырағаттың орны ерекше екені кімге де болса мәлім.
Бұндай жайттарды күнделікті өмірде де кездестіруге болады. Айталық, Біріккен Ұлттар Ұйымында да әрбір мүше мемлекет өзара белгіленген ортақ тілде ғана сөйлеседі. Ондайда әрбір мемлекеттің жеке бас пайдасы көзделмейді.
Мәселенің тағы бір жағы, қандай да бір аударманың ешқашандай түпнұсқаны толық қамти алмайтындығында.[1] Құран аяттарының әрбір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Аудармада тек біреуі ғана беріледі. Тіпті кейде аятта қолданылған әрбір әріптің де өзіндік бірнеше мағынасы болады. Аудармада осы әріптердің өзіндік мағынасы мүлдем ескерілмей қалуы мүмкін. Яки біреуі ғана ескеріледі. Құранда белгілі бір мағынаны білдіретін бірнеше синоним сөздердің ішінен сөздің дыбысталу жағынан да, мағынаны қамту жағынан да ең қолайлысы таңдалған. Сондықтан кейбір сөздің «сөздік мағынасынан» тыс дыбысталуының өзі баяндалайын деп тұрған жағдайды білдіріп жатады. Ал мұны аудармада беру мүлдем мүмкін емес.
Ең бастысы, Құран сөздерінің оқыған адамды жалықтырмауында. Мысалы, аударманы бірнеше рет оқыған адамның жалығары сөзсіз. Ал Құран сүрелерін оқығанда адам түсінбесе де ерекше рухани ләззат алады. Өйткені, Аллаһ Тағала Құран сөздеріне осындай ерекшелік берген. Міне, сондықтан «Фатиха» сүресін күнделікті әр намазымыздың барлық рәкаттарында оқысақ та жалықпаймыз. Бұған қоса, Құранның өзіне ғана тән әуені мен әуезі оқыған адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып ерекше әсер етуі тағы бар.
Оқылған Құранның әрбір сөзіне, тіпті әрбір әрпіне сауап жазылатындығы көптеген хадистерде білдірілген. Ал кез-келген аударма Құранның дәл өзі болмағандықтан, оның әрбір әрпіне сауап жазылу ерекшелігі де жоғалады.
Тағы бір баса айта кететін жайт, ол – намазда қолданылатын сөздердің көп емес, аз екендігі. Алдымен азан мен қамат, артынша «Аллаһу әкбар», «Субхана раббиял-'азим», «Субхана раббиял-а'ләә» секілді қысқа қайырымдармен қоса «Фатиха» сүресі мен бір-екі қосымша шағын сүрелер. Барлығын қосса бір беттен де аспайды. Бұлардағы сөздердің көбі мағыналары оңай жатталатын, мұсылмандардың көбіне ортақ қолданылатын сөздер. Намазға жаңа жығылған жас бала да бұлардың мағыналарын бір үйреніп алса өмірі ұмытпасы анық.
Бұл дүниелік болмашы тірліктер үшін үлкен-үлкен сөздіктер жаттап, шет тілін үйренетіндер мәңгілік үшін Аллаһ Тағаланың сөздерінен бір бетті жаттауда: «Ғибадат-құлшылықтарымызға Аллаһ Тағала емес, керісінше біз зәруміз» деген шүбәсіз шындықты есте ұстаған абзал.[2]
4. Рүкүғ
Рүкүғ – иілу деген сөз. Намаздың негізгі тіректерінен болған рүкүғ қолдарды тізеге қойып, төмен қарай иілу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жасаған ең жақсы рүкүғ – арқа мен бастың түп-түзу иілуі. Бұл – нағыз рүкүғ. Егер рүкүғ қиямға жақын шықса, дұрыс емес. Рүкүғтің парыз болуы: «Ей, иман етушілер! Рүкүғ етіңдер»168. Әбу Хумайд атты бір сахаба: «Аллаһ Елшісінің рүкүғ еткен кезде қолдарын тізелерінің үстіне қойғанын көрдім. Арқасын да түзу ұстаған еді», – деп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рүкүғін сипаттаған169. Рүкүғте бір сәт тұру, яғни «СубханАллаһи-а'зим» деп айтатындай уақыт тұру және қайта қиямға барып түзеліп, бір сәт тұрып, сәждеге бару – уәжіп. Бұлай істеуге тағдилул-әркан делінеді.
Имамға рүкүғте үлгерген адам түрегеп тұрып тәкбір алып, одан кейін рүкүғке бару керек. Бұл тәкбірді рүкүғке жақын алса, намазы бұзылады. Тәкбір алып, имамға рүкүғте үлгерген адам, сол рәкатты имаммен бірге оқыған саналады. Бірақ имам рүкүғте болған уақытта тәкбір алып, имам рүкүғтен тұрған уақытта, рүкүғке барған адам, ол рәкатқа үлгерген болып саналмайды. Артынан сол үлгере алмаған рәкатты имам сәлем бергеннен кейін түрегеліп жалғыз өзі оқиды. Имамға ұйыған адам имамнан бұрын рүкүғке барып, және имамнан бұрын рүкүғтен басын көтерсе, бұл рүкүғ жеткілікті емес. Осылай имамнан бұрын рүкүғке барған адам, имам рүкүғтен тұрмай тұрып, рүкүғті қайтадан жасамаса, намазы бұзылады.
