Жиренше шешеннің «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегеніндей, ғасырымызға даңқпен жеткен ұлы тұлғалардың өмір жолымен таныс болудың маңызы зор. Өйткені өнегелі өмірінен үлкен-кіші де, жас-кәрі де үлгі алады. Осы орайда ғұмыры ғибратқа толы, асыл дініміздің тарихында аты әйгілі тұлғалардың бірі Омар ибн Абдулазиздың өмірінен айшықты көріністердің бірқатарын ұсынуды жөн көрдік.
Омар ибн Абдулазиз – Омеядтар мемлекетінің сегізінші билеушісі болған. 706 жылы қос бірдей Мекке мен Мәдина қалаларының әкімі болып сайланды. Жаңа қызметіне кірісерде Мәдина қаласына барып, сол жердің әйгілі он ғалымын жинап алып: «Бауырларым, мен бұл екі қасиетті қалаға әкім емес, қызметші болып келдім. Басты міндетім − әділет жолынан айырылмау.
Аманаттап алған бұл ауыр жүк пен жауапкершілікті қайтсем дұрыс атқарам, ақыл беріңдер», – деп сұрады. Сонда ғұламалардың біреуі: «Екі дүниеде мұратыңа жеткің келсе, елдегі бар қарияны өз әкеңдей көр, бүкіл жастарды өз туған бауырыңдай, ал балаларды өз беліңнен шыққан перзенттеріңдей көр. Сөйтсең ғана бүкіл ел сенің өз үйіңдегі әке-шешең, бала-шағаң, бауырларыңдай болып кетеді», – деді. Бұл сөздің оған әсері мол болды. Сонда да қызметіне кіріскен соң екі ай бойы иығындағы ауыр жауапкершіліктен басын көтере алмай, уайым-қайғыдан арыла алмай жүрді.
Көңілін аулағысы келгендерге: «Шығыстан Батысқа дейінгі барлық мұсылмандардың құқықтарына адал болудың міндеті маған жүктелді. Бұдан ауыр не бар?» деп мұңая жауап қатты. Мешіттегі алғашқы құтбаларының бірінде былай деді: «Уа, жамағат, бізге жақын жүргісі келген адамның мынадай бес қасиеті болсын:
1. Халықтың мұң-мұқтажын бізге жеткізіп тұру;
2. Жақсылық жасауда бізге көмек беру,
3. Тек жақсылыққа нұсқау;
4. Ешкім туралы өсек-аяң айтпау;
5. Пайдасыз, бос нәрселермен айналыспау. Бұндай қасиеттерден жұрдай адам біздің қасымызға жақындамай-ақ қойсын!»
Мәдинадағы ұлы Әбдімәлікке былай деп хат жазды:
«Шырағым, Әбдімәлік. Мен ертең ақыретте саған да жауап берем. Сондықтан өзіңе айтарым бар: бүкіл мадақ Аллаға тән, бізге берген жақсылығы мен сыйы өте мол. Соның шүкірін өтеуге қуат беруін тілейік. Әкең мен өзіңе берілген Алланың жақсылығы қаншама. Соны ұмытпай, өзіңе, жастық шағыңа және денсаулығыңа мұқият бол. Алланы еш уақытта есіңнен шығарма!»
Ел басқарудың ауыр жауапкершілігін терең сезінген Омар ибн Абдулазиз бір күні ұлының мың дирхам тұратын жүзік сатып алғанын естиді. Дереу ұлына мынадай сәлем жолдайды: «жүзігін тез сатсын және мың кедейдің басын қосып тамақ берсін. Ал саусағына екі дирхамдық жүзік тағып, оған «Алла өз жөнін білгенге мейірім етсін!» деген жазу жаздырсын».
Содан соң өзінің жақын досы Сәлімге де хат жазды. Онда былай делінген: «Бауырым, Сәлім! Алла тағала мені әкім етіп сынауда. Ант етейін, қатты қорқып жүрмін. Маған атам Омардың жазғандарын, ел басқарудағы өнегесін мұсылмандармен және мұсылман еместермен жүргізген мәмілелері жайлы білгеніңізді менімен бөліссеңіз. Хазірет Омарды үлгі тұтып, соған сай әрекет жасаймын».
Бір күні жұма намазынан соң жұрттың арасында отыр еді. Бір кісі оның көйлегіндегі екі жамауды байқап қалды. Сосын: «Уа, мүміндердің әміршісі, бүкіл қазына қолыңызда, дұрыс киім алып кисеңіз болмас па еді?» деп сұрады. Сонда Омар байыппен:
«Бар бола тұрып үнемдеу, ақысын талап етуге мұршасы келе тұрып, кеңге салып кешіре салу Алланың құзырында қабыл болатын сауапты істерден!» деп жауап қайырды. Мәселеге екінші жағынан келгенде, басшылық жұмыс осыншалықты ауыр болғандықтан, халық та оған бағынып, бұйрықтарын екі етпей орындағаны жөн. Бірде топ адам халифаның отырған жеріне баса көктеп кіріп келеді. Арасынан жас жігіт сөйлеуге ыңғайлана бастайды.
Сонда Омар:
«Тоқта, жасы үлкенің сөйлеңдер» дейді.
Сонда әлгі жігіт: «Әр мәселені жасы үлкенге қарата берсек, мұсылмандардың арасында мына сізден жасы үлкен талай адам бар емес пе?» деп саңқ ете қалды. Сөзден тосылған соң:
«Жарайды, айта ғой» деп рұқсат береді. Сонда жігіт:
«Біз сізден еш нәрсе сұрағалы келген жоқпыз. Сіздің елге жасап жатқан жақсылықтарыңыздың көптігі сонша, айдалада тұратын бізге дейін жетті», – деп тоқтай қалады.
Сонда Омар: «Сендер кімсіңдер, не айтқалы келдіңдер?» – дегенде, әлгі кісілер бір ауыздан:
«Саған алғыс айтушы топпыз», – деген екен.
Ислам тарихында да, қазақ тарихында да аты аңызға айналған ұлы тұлғалар өте көп. Елім, жұртым деген сол тұлғалар ізін басар ізгі жұрттарға жарық берген шамшырақтай. Сөз соңында қазақтың он сегіз жасар бір батырының өмірінен үзінді беруді жөн көрдік.
Абылай хан Жоңғар шапқыншыларымен соғысып жүргенде, он сегіз жасар Жәнібек жауды артынан қуа жөнеледі. Келсе, қазақтар бытырап, аты барлыққан Абылайға жаулар жақындап қалған екен. Жәнібек атынан түсіп, астындағы көк дөненін ханға көлденең тартады.
- Қарағым-ай, өзің қайтесің? - дейді Абылай.
- Сіз қолға түссеңіз, ел басшысыз қалар. Мен қолға түссем қазақтың бір әйелі ұл табар, - дейді жігіт.
Абылай тың атты мініп, құтылып кетеді. Бір қалмақтың атын аударып мініп, қоршаудан Жәнібек те аман шығады.
- Бала, ат бергеніңнен сөз бергенің асты ғой, осы жолғы олжаның басы сенікі, Кене, менен бір қалағаныңды алшы? - депті хан Жәнібекті ұрыстан кейін тауып алып. Міне, басшының қадірін білетін ерлері, ердің қасиетін танитын басшылары осындай болған. Алла баршамызға қарт тарихтан қазыналы тәлім алуды жазсын!