Бесін уақыты – күннің көктің ең жоғары тұсынан батысқа қарай ауа бастағанда басталып, барлық нәрсенің көлеңкесінің өзінен бір есе ұзаруына дейін жалғасады. Бесіннің осы уақыты – алғашқы асыр (намаздыгер) деп аталады. Бұл – Әбу Юсуп, Имам Мұхаммед, Шафиғи, Малик және Ханбәлдің көзқарастары. Әбу Ханифа бойынша, бесіннің уақыты барлық нәрсенің көлеңкесі, екі есе ұзарғанға дейін жалғасады. Осы кезде бесін намазы шығып, асыр (намаздыгер) уақыты кіреді. Бұны – екінші асыр деп атайды.
Фақиһтердің көпшілігінің дәлелі мына хадис: Жебірейіл (а.с.) Хазіреті Пайғамбарға намаздың уақытын үйреткен кезде, екінші күні барлық дененің көлеңкесі бір есе болғанға дейін намазын оқыған125. Әбу Ханифаның дәлелі болса, Хазіреті Пайғамбардың мына хадисі: «Бесін намазын салқын түскен сәтте оқыңдар. Өйткені, бесін уақытындағы ыстықтың дәрежесі, жаһаннамның ыстығын еске түсіреді»126. Араб түбегінде қатты ыстық болған уақыт – барлық нәрсенің көлеңкесі бір есе болған кезде. Сол себепті, бесінді жаздың салқын уақытында оқу – мұстахап.
Бесін намазы уақытының бастауына байланысты барлық мүштәһиттердің сүйенген дәлелі мына аят: «Күн батысқа ауғаннан, түн қараңғылығына дейін намаз оқы»127. Бесін намазының соңғы уақыты жайлы екі түрлі көзқарастан құтылу үшін бесін намазын алғашқы асырдан бұрын оқу, ал асыр (намаздыгер) намазын – екінші асыр болғанша оқымаған абзал.