Имамның рүкүғіне үлгерген адам екі тәкбір алуға мұқтаж емес. Қиямда тұрып, «Аллаһу әкбар» деп, намазға кіріп дереу рүкүғке сол тәкбірмен барады. Бұл – бір тәкбірмен әрі ифтитахты әрі рүкүғ тәкбірін жасау деген сөз170. Рүкүғте оқылатын тасбих: سُبْحانَرَبِّيَالعَظِيم}{ «Субхана раббиял-'азим» (Аса үлкен Раббым күллі кемістік атаулыдан пәк).
5. Сәжде
Сәжде сөздікте – бағыну, мойынсұну, кішіпейілдікпен иілу, жүзін жерге тигізу деген мағыналарға келеді. Сәжде – намаздың парызы. Сәждеде маңдай, жүз, екі аяқ пен екі қол, екі тізе жерге немесе жермен жалғасқан бір нәрсеге қойылады. Сәжде әрбір рәкатта – екі рет жасалады. Құранда оның парыз болуы туралы: «Ей, иман еткендер! Рүкүғ пен сәжде жасаңдар»171 – делінеді. Нағыз сәжде – жеті мүшемен жасалған сәжде. Жүз, екі қол, екі тізе және екі аяқ. Аллаһ Елшісі былай дейді: «Мен жеті сүйекпен сәжде етуге әмір етілдім. Бұлар: маңдай (қолымен мұрнына ишарат жасады), екі қол, екі тізе және екі аяқ»172.
Сәждеде маңдай жерге қойылып, мұрын қойылмаса да, дұрыс деп есептеледі. Мұндай сәжде себепсіз болса, мәкрүһ. Имам Ағзам бойынша, ешқандай себепсіз маңдай жерге тимей тек қана мұрын тисе де, ол сәжде дұрыс деп саналады. Екі имам бойынша, маңдай себепсіз тимесе, сәжде дұрыс болмайды. Егер маңдай мен мұрында сәждеге кедергі жасайтын себеп шықса, сәжде ишарат, белгімен жасалады. Сәждеде екі қол мен тізені толықтай жерге тигізу – сүннет. Бірақ екі аяқтың немесе бір аяқтың саусақтары жерге тимесе, сәжде дұрыс емес. Бұл – парыз. Бір аяқтың бір саусағын ғана жерге қою немесе аяқтың үстін ғана жерге тигізу жеткіліксіз. Сол секілді сәжде етілетін жер аяқ қойылған жерден он екі саусақтай өлшемнен биік тұрса (шамамен 23 см), сәжде саналмайды. Бірақ одан төмен дұрыс. Бір мешітте адамның көптігінен немесе бір себептермен адамдар бір-бірінің арқасына сәжде ете алады. Хазіреті Омардың: «Тар жерде адамдар бір-бірінің арқасына сәжде етсін»173 – деген сөзі бар.
Бір адамның киімінің таза жерге түскен артығының үстіне сәжде ете алады. Бірақ сәждеде қаттылық сезілу қажет. Сондықтан мақта, қар, т.б. қаттылығы сезілмейтін жұмсақ нәрсенің үстіне сәжде етілмейді. Сол сияқты күннің ыстығы мен суығы секілді себептерге байланысты таза жерге қойылған екі қолдың үстіне сәжде жасауға болады. Мұндай жағдайда сәлде немесе киімінің артығына да сәжде жасай алады.
Рүкүғ пен сәждеде, рүкүғ пен сәжде дұғаларын бір рет оқитындай уақыт тұру жеткілікті. Бұл жерде үш рет тәсбих оқитындай уақыт тұру парыз емес. Бірақ рүкүғ пен сәждеде сүннет бойынша, ең аз дегенде үш рет тәсбих оқу керек. Намазды жеке оқыған адам, одан да көп тәсбих оқуына болады. Сәждеде оқылатын тәсбих:
}سُبْحان رَبِّيَ الاَعْلَى{ «Субхана раббиял-а'лаа» (Аса ұлы Раббым күллі кемістік атаулыдан пәк). Әрбір рәкатта екі рет сәжде жасалады. Бұлардың бірі орындалмаса, намаз бұзылады. Ұмытып, жаңылысып тәрк етіп, бірақ кейіннен есіне түссе, сәлемнен кейін есіне түссе де, намазға қайшы әрекет жасалмаса, дереу сәждеге барып, соңғы отырыс қайталанып, қателік (сәһу) сәждесі жасалады174.
Сәжде аса маңызды. Аллаһ Елшісі былай дейді: «Құлдың Раббысына ең жақын кезі – сәждеге бас қойған сәті. Сәждеде көп дұға етіңдер»175.
