Мұса пайғамбардың кезінде (ғалейһиссәләм) бір балықшы өмір сүріпті. Балықпен күнелтіп, бала-шағасының нәпақасын балық аулап тауып отырады екен. Бір күні торына үлкен бір балық түсіпті. Қуанышы қойнына симай, торын тартып, балықты қапқа салып: «Ендігісі мен, бұл балықты базарға апарып сатайын, түскен ақшаға бала-шағамның керек-жарағын алып келейін» дейді өз-өзіне.
Жолда келе жатып өзі секілді басқа бір балықшыны кездестіріп қалады. Ол оның қабындағы балықты көріп:
- Маған сатасың ба? - деп сұрайды. Балықшы іштей «Егер, сатамын десем, ол балықты менен жарты бағасына алады» дейді де, оған:
- Жоқ, сатпаймын, - деп жауап береді. Сонда әлгі адам қолындағы таяғымен балықшыны сабап, қолындағы балығын тартып алыпты.
Содан әлгі балықшы ойбайлап, құдайға жалбарынып:
- Уа, Құдайым! Сен мені әлсіз сорлы қылып, ал оны күшті, қуатты қылып жараттың. Уа, Алла Тағала, осы дүниеде ақымды алып бер, ақыретке дейін күтетін тағатым жоқ!» - деп дұға қылыпты.
Содан балықты тартып алған адам үйіне барып, олжалаған балығын әйеліне беріп, оны майға қуыруын айтады. Әйелі балықты әдемілеп қуырып, оның алдына қояды. Балықты жейін деп қолын балыққа сөзған заматта, балық аузын ашып саусағын тістеп алады. Балықтың тістеген жері қатты сырқырап, ауруы басылмай, шыдатпай кетеді. Ақырында дәрігерге барып, саусағын көрсетеді.
Дәрігер саусағын ары қарап, бері қарап "саусағын кесу керек" деген шешімге келеді, олай етпесе жара түгел қолына жайыларын білдіреді. Адам келісіп, дәрігер саусағын түбінен кесіп тастайды. Алайда жара онымен бітіп кетпейді, кесілген жерден әрі жайылып, сырқырауы тоқтамайды. Қайта дәрігерге келеді. Дәрігер қолын қарап тұрып, енді қолын білезікке дейін кесу керектігін айтады. Сөйтіп, қолы білезікке дейін кесіледі. Алайда онымен де ауырғандығы тоқтамады. Енді ауру білегіне жайыла бастайды. