НӘПСІ - ҚҰТЫРҒАН АРЫСТАН СИЯҚТЫ! (ғибрат)
НӘПСІ - ҚҰТЫРҒАН АРЫСТАН СИЯҚТЫ! (ғибрат)
4 ай бұрын 2754

«Ей дәруіш! Мұса да, Перғауын да сенің болмысыңда бар. Бұл екі дұшпанды өзіңнен іздеуің керек! Уахидың сәулесімен жарқыра, сонда сендегі Мұса, сендегі Перғауыннан басым түседі» - Хазіреті Мәулән Жәләлуддин Руми.


Ұшы қиырсыз бір орманда бір азулы арыстан өмір сүретін. Оның жасаған зұлымдығынан ормандағы барлық жануарлар қорқатын. Өйткені, еш күтпеген жерде, күтпеген уақыттарда сол азулы арыстан жануарларға әртүрлі тұзақ құрып жандарына қауіп төндіретін. Ақыры аңдар осылай үрейлі өмір сүргілері келмей, бір шара іздейді. Әбден ойланғаннан кейін кеңес құрып араларынан біреуді арыстанға жібереді:

- «Ей, орманның патшасы арыстан! Күн сайын біреумізді ұстап,жейсің! Бұған айтарымыз жоқ. Бірақ бұлай қиналып не керек? Сен орманның патшасысың тағыңда отыр, біз саған күн сайын ішімізден біреуін жіберіп тұрайық. Сен рахаттанып жейсің. Осылайша сен де, біз де тыныштықпен өмір сүреміз!» - дейді.

Арыстан бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартты:

- «Бұл ұсыныстарың бір қулық па, адалдық па? Адалдық болса, бұл айтқандарың дұрыс, бірақ, мен қулыққа шыдай алмаймын! Өйткені, кесірткелер мен жыландарға көп шағылғандықтан, бұл істе тәжірибем бар. Әрі еңбек етіп, табуға бола тұра, маған неге жалқаулыққа кеңес бересіңдер? Неге себептерге жүгінбей, тәуекел етуімді қалайсыңдар?» - дейді.

Аңдар арыстанды риза ету үшін әртүрлі сөздерді айта бастады:

- «Ырзық үшін еңбек ету халықтың (Құдайға деген) сенімінің әлсіздігінен туындайды. Мұндай адамдардың табыстары тойымсыздығының мөлшеріндей қол жеткізген рияның табысы. Аспаннан жаңбыр жаудырған Алланың, өз рахымымен нан беруге де, әлбетте, күші жетеді!» - десті.

Арыстан:

- «Аяғым бола тұра, езімді қалай мүгедек етейін? Тырнақтарым бола тұра, олардың күшін қалай жасырайын?» - деп, тағы да қабылдағысы келмесе де, соңында айтылған ұсыныстың тартымдылығына көніп, ризашылығын білдірді. Енді күн сайын бір аң келіп, арыстанға жем бола бастайды. Бір күні кезек қоянға келеді.

Аңдар:

- «Ее, не істейсің, бұйрық солай! Көпшіліктің тыныштығы үшін біріміздің өлуіміз керек! Қане уақыт өткізбей жолға түс! Арыстанды ашуландырып алмайық» - дейді. Бірақ, қоян аяғын жай басып, айналшықтап жүріп алды. Мұны көрген аңдар сасқалақтап:

- «Ей, қырсық қоян! Осыншама уақыт біз сөзімізге берік және адал болып келдік. Сол үшін жанымызды пида еттік. Сен енді бізді жаман атқа қалдырмақпысың?» - деп қоянды кінәлады.

Қоян болса:

 - «Достар, ашуланбаңдар, маған мүмкіндік беріңдер, құлағым арқылы онымен бір ойын ойнайын, осылайша мен де азғын бәледен құтылайын, сендер де құтылыңдар!» - дейді.

Аңдар бұл пікірді келекемен қабылдап:

- «Қатардағы әлсіз бір қоян екеніңді ұмытып, шектен шықпа! Қандай сөздерді айтасың? Сенен де мықтылар мұндай сөздерді ойларына да алған жоқ! Сен осы тәкәппарлығыңмен басымызға қайғы әкелесің! Әйтпесе, айтқандарың сен сияқты бір бейшараға жараспайды» - дейді.

Қоян болса:

- «Достар! Бұл сөздерді маған Алла аян етті. Сондықтан мен сияқты әлсіз біреуде осындай қуатты пікір пайда болды. Алланың бал арасына үйреткен өнер мен мағрифаты, арыстанда да жоқ, қашырда да жоқ, тіпті адамда да жоқ екендігін көрмейсіңдер ме!» - деді парасаттылықпен.

