Жұмбақ сұрақтың жұмбақ жауабы
Жұмбақ сұрақтың жұмбақ жауабы
10 жыл бұрын 8763

Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифаға ибалы бір мұсылман әйел келеді. Келеді де үндемей ғана қолына ұстаған бір жағы сарғыш, бір жағы қызыл алманы әуелі қызыл жағын, кейін сары жағын көрсетіп, хазіреттің алдына қояды. Бұл оның жұмбақтап қойған сұрағы еді. Бір қызығы, имам да ләм-мим деместен, алманы жайлап қана бәкісімен екіге бөліп, ішін әйелге көрсетеді де қайтарып береді. Бұл имамның берген жауабы еді. Әйел кеткеннен кейін сол жерде отырған ғалымдар:

– Ұстаз, біз бұл жұмбақтан ештеңе түсінбедік, – дейді. Сонда Әбу Ханифа: – Бұл әйел өте ұятты кісі екен. Сұрағын ашық қоюға ұялды. Алманың қызыл жағы мен сары жағын ғана көрсетумен шектелді. (Яғни етеккірім келген кездерімде кейде қызыл, кейде сарғыш қан көремін. Бұлардың екеуі де хайыз болып есептеле ме? Жоқ әлде тек қызыл түстісі ғана хайызға жата ма, деп сұрағысы келді). Мен оған алманы екіге бөліп, ішіндегі ағын көрсеттім. Яғни қызыл немесе сары қан тоқтап, сұйықтық ағарғанға дейін хайыз күйінен арылмайтындығын білдірдім. Ол кісі жұмбақтап сұрақ қойғандықтан, мен де жұмбақтап жауап бергенді жөн көрдім, – деді. 

1 пікір