Қанша ғасыр өтсе де іздерін заман «қарлары» жасыра алмаған өнегелі тақуалар өткен. Әйтсе де біз солардың ізін өнеге тұтып баса алдық па екен?! Соның бірі сонау хижраттың үшінші ғасырынан кейінгі жылдарда ғұмыр кешкен аты беймәлім болса да заты мәлім Мәккидің тақуа қызы еді. Әл-қисса:
Бірде Абдулла ибн Ахмәд ибн Бәкір ол туралы былайша әңгімелейді. Әбул-Хасан әл-Мәккидің Меккеде тұратын салихалы тақуа бір қызы бар еді. Оған әкесі жылына отыз дирхам жіберіп, сол қыз сонымен күн көретін еді. Бірде сол Әбул-Хасанның көршісі әт-Тәммар деген кісі сол қызға қатысты өзінің басынан өткен оқиғасын айтып берді. Соны өз аузынан көркемдеп тыңдалық.
«Қажылыққа кетіп бара жатқанмын. Көршім Әбул-Хасанға барып батасын алмақ болдым. Ол маған ақ жол тілеп қолыма ақша ұстатып: «Мынаны Меккеде пәлен көшеде тұратын қызыма бер», - деп аманат қылып тапсырды. Меккеге келгенде аманатты бермек болып әлгі тақуа қызды іздей бастадым. Алғашқыда: «Таба алсам болар еді» деген ой келген еді. Сөйтсем елдің бәрі әлгі қызды танитын болып шықты. Құлшылығы, ғажап мінез құлқы, елге насихаты, жүріс-тұрысы бәрі де халыққа аңыздай тараған екен. Ешбір жаннан садақа да көмек те алмайды екен. Меккенің не бір байлары кірпігін қақса қол ұшын беруге даяр. Тіпті бай болып өмір сүруіне болады. Бірақ ол ешкімнен бір дирхам да алмайды. Сосын маған бір ой келді. Осындай тақуа қызға ақшалай көмектесіп елдің ала алмаған сауабын алсам, қандай ғажап болар еді! Әйтсе де қалай берсем екен? Иә, дәл солай беремін. Әкесінің жіберген отыз дирхамының арасына жиырма дирхам қосып әлгі қызға елу дирхам ұсындым. Ол ақшаны алған соң: «Әкемнің халі қалай, жақсы ма?» - деп сұрады. Мен: «Иә, әрине, сәлемі бар» - деп жауап қайырдым. Ол сөзін әрі қарай жалғап: «Жоқ, әлде дүние жинап, қолын былғап Алла Тағаламен болған көркем қатынасын жоғалтып алды ма?» - деп сұрады. Мен сөзге тосылып: «Жо-жоқ, сол баяғы бәз қалпы» - дедім. Ол көзін төмен салған күйі: «Мына ақшаға сіз ақша қосқансыз ба?» - деді. Мен сасып қалып: «Иә, оны қайдан білдің?» - деп сұрадым. Ол: «Әкем маған жылда отыз дирхам ғана жібереді. Одан артық жіберуге оның әл-ауқаты көтермейді. Ол тақуалық өмірін өзгертіп дүние жинауға кіріссе ғана көп қаржы таба алады. Егер сіз әкемнің дүние жинауға бет бұрғанын айтқаныңызда мен мынаның ешбірін алмайтын едім. Әйтсе де мына ақшаның бәрін қайтып алыңыз! - деді. Мен оған: «Жарайды, әкең ондай болмағанына қарағанда онда неге барлық ақшаны қайтарып тұрсың қызым?» - дедім. Ол: «Мен не әкемнің не өзімнің тапқан табысынан өзге ешбір пенденің ақшасын алмаймын. Біреудің қай жолмен тапқаны белгісіз дүниені мен қайтпекпін» - деді. Мен одан сайын сасып: «Жарқыным, жарайды ендеше онда отыз дирхамын алып, қалғанын кері бермеймісің? – дедім міңгірлеп. Ол әу бастағы бәсең дауысының қалпын бұзбай: «Егер әкемнің жіберген ақшаларын танығанда оларды алатын едім. Ал қазір ол сіздің ақшаларыңызбен араласып кеткен ғой. Сол себепті ала алмаймын» - деді.
Амал жоқ, ақшаның бәрін кері алып іштей өзімді қарғап-сілеп қажылықтан соң елге қайттым. Ақшаны түгелдей әкесіне бермек болып ұсындым. Оған болған жайды түгел баян еттім. Ол ұсынған ақшаны алмады. «Мына дирхамға сенің ақшаларың араласып кетіпті. Ендеше мұны ала алмаймын» - деді. Мен бір жағынан одан сайын таңырқап, бір жағынан өзімнің ісіме іштей күйіп кетіп: «Енді мен не істеймін?» - деп сұрадым. Ол азырақ ойланып тұрды да: «Ең дауасы кедейлерге тарқат!» - деді. Мен бір жағынан амал табылғанына қуанып, бір жағынан жақсылық істеймін деп залалым тигеніне іштей қуарып сол ақшаның бәрі кедей-кепшіктерге таратып бердім».
Тақуа жандар Алладан келген ризыққа ризалық білдіріп, өзінің жұпыны ғұмырын біреу сыйлаған алтын сарайдан артық көреді. Өмірде де осындай қанша ғасыр өтсе де іздерін заман «қарлары» жасыра алмаған өнегелі тақуалар болған.