Икрима радияллаһу анһудан мынадай бір ғибрат оқиға жеткен екен. Ол оқиға былай баяндалады:
«Адамдар табынып жатқан бір ағаштың қасынан бір діндар мұсылман өтіп бара жатады. Адамдардың бір Жаратушыны қойып, оның жаратқан мақұлығына сыйынып жатқандарын көріп: «Мына ағашқа табынып жатқандары несі!» деп, қатты ашуы келеді. Сөйтіп үйіне барып, қолына балтасын алып, есегіне мініп, әлгі ағашты шаппаққа жол тартады.
Жол-жөнекей ібіліс малғұн кездеседі. Ол адам бейнесіне еніп, ағашты шабуға келе жатқан адамнан жөн сұрайды:
- Қайда жол тарттыңыз, тақсыр? – дейді ол.
- Бір ағаш бар екен. Адамдар Алла Тағалаға табынудың орнына, сол ағашқа табынып жатыр екен. Кеше көріп Құдайға: есегімді мініп, қолыма балтамды алып келіп, ағашты шабамын" деп серт бердім, - дейді діндар.
- Шауып қайтесің! Өз жөніңмен жүре берсеңші. Қоя бер, табына берсін. Алла Тағала өзі қалаған кезде ол адамдарды одан ұзақтатады, - дейді шайтан райынан қайтаруға тырысып.
Алайда діндар адам оның сөзіне иланбай, райынан қайтпайды. Сонда шайтан онымен жағаласа кетеді. Діндар адаммен үш қайтара тайталасады. Үшеуінде де жеңе алмайды. Ақыры жеңе алмағанын түсінген шайтан лағынет оны басқалай алдауға көшеді. Ол оған:
- Кел, келісейік! Егер райыңнан қайтып, кейін қайтсаң, мен саған күніге төрт күміс ақша беріп тұрамын. Күнде көрпеңді ашасың. Төрт дирһам ақшаңды алып отырасың, - дейді.
- Шын ба? Солай істейсің бе? – деп сұрайды әлгі адамның ойы бұзылып.
- Иә. Солай күнде ақша беріп тұратындығыма кепілмін, - деп өлердегісін айтады.
Діндар адам шайтанға иланып, үйіне қайтады және шайтан уәде еткендей, күнде азанда көрпесінің астынан күміс ақша алып отырады. Осылай бірнеше күн жалғасады. Бір күні таң атырып, әдетінше ақша алайын деп көрпесін ашып қараса, ақша жоқ. Келесі күні де дәл солай. Енді ақша алмайтынын түсінген діндар, қолына балтасын алып, есегіне мініп, қайта ағашқа қарай жол тартады.
Жолда тағы адам бейнесіндегі Ібіліс лағынет жолығады.
- Қайда жол тарттың? – деп сұрайды ол.
- Адамдар Алланы қойып, ағашқа табынып жатыр екен, олар табынып жатқан ағашты шабуға бара жатырмын, - дейді діндар.
- Оны шабуға енді сенің күшің жетпейді, - дейді шайтан.
- О, неге? – деп себебін сұрағанда, шайтан:
- Өйткені, алғашқысында сен Алла Тағала үшін ашуланған болатынсың. Ол кезде саған көктердегілер мен жердегілердің бәрі жиналып қарсы келсе де, сені тоқтата алмас еді. Ал қазір, сенің келуің Құдай үшін емес, өзіңнің нәпсің үшін. Өйткені күнде алып жүрген дирхамыңды ала алмай, соған ашуланып келе жатсың. Сондықтан да, енді бір қадам аттасаң, мойныңды жұлам! – деп сес көрсетеді.
Адам кейпіндегі шайтанға қарсы тұра алмасын түсінген діндар, оңбай алданғанын түсініп, артқа қайтуға мәжбүр болыпты[1].
[1] «Тәнбиһуль ғофилин».
Абдусамат Қасым