"Ол - пәтуа. Бұл - тақуа" (ғибрат)
"Ол - пәтуа. Бұл - тақуа" (ғибрат)
4 жыл бұрын 6781

Бір күні Имам Ағзам Әбу Ханифа балшықта жүрген бір баланы көріп қалады. Оған мейіріммен, мархабатпен күлімсіреп: 

«Балам, байқа, жығылып қалма!» - дейді. 

Бала зеректік пен көрегендік назармен Имам Ағзамға бұрылып, баладан күтпейтін мынадай ғибратты жауап қайтарады:

«Тақсыр! Менің жығылғаным жай нәрсе. Жығылсам мен ғана зиян шегемін. Негізінде сіз абай болыңыз! Өйткені, егер сіздің аяғыңыз тайса, сіздің артыңыздан жүргендердің бәрінің аяғы тайып жығылады. Олардың бәрін тұрғызу қиынға соғады» - дейді. 

Тапқыр баланың бұл сөзі Имам Ағзамды қатты ойландырады. Кейін шәкірттеріне: 

«Егер, бір мәселеде сендерге қуатты бір дәлел жетсе, ондай кезде маған мойынсұнбаңдар (яғни, менің тұжырымымен жүрмеңдер, егер сахих хадиске қайшы болса). Исламдағы кемелдіктің белгісі осы. Маған деген сүйіспеншіліктерің мен байланыстарың осылайша белгілі болады» - дейді.  

ҮЛГІ:

Хақ жолында алдыңғы қатарда жүру – әрі берекетті әрі жауапкершілігі мол іс. Өйткені, алдыңғы қатардағылардың істеген ізгі істері айналасындағыларға қалайша жақсы жағынан әсер етіп, өнеге болса, солайша қателіктері мен жамандықтары да айналасы тарапынан дұрыс саналып, еліктеушілікпен тарап кетеді. Сол үшін Имам Ағзам сияқты дін ғұламалары берген пәтуаларында осы ерекшелікке көңіл бөлулерімен қатар, өмірлерін де сол тақуалық ішінде өткізген. Мәселен, бір жолы Имам Азғам Әбу Ханифа киіміндегі кішкене дақты тазалап жатады. Оны көрген шәкірттерінің бірі: 

«Тақсыр! Берген пәтуаңыз бойынша мына дақ намазға бөгет болатын нәрсе емес. Неге, қиналып оны тазалап жатырсыз?»- дейді.  

Сонда Хазіреті Имам Ағзам:  

«Ол – пәтуа, бұл – тақуа!» - деген екен. 

Міне, бұл – үлкен болсын, кіші болсын пенде атаулыға керемет үлгі. Және барлық жауапкершіліктерді Алланың құзырында мәңгілік әлемде бір қуанышқа айналдыратын игі дәстүр!

"Иманнан Ихсанға Тасаввуф".

0 пікір