Ибн Халликан «Уафаятул-аян» атты еңбегінде Имам Шағбидан мынадай оқиғаны риуаят еткен:
«Бірде жас кездерінде Абдуллаһ ибн Зүбәйр, бауыры Мұсғаб ибн Зүбәйр, Абдулмәлік ибн Мәруан мен Абдуллаһ ибн Омар – бәрі Қағбаның жанында отыр еді. Бір уақытта араларында «Әрбіріміз тап қазір дұға етейікші, бәлкім, қабыл болар» деген ой айтылды. Абдуллаһ ибн Зүбәйр: «Уа, Раббым, ұлылығыңның құрметіне мені Хижазға патша қылуыңды өтінемін», – деп дұға етеді. Мезгілі жеткенде, Ибн Зүбәйр Меккені уақытша басқарып, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аманатын лайықты деңгейде алып жүрді. Ислам дінін жанын сала қорғады, соңында Залым Хажжаж оны шейіт етті. Мүбәрак денесі анасы (хазірет Әбу Бәкірдің қызы) Әсманың (р.а.) көз алдында бірнеше күн асулы тұрды. Бұл өжет әйел Хажжажға барып: «Сен оның бұл дүниесін жалмадың, ол сенің ақыретіңді оңдырмады», – деп ескерткен еді.
Мұсғаб ибн Зүбәйр болса, «Алла Тағалам, ұлылығыңның құрметіне, арыш пен күрсіңнің құрметіне Иракқа мені басшы еткеніңді қалаймын», – деген еді. Алла оның да дұғасын қабыл алады. Уақыты жеткенде, ол да Иракты уақытша басқарады.
Абдулмәлік ибн Мәруан: «Раббым, мені бүкіл мұсылмандардың басшысы ете гөр, қарсы келгендерді қатаң жазалап болсын Ислам әлемінің бірлігін сақтап қалуды нәсіп ете гөр!» – деп дұға етеді. Уақыт Абдулмәліктің де дұғасының қабыл болғанын көрсетеді. Ең соңынан Абдуллаһ ибн Омар да дұға етіп: «Алла тағалам, Жұмақты маған уәжіп қылмайынша жанымды алмауыңды өтінемін», – дейді[1].
Оқиғаны жеткізуші Имам Шағби: «Үшеуінің де дұғасының қабыл болғанына куә болдық. Имамның дұғасының қабыл болып-болмағандығын ақыретте көреміз», – деген[2].