Тарихта Ибраһим ибн Әдһам есімді әулие кісі өткен. Бір күні Басра қаласының базарының жанынан өтіп бара жатса, адамдар жиналып, оған:
- Уа, Әбу Ысқақ (Ысқақтың әкесі)! Біз қанша дұға жасасақ та, дұғамыз қабыл болмауының сыры неде? – деп сұраған екен. Сонда Ибраһим ибн Әдһәм былай деп жауап беріпті:
- Өйткені жүректерің мына он нәрсенің кесірінен өлген:
1) Алла Тағаланы таныдыңдар, бірақ оған бойұсынбайсыңдар.
2) Пайғамбарымызды (с.а.у.) танып, оны жақсы көретіндіктеріңді айтасыңдар, бірақ оның сүннетімен жүрмейсіңдер.
3) Құран оқисыңдар, бірақ Құрандағыны амалға асырмайсыңдар.
4) Алла Тағаланың нығметін жейсіңдер, бірақ ол үшін оған шүкір етпейсіңдер.
5) Шайтанның дұшпан екендігін айтасыңдар, бірақ оған қарсы әрекетте болмайсыңдар.
6) Пейіштің хақ екендігіне сенесіңдер, бірақ оған кіру үшін амал жасамайсыңдар.
7) Тозақтың хақ екендігіне сенесіңдер, бірақ оған жетелер істерден қашпайсыңдар.
8) Өлімнің хақ екендігін білесіңдер, бірақ оған дайындық жасамайсыңдар.
9) Ұйқыдан тұрасыңдар да адамдардың кемшіліктерін іздейсіңдер. Бірақ өздеріңнің кемшіліктеріңді ұмытасыңдар.
10) Мәйіттеріңді көмесіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар[1] - деген екен.
Бұл әңгіме Ибраһим ибн Әдһамның досы, шәкірті сопы Шақиқ ибн Ибраһим тарапынан нақыл етілген.
А. Қасым.
[1] Әбу Наъим: «Хулятуль Әулия»; Имам Құртуби: «Тәфсир»; Имам Ғазали: «Ихя улумиддин».