Ғұмырын осы уақытқа дейін
босқа өткізіп, жүрегі ақиқат шуағына
кейінен ғана оянған бір пенденің
Хақ алдындағы тәубасы.
Уа, Жаратушы Жаппар Ием – Хақ Тағала!
Құлың саған келді бас иіп, тәуба тілеп. Медет тілері бар ма оның Сенен басқа? Құлың адамдық тізгінін нәпсінің қолына ұстатып, әр бұрышта тұзақ құрып, айла ойлаған ібілістің құрығына шалынды. Дүниенің жылтырына алданып, пендешіліктің батпағына малынды. Енді міне, күнәларын арқалаған бойы бір қызарып, бір сазара ұялған күйі Саған келді. Өйткені Сен – мейірімділердің ең мейірімдісі, рақымдылардың ең рақымдысы, кешірімділердің кешірімдісісің.
Рахман Ием! Құлың қанша күнәға батса да, «бір күні келіп, Сенің ұлылығыңның алдында бас иемін» - деген көкірегіндегі үмітін жоғалтпады. Өйткені ол күнәсінің қанша үлкен екенін білсе де, Сенің кешіріміңнің одан да үлкен, шексіз екеніне бек сенді.
Алла Тағалам! «Раббым − тек Сенсің» дедім, сөйте тұра нәпсіме, дүниеге құлдық ұрдым.
Жаратушы Ием! Ақырет дедім, сөйте тұра дүниені таңдадым. Мәңгілік дедім, сөйте тұра пәниді артық көрдім.
Жаппар Ием! Сенің: «Уа, құлдарым, шайтан сендердің ашық дұшпандарың» деген рақымға толы ескертулеріңе құлақ аспай, Ібіліспен қоян-қолтық дос болдық, жо-жоқ, дос қана емес, тіпті, ажырамас сырлас болдық. Тіпті, кей тұста шайтан бізді емес, біз шайтанның өзін азғырдық.
Раббым! Мен Сені басыма бір қиыншылық түскен сәтте немесе ауру-сырқауға ұшырап, тығырыққа тірелген мезетте ғана іздедім. Сол кезде ғана Саған деген мұқтаждығымды мойындап, құдіретіңе бас идім. «Раббым, егер осыдан бір құтқарсаң, Сенің адал жолыңда жүрер едім», - деп Өзіңе сан рет уәде бердім. Сөйтіп, қиыншылықтан құтылған сәтте, Сені еске алмастан баяғы әдетімше кердеңдеп кете бардым.
Жаратқан Ием! Сен маған рақым етіп, ырыс-берекеңді төккен сайын, Өзіңе қарыздар екенімді сезініп, маңдайымды сәждеге қоюдың орнына, тайраңдаған сайын тайраңдай түстім. Сенен алыстаған сайын алыстап, күнәға белшеден баттым. Істеген әр күнәма өзімізше ақтау айтып, мың түрлі сылтау іздедім. Жүрегімнің қарайып, күнәға етімінің үйренгені соншалық ауыр күнәлардың өзін елемейтін болдық.
Күллі ғаламды мейіріміңмен тербеткен Рахман Раббым! Сен не деген кешірімді, не деген мейірімдісің? Мен қанша күнә істеп, жүрегім қарайып, қараңғылыққа құлдиласам да Сен мені дереу жазалап, тас төбеме азабыңды жаудырмай, тәубе етуім үшін ғұмыр сыйлап, адам болуым үшін мұрсат бердің.
Уа, Алла Тағалам! Ертең Сенің алдыңа барғанда: «Құлым! Мен үшін не істедің?» деген сұрағыңа не деп жауап беремін? Дүниедегі қай амалымды бір ғана Сенің разылығың үшін істедім дей аламын? Қу құлқынның қамын күйттеген істерімді ме? Әлде сол бір құлқынның қамы үшін айналамдағыларға жасаған қулық-айла, ұрыс-жанжалымды ма? Жоқ әлде мына бес күндік дүние үшін құраған қилы-қилы жоспарларымды ма?
