Дәуід пайғамбарды жылатқан Жебірейіл періштенің сөзі
Дәуід пайғамбарды жылатқан Жебірейіл періштенің сөзі
8 ай бұрын 3790
А. Қасым

Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахимаһуллаһ) мынадай оқиғаны баяндайды, ол оны Хамза ибн Мұхаммедтен естіген, бұл болса Әбілқасым Ахмед ибн Хамнен, ал Әбілқасым Нусайр ибн Яхадан жеткізген. Оқиға былай баяндалады:

«Дәуід пайғамбар (ғалейһиссәләм) бүркемеленіп, көшеге шығыпты да қаладағы кездескен адамнан өзі жайында сұрап көргісі келіпті. Сөйтіп келе жатқанда алдынан адамның бейнесіне еніп Жебірейіл періште кездесіпті. Дәуід пайғамбар оған:

- «Әй, жігіт, Дәуід жайында не айтар едің?» - деп сұрапты.

- Өте жақсы адам. Бірақ, оның бір ерек жөні бар, - деп жауап беріпті адам кейпіндегі періште.

- Қандай? - деп сұрайды пайғамбар.

- Нанын мұсылмандардың малы сақталған үйден (қазынадан) алып жейді. Ал, Құдай Тағалаға өз еңбегімен нан тауып жейтін пендесін жақсы көреді, оған сол сүйкімдірек! - дейді періште.

Бұл сөз Дәуід пайғамбарға қатты тиіп, көзі жасқа толған күйі өзінің михрабына оралады. Михрабында Аллаға мойынсұнған күйі жалбарынып:

- Уа, Жаратушы ием! Маған бір кәсіп үйретші, мен сол кәсіп арқылы өз еңбегіммен нәпақамды тауып, адамдардың дүниесіне қарамайын! - деп дұға жасайды. Алла Тағала оның дұғасын қабыл алып, оған сауыт жасайтын ұсталықты үйретеді және оған темірді бағындырып, темір Дәуідтің қолында құдды қамыр іспетті жұмсақ болады. Сол күннен бастап Дәуід пайғамбар күндегі қазылық ісінен босағаннан соң, сауыт істеуге көшеді екен, өз қолымен істеген сауыттарын сатып, содан түскен табысқа өзінің және отбасының нәпақасын қамтамасыз етуді бастапты.

Алла Тағала Дәуід пайғамбарға темірді жұмсақ қылғаны жайында былай деген: «Біз оған темірді жұмсарттық». («Сәбә», 10 аят). «Сендерді соғыстан қорғау үшін Дәуідтке сауыт жасауды үйреттік...». («Әнбия», 80 аят)1.

Әр пайғамбардың өзінің кәсібі болған. Мәселен, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) мата саудагері болған. Зәкәрия пайғамбар (ғ.с.) ағаш ұстасы болған. Сүлеймен пайғамбар (ғалейһиссәләм) қолдан кәрзінке тоқып, сататын т.б. осы сияқты өзге пайғамбарлар да өз еңбектерімен нандарын тауып жейтін кәсіп иелері болатын. 

Ғибрат

Адамдардың қолына қарау ұнамсыз іс. Жұмыс істеп, өз нәпақасын қамтамасыз ету Аллаға жағатын әрекет.


Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһулб Ғофилин».

0 пікір