Тас баласы
Тас баласы
8 жыл бұрын 4754

Бір бала медреседе атақты ғалымдардан дәріс алып жүрді. Алайда зейін қойғанымен талпынысы тасқа соғылып, ешнәрсе үйрене алмады. Соның салдарынан сабаққа деген ынтасы да төмендеп кетеді. Әне-міне дегенше, қатарластарының өзін шаң қаптырып, басып озғаны шымбайына қатты батады. Өзінің әлі сол баяғы қалпында қала бергеніне өкінді. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ.. Сабақ, бәрібір, миына қонбады. Ақырында «Одан да ауылға қайтып, қара жұмыс істейін» деп іштей шешімге келеді.

Осылайша оқудан күдерін үзіп медресені тастап, ауылына бет алады. Күннің аптап ыстығында ұзақ жүріп, сілесі әбден қатып шаршайды. Әлден уақытта қарсы алдынан үңгір шығады. Үңгірдің салқын екенін білсе де «ішінде аю, болмаса басқа жабайы аңдар болып қалса, қайтемін» деп қорқып, кіруге жүрексінеді. Алайда, шаршағандық пен күннің аптап ыстығы өтіп, ішіне кіруге бел байлайды.

Қорыққан нәрселерінің кездеспегеніне қуанды. Бойын билеген үрейден де біртіндеп арылды. Осылайша бір бұрышқа қисая кетті. Бір мезет үңгірдің төбесінен тамшылап тұрған суға көзі түсті... Тамшы тамып тұрған тасты байқағанда, оның ойылғанын көрді. «Су қап-қатты тасты қалайша тескен?» деп таңғалды. Сөйтіп таңғала қарап отырғанда басына бір ой келді. «Су жылдар бойы үзбей тамшылау арқылы қара тастың өзін тесіпті, демек, егер мен де сабырлық пен табандылық танытсам басыма дәріс қонар. Басым мына қара тастан қатты емес шығар» деп түйді.

Сөйтіп шәкірт бала әлгі тамшыдан көкейіне ғибрат түйген күйі медресесіне қайтып оралды. Сабақтарына ерекше зейін қойды. Көп өтпей-ақ үлгерімі жақсарып, жолдастарын басып озады. Ғылым қуып, ғалымдық жолға түсті. Келе-келе Ислам әлеміне танымал болды. Есімі тас баласы дегенге саятын – «Ибн Хажар» деп аталады[1].


[1] А. Шахин, Дини хикаиелер,  Станбул, 1999, 49 б.

1 пікір
  • Иә, не нәрсе үздіксіз жасалса соның нәтижесі болады. Кейде бір шабытымыз келіп бір нәрсен асыра жасаймыз да, оны біршама уақытқа доғарып қоямыз. Одан да аз да болса үздіксіз, тоқтамай жасалған амалдар абзалырақ дер едім.
    8 жыл бұрын