Раббым! Сенің алдыңда бір-бірлеп тұрып есепке тартылар Махшар күні менің жағдайым не болмақ? Ол күні жан біткеннің жүрегі дүрсілдеп, ақ тер, көк терге түсіп, ана баладан, бала әкеден қашып, күйеуі әйелінен безіп, әркім тек өзінің қара басының қамын жеп, қиналған сол күні менің жағдайым нешік?
Сенің: «Ей, құлым! Менің саған берген болаттай жастық шағыңды, темірдей денсаулығыңды, көл-көсір уақытыңды, мал-мүлкіңді қайда, кімнің жолында, не үшін жұмсадың», – деген сұрағыңа не деп жауап беремін?
Ешкімге пайдасы жоқ бос сөздер мен мағынасыз ойын-сауыққа, күнәға толы жастық шағымды қалайша, қалай ғана «Алла Тағалам! Сенің жолыңда, адамзаттың игілігі үшін», – дей алам?! Түкке тұрмайтын бос нәрселер үшін өзгелермен бәсекелесіп, ысырап етуден асып-артылмаған мал-мүлкімді қалайша, қалай ғана «Раббым! тек сенің жолыңда, кедей-кепшік, жетім-жесірдің қамы үшін?», - деп Сені де, өзгені де алдай алам? Атақ-абырой, мансап үшін атқарған қызметімді қалай ғана «Алла Тағалам, тек сенің ризалығың мен халқымның жақсылығы үшін», - дей алам?!
Қызығын көретініме көзім нақты жетпесе де пәни дүниенің қамы үшін жанымды алып-салып күндіз-түні тер төктім. Сөйте тұра сөзсіз келіп жететін өлім үшін, аузын ашып күтіп тұрған қараңғы қабір үшін, сұрағы ауыр есеп күні үшін, жалпы мәңгілік ғұмыр үшін Өзің тегін берген ағыл-тегіл жиырма төрт сағаттың ең болмаса бір-екі сағатын да қимадым-ау. Ақыретте құлдың ең бірінші сұралатын нәрсесі «намазы» демекші, осы уақытқа дейін ананы сылтауратып, мынаны сылтауратып, дүниені көлденең тартып, қаза еткен сансыз намаздарымның есебін қалай беріп, сұрағынан қалай құтыламын?
Жаратушы Раббым! Мен қанша күнәһар болсам да сенің шексіз кешірім-мейіріміңнен үміткермін. Есеп күні: «Құлым! Сені де кештім» деген рақымға толы ілтипатыңа ынтызармын. Өйткені Сен – рақымдылардың рақымдысы – бүкіл әлемдердің Раббысысың. Өйткені Сен Құрандағы: «Ей, (көп күнә істеп) өздеріне жаманшылық жасауда шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Алла барлық күнәларды кешіреді. Өйткені Ол – өте кешірімді және рақымды», деп үміт шашқан қасиетті сөздің Иесісің.
Уа, Алланың мен секілді ертеңінен бейғам құлдары!
Өлімнен кім қашып құтылған? Пәнилікке бас имеген, сірә, біреу бар ма? Қайда кешегі сән-салтанатымен саят құрып, зәулім-зәулім сарайларда ғұмыр кешкен аты әйгілі заңғар тұлғалар? Қайда кешегі біздің көз алдымызда жүрген ақсақалды қариялар мен бетін әжім басқан ақ жаулықты әжелер? Олардан қане, кім қалды? Кім? Кешегі олардың орнын бүгінгі біздер басатынымызды ұмытпайық!
Жастығыңның тұла бойыңды жасындай шарпып, сарқылмастай көрінген күш-қуатын «мәңгілік» деп алданба! Жалғанның жарын жағалап жүріп, күндердің бір күнінде аңдаусыз ажалдың құрығына іліккен сәтте ғана қу түлкідей құбылған сұм дүниеге алданғаныңды аңғарып: «Қап, әттеген-ай, жарығы сөнбестей көрінген жалған дүние жалт бұрылып мені де қапыда қалдырды-ау» деп аһылапүһілеп өкінгеннен не шара?!
Алла Тағалам! Мен Саған, Сенің асыл дініңе бет бұрдым. Алла Тағалам! Қалған ғұмырымда Құран нұрынан таймай, Сенің жолыңда, иман нұрында, тақуалықтың ізінде жүруді нәсіп ет! Амин, Әмин!!!