Мәлики мәзхабының ғалымы, фақиһ, тариқшы, Құран тәпсіршісі әрі қази (сот) Әбу Бәкір ибн Араби (м. 1075-1148 ж.) өзінің Құрандағы "үкім аяттарына" жасаған тәпсірінде мынадай бір әңгіме баян етіп өткен екен.
Ибн Араби (рахимаһуллаһ) былай әңгімелейді:
«Хижри 487 жылы, Ақса мешітіне Ханафи мәзхабы фиқһ саласының ұлы білгірлерінің бірі келді. Есімі - әз-Зәузәни екен. Халильді (Ибраһим пайғамбарды) оған Алланың салауаты болсын, зиярат жасап келіпті. Қасиетті Сахра мешітінің аумағына келдік. Оны көрмекке Құдұс қаласының дін ғалымдары келді. Сонда әдеттегідей оған (Ханафи ғалымынан) сауалдар қойылып жатты. Сауалдардың бірі - кәпірді нақақ өлтірген мұсылманның үкімі жайында еді. Сонда Ханафи ғалымы ол сұраққа: «кәпірді нақақ өлтірген мұсылман қысас жазасына сай өлтіріледі» деп жауап берді. Одан айтқан үкіміне дәлел сұрады. Ол (ханафи ғалымы): «Оған дәлел Алла Тағаланың мына бір сөзі: «Ей, иман еткендер! (Нақақ) өлтіру қылмысы үшін сендерге қысас жазасы жазылды...». («әл-Бақара», 178 аят). Бұл аят адам өміріне нақақ қастандық жасаған барлық адамды қамтиды» деп жауап береді.
Сол мезетті араға Ъата әл-Мақдиси есімді Шәфиғи мәзхабының фиқһ ғалымы және сол аймақтағы Шәфиғи мәзхабының бетке ұстар ғалымы сөзге араласып:
- «Шейх имамның келтірген дәлелі үш жөннен дәлел бола алмайды, - деді. -
- Біріншіден, Алла Сүбханаһу Тағалә жоғарыда сіз келтірген аятта: «сендерге қысас жазасы жазылды...» дей келе - жазалау ісінде теңдікті шарт қосып тұр. Ал мұсылман мен кәпір арасында теңдік жоқ. Кәпірдің орны төмен, мәртебесі пәс.
- Екіншіден, Алла Тағала (сіз келтірген аятта) әуелгі сөзін, ақырғы сөзіне байланыстырған, осылайша, аяттың толықтай өзін, оның тәпсірі қылды: «өлтіру қылмысы үшін сендерге қысас жазасы жазылды: азаттыға азатты, құлға құл, әйелге әйел...». Ендеше, құлды азатты өлтірген болса, оған қысас жазасына ұшырамайтындығына қарағанда, кәпір адамды өлтірген мұсылманның қысас жазасына ұшырамауы заңды болмақ.
- Үшіншіден, Алла тағала аталмыш аяттың жалғасында: «... өзінің бауры тарапынан кешірім етілсе...» деп тұр, ал мұсылман мен кәпірдің арасында дін туыстығы жоқ екендігі мәлім. Бұл сөз де кәпір адамның аяттың аясына кірмейтіндігіне дәлел, - деп сөзін аяқтады.
Сонда Ханафи ғалым әз-Зәузәни (рахимаһуллаһ) әріптесін тыңдап болып, оның уәждеріне былай деп жауап берді:
- «Менің келтірген дәлелім дұрыс. Сіздің қарсы айтып отырған уәждеріңіздің маған қатысы жоқ. Неге десеңіз,
- Біріншіден, Сіздің «Алла тағала жаза беруде теңдік шартын қосты» деген сөзіңіз дұрыс, алайда «қысас жазасында кәпір мен мұсылман арасында теңдік жоқ» деген сөзіңіз дұрыс емес. Өйткені ол екеуі (кәпір мен мұсылман) «жан амандығы» жөнінде тең дәрежелі. Бұл теңдіктің өзі қысас жазасын алуына жеткілікті. Өйткені, зимми адам (мұсылман өкіметінің қорғауындағы діні бөтен адам) өлмеуге құқылы, мұсылман да өлмеуге құқылы. Екеуі де Дәруль Исламда тұрып жатыр. Және де мұны айғақтайтын тағы бір нәрсе: мұсылман адам, егер, бір зиммидің (діні бөтен тұрғын) мал-дүниесін ұрласа, оның (мұсылманның) қолы кесіледі. Бұл болса, зиммидің дүниесінің - мұсылманның дүниесімен тең құқықта екендігін көрсетеді. Бұның өзі «қан дауында» да тең екендіктерінің дәлелі, өйткені мал-дүниенің қорғалуы - иесінің қорғалуын керек етеді. (Бұл - бірінші уәжіңізге жауап).
- Екіншіден, Сіздің жоғарыда келтірілген «аяттың әуелгі сөзі соңғы сөзімен байланысты» деген пікіріңізге келіспеймін. Өйткені, жоғарыдағы аяттың әуелгі бөлігі «жалпы түрде» (ъамм), ал аяттың кейінгі бөлігі «жалқы түрде» (хосс) келіп отыр. Аяттың соңғы бөлігінің жалқы сөзден тұруы - әуелгі бөлігінің жалпы сөз болу сипатын жоймайды. Аяттың әр бөлігі (жалпы сөз де, жалқы сөз де) өз орнынша іс жүзіне асырылады. Жалпы сөзден жалпы үкім, ал жалқы сөзден жалқы үкім шығады. (Бұл - екінші уәжіңізге жауап).
- Үшіншіден, Сіздің «азатты адам бір құлды өлтіргені үшін қысас жазасымен жазаланбайды» деген сөзіңіз де қабыл етілмейді. Керісінше, құлды нақақ өлтірген азатты адам қысас жазасы арқылы өлім жазасына кесіледі. Оны сіз дауға байладыңыз, оныңыз дұрыс емес.
- Және сіз жоғарыдағы аяттың: «... өзінің бауры тарапынан кешірім берілсе...» деген үзіндісін келтірдіңіз және мұндағы «бауыры» деген сөздің «мұсылман» адамды білдіріп тұрғандығын айттыңыз. Оныңыз дұрыс, оған келісемін. Бірақ, бұл аят үзіндісінің «кешірім етілсе» дегендегі сөздің «жалқы түрде келуі» (яғни, мұсылмандарға қатысты ғана болуы) - қысас жазасының жалпы түрде, бәрін қамтуына (яғни, кәпір, мұсылман бәрін қамтитын болуына) кедергі емес...», - деп жауап берді Ханафи ғалымы.
Сол сәтте үлкен пікір сайыс болды. Ол пікір сайыстан өте көп нәрсе білдік және оны оқырманның назарына ұсындық1" - деп әңгімесін аяқтады Ибн Араби (рахимаһуллаһ). Сонымен пікір сайыста кім жеңді, десеңіз. Достық пен бауырмалдық жеңді. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
Тәржімелеген Абдусамат Қасым.
1 Шейх Али ас-Сабуни: «Әхкәмуль аятиль Құран». 1\179 бет.