6. Ақырғы отырыс
Намаздың соңында «тәшәһһүд» шамасындай отыру – намаздың тіректерінің бірі, яғни парыз. Тәшәһһүд шамасы деген – «әт-тахият» дұғасын оқитындай уақыт. Қанша рәкат намаз болсын ең соңындағы рәкаттан кейінгі отырыс – ақырғы отырыс деп аталады. Аллаһ Елшісінен бізге жеткен «әт-тахият» дұғасы:
{أَتَّحِيَّاتُ لِلَّهِ و الصَّلَوَاتُ و الطَّيِّبَاتُ ألسَّلاَمُ عَلَيْكَ أَيُّهَا النَّبِيُّ وَ رَحْمَةُ اللهِ وَ بَرَكَاتُهُ ألسَّلاَمُ عَلَيْنا وَ عَلَى عِبَادِ اللهِ الصَالِحِينَ أشْهَدُ اَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللهُ وَ أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَ رَسُولُهُ}
«Әт-тахияту лиллаһи уас-салауату уа-таййбату, әс-сәләәму 'аләйка әйюһән-нәбию уә рахмәтуллаһи уә бәрәкатуһ, әс-сәләәму 'аләйна уә 'ала 'ибәдиллаһис-саалихиин, әшһаду әл-ләә иләһә ил-лАллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән 'абдуһу уә расуулуһ».
Мағынасы: «Барлық дұғалар, мадақтар, тәндік, дүниелік ғибадаттар Аллаһқа лайық. Ей, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Аллаһтың рақымы мен берекеті жаусын! (Ей, Раббымыз!) Сәлем бізге және Аллаһтың салихалы құлдарына болсын. Мен Аллаһтан өзге ешқандай құдай жоқ екеніне және Хазіреті Мұхаммедтің Аллаһтың құлы мен пайғамбары екеніне куәлік етемін»176.
Ақырғы отырыста тәшәһһүд шамасындай отырудың парыздығы мына хадиске сүйенеді: «Аллаһ Елшісі ибн Масғудқа тәшәһһүдті үйреткен кезде былай деді: осыны айтқан немесе жасаған кезде намазың аяқталады»177. Яғни, тәшәһһүдті оқыған немесе оқитындай мезгіл отырған уақытта намазың аяқталады. Бұл жерде Аллаһ Елшісі намаздың аяқталуын бір қимылмен байланыстырған. Ол – отыру ісі. Міне, Аллаһ Елшісі әт-тахиятты отырған кезде ғана оқыған. Сондықтан намаздың аяқталуы отыруға байланысты.
Тағдил әркан
Тағдил әркан – рүкүндерді дұрыстап, орнымен жасау. Бұл – намазда, рүкүғте тұрған уақытта, сәждеде, екі сәжде арасындағы отырысқа мән беріп, сол жерлерде аздап кідіру. Бұл кідіру – кем дегенде бір рет «Субханалллаһи азим» дейтіндей мезгіл. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазын апыл-ғұпыл оқыған біреуге былай дейді: «Намазға тұрған уақытыңда тәкбір айт. Содан кейін Құран аяттарының жеңіл келген бір бөлігін оқы. Содан кейін көңіл толатындай рүкүғ жаса, содан кейін көңіл толатындай етіп сәжде ет. Дәл осылай намазың біткенше жаса»178.
Тағдил әркан – Имам Юсуп пен Шафиғи, Малики және Ханбәли мәзһабтары бойынша, намаздың бір парызы. Бірақ Имам Ағзам мен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша – уәжіп. Сондықтан Имам Ағзам мен Мұхаммедтің көзқарасына қарай, намазда тағдил әркан жасамаған адам қателік (сәһу) сәждесін істеуі қажет. Аллаһ Елшісі бір хадисте былай дейді: «Намаздарыңда ұрлық жасаған кісі – ұрының ұрысы». Осы кезде сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Адам намазда қалай ұрлық жасайды?», – деді. Сонда ол: «Рүкүғ пен сәжделерін толық жасамау мен рүкүғ пен сәжделерде белін жақсылап тураламау арқылы»,179 – деді.
158 Мүдәссір, 74/3.
159 Тирмизи, Мауақит, 62.
160 Әбу Дәәуд, Салат, 144.
161 Бақара, 2/138.
162 Бухари, Таксир, 19.
163 Кәнзу,л-Уммал, 7/199.
164 Мүзәмміл, 73/20.
165 Муслим, Салат, 42.
* Харамға жақын мәкрүһ.
166 Бухари, Таксир, 19; Әбу Дәәуд, Салат, 68, 175.
167 ДИА, 144.
[1] Мустафа Зарқа, Фәтәәуа, 106-бет. «Дарул-қалам» баспасы, Димашқ. 2001 ж.
[2] М.Хамидуллаһ. Құран Кәрім тарихы.
168 Хаж, 22/77.
169 Бухари, Азан, 120.145.
170 Дөндерен, 245.
171 Хаж, 22/77.
172 Бухари, Азан, 133-134; Муслим, Салат, 226-227.
173 Ханбәл, I, 32.
174 Білмен, 125.
175 Муслим, Салат, 215.
176 Бухари, Азан, 148, Муслим, Салат, 56-60.
177 Әбу Дәәуд, Салат, 178.
178 Бухари, Азан, 95.
179 Ханбәл.