Қоянның батылдығы мен ақылына таң қалған аңдар:

- «Болмаса, бұл істің сырын айт! Ойлаған қулығың не? Бір-бірінің пікірін сұрап ақылдасу ақылға көмек болады, көзді ашып, табысқа жеткізетіндігін де білесің», - десті. Көреген қоян мұндай жағдайда пікір айту ақылдасу емес, сырды ашу болатындығын және осының нәтижесінде атқарғалы тұрған ісінің бұзылатындығын ойлап, аңдардың бұл талаптарын орындамады:

- «Әрбір сырды айтуға болмайды. Тағдырдың айбыны - оның құпиялығында емес пе? Тағдыр - қаншама көп білем деген бейбақтардың өздерін шарасыз қалдырмай ма? Сондықтан істің нәтижесінің не болатындығын алдын ала ашық айту мүмкін емес, кейде тақ деген жұп, жұп деген тақ болады. Айнаға қарсы сөз айтқандар оны буландырып ештеме көре алмайды. Сол үшін Арифтер (әулиелер) пікір мен ойға түйгендері және ұстанымдары хақында көп сөз айтпаған. Өйткені, Бұлардың дұшпаны көп, бұл тұрғыда аздаған мәліметті білсе, мыңдаған тұзақ құрады. Оның үстіне, сырды басқа бір адамға айтқаннан кейін, ол сырмен қоштасу керек. Өйткені, екі кісіге жеткен сыр - сыр болмайды, жайылып кетеді,» -деді қоян.

Осылайша аңдармен ұзақ сөйлескен қоян біраз уақыт өткеннен кейін олардың үрейлі де қорқынышты көздерінің алдында жолға түсті. Бірақ, жолда да уайым-қайғысыз секіріп, ойнап бара жатты. Осы кезде арыстан күн сайын өзіне келетін ризығының кешіккені үшін ашуланып, тойымсыздығынан жерді тырмалап, ақырып тұрды. Өзіне-өзі:

- «Мен онсыз да ол бейшаралардың уәделері шикі және бос сөз, олар уәделерінде тұрмайды деп, айтқанмын. Қалайша құлағыма алдамшы сөздерді айтып, көзімді байлаған! Мен енді олардың терісін соймасам арыстан деген атым өшсін!» - деп сөйледі. Дәл осы кезде ақылды қоян шыға келді. Аштығынан от шашқан арыстан ашумен күркіреп:

- «Қайда жүрсің? Неге кешіктің?» - деді. Қоян өтірік сасқалақтап, алдымен терлерін сүртті. Сосын арыстанға езінің кінәсіз екендігіне сендірмек болып, қарапайым көрінуге тырысып:

- «Тақсыр, мен сыйлауда кемшілік жібергем жоқ. Рұқсат етсеңіз, себебін айтайын!" - деді.

Арыстан сол ашумен:

- «Ей, ақымақ! Патшаның құзырына уақытсыз келудің қандай себебі болуы мүмкін? Ақымақтың себебінің кінәсынан да бетер екендігін білмейді деп, ойлайсың ба? Мен сенің надан сылтауыңды біліміме у ететін қоян емеспін», - деді аң патшасы ақырып.

Қоян жалбарына түсіп:

- «Патшам! Барлық өзендерге су беретін үлкен теңіздер де сал-сабанды басына көтереді. Сен де бұл бейшараны патшалық мәртебеңнің зекеті ретінде тыңда! Зұлымдыққа ұшырап, жаны күйген бұл бейшараның себебіне құлақ сал!» - деді.

Ақыры осындай сөздерден кейін, кешігуінің себебін білмек білмек болып, қоянға сөз бергенде, қоян алдын ала ойластырғаны бойынша сөйлей бастады:

- «Мен таң сәріде жолға шығып, келе жатыр едім, қасыма маған жолдас болу үшін тағы бір қоян ере шықты. Бірақ, бір сәтте алдымыздан бұрын-соңды көрмеген бір арыстан шыға келді. Бұл жыртқыш менімен құзырыңызға келе жатқан әлгі жолдасыма шапты, екеумізді де өлтірмек болды, мен оған:

- «Біз патшалар патшасының құлымыз, бізге тиіспе!» - дедім. Бірақ, әлгі азғын арыстан бізді босатып, сізден кешірім сұраудың орнына қорқынышты түрде ақырып, шегінен шығып: «Ол сондай кім еді? Бұл орманның патшасы менмін! Менің құзырымда оның атын аузыңа алуға қалай батылың барады?» - деді. Сосын одан бетер қорлап, жолдасымды тұтқынға алып, бұл жағдайды, яғни мықтылығын жеткізуім үшін мені сізге жіберді, - дейді қоян. - «Ей, патшалардың патшасы! Жолдасым менен үш есе үлкен еді, семіз әрі әдемі еді. Бірақ, осыдан кейін бұл жол жабылды. Енді сізге жіберілетін күнделікті азықтан үмітіңізді үзіңіз, не болмаса әлгі жүректі арыстанды өлтіріп біздің жолымызды ашыңыз!» - деді. Осы айтылғандарды сабырсыздана естіген арыстан ашуға бұлығып:

- «Кім бұл қорлап жүрген? Бұл орманда менің ғана үкімім жүреді. Ол кім екен, тез айт?» - деді. 

Қоян бұл жағдайға риза болып, екінші арыстанды қолынан келгенінше әсіре түсіндіріп, азғын арыстанның намысына тиді. Ақыры арыстан шыдай алмай.

- «Алдыма түс! Ол немені көрсет! Оның да және ол сияқты жүздегенінің де жазасын тарттырайын! Егер өтірік айтқан болсаң, әрине, саған шамам жетеді,» - деп гүрілдеді. Екеуі жолға шықты. Қоян алдын ала белгілеп қойған бір құдыққа қарай жол бастады. Өйткені, бұл терең құдықты арыстанды түсірер тұзақ ретінде таңдаған еді. Арыстан мәселені біліп қоймас үшін және оның ашуын жаңалау үшін, құдыққа жақындаған кезде, қоян біраз артта аялдап қалды. Ашулы арыстан дереу ескертіп:

- «Неге аяғыңды баспай келесің? Артта қалушы болма, қане, алдыма түс!» - деді.

Қоян үрейленген дауыспен:

- «Ойбай, патшам! Менде қорыққаннан қол-аяқ қалған жоқ! Жаным дірілдеп тұр, жүрегім дүрсілдеп кетті. Мына сарғайған түрім ішімнің қандай халге келгендігін айтпай тұр ма?» - деді.

Арыстанның тынысы тарылып:

- «Сен маған ауруыңның себептерін айтпа! Неге артта қалдың?» - деді.

Қоян сол баяғы қорқыныш пен үрей күйінде:

- «Өйткені сұлтаным, әлгі арыстан алдымыздағы құдықтың ішінде! Мен жақындай алмаймын, бір рет аузым күйіп, жанымды алды!» - деді. Арыстанның ашуы мен ызасы шегіне жетті. Қоянға:

- «Қорықпа, алға жақында! Менің тырнағымнан пайда болған жара оған өлім соққысы болады!» - деп, оны жанына алды, ызамен құдықтың аузына жақындады. Ішіне қараған кезде судан өзімен қоянның бейнесін көрді. Дереу ырылдай бастады, құдықтағы бейнесі де ырылдады. Қоян бұл мүмкіндікті де жақсы пайдаланды:

- «Көрдіңіз бе, патшам! Сізге қалай қарсы шығып жатыр!» - деді. Арыстан көзі қанталап:

- «Бір жерде екі патша болмайды; оның қарнын жарып тастау керек» - деп гүрілдеді. Содан соң «күп» деп құдыққа секірді де кетті.

Осылайша, ақырған арыстан өзге аңдарға жасаған зұлымдықтарының өкінішті нәтижесін көрді. Оның істеген жауыздықтары - ол үшін, Құдайдың қаһарының уысында өлім шұңқыры болып өзіне қайтты. Парасатты қоян, жасыл далада секеңдеп, аңдарға құтылғандықтарын сүйіншіледі. Алдында келеке етіп айыптағандар бұл жолы айналасын қаумалап, оны орталарына алды. Құрмет көрсетіп:

- «Сен аспаннан түскен періштесің бе, әлде арыстандардың Әзірейілімісің? Ол залымды қандай қулықпен жеңдің? - деп сұрақтың астына алды. Қоян былай деп жауап берді:

- «Бұл - Алланың сыйы. Әйтпесе қоянның қолынан мұндай іс қайдан келсін! Мен тек қана Аллаға тәуекел еттім. Раббым маған сол арыстанға қарсы бойыма күш, көңіліме нұр берді. Осы екі нәрсе менің бойыма батылдық пен батырлықты дарытты. Ақылымды қолдануды, яғни нәзік ойлауды үйретті. Соның нәтижесінде, менің бойымда сондай азулы арыстанды тізе бүктіретіндей иләһи бір құдірет пайда болды, нәтижесінде, сол залымға бас имей, жанымды құтқаруға қол жеткіздім, қауіптен құтылдым» - деп жауап беріпті. 

Осы хикаяны әңгімелеп бергеннен кейін Мәуләнә Руми былай деп қорытындылайды: 

«Ей, адам! Сенің нәпсің бұл дүниенің құдығының түбіне тойымсыздықтан, ашкөзділіктен секірген қапастағы арыстан сияқты. Нәпсіңді жең де қоян сияқты еркін кез. Сен қоян сияқты руханият жауһарының қадірін біліп, оны кемелдендірсең, руханият сахнасында ішіп-жеп, рахатқа бата аласың. Ендеше, нәпсің сияқты өсек-өтірік пен талас-тартыс құдығының түбінде жойылып кетпе!».

Уа, Раббымыз Алла! Біздерді қамқорың мен сыйыңа бөлеп нәпсінің кедергісінен құтқарып, уахидің үніне құлақ салғандардан ет! Салих жөне турашыл құлдарыңның рухани атмосферасынан нәсіп алуды бұйыр!


1) Осман Нұри Топпаш: "Мәснәуи бақшасынан бір шоқ гүл". "Хикмет" баспаүйі, Алматы. Қазақ тілінде. 

 

 

0 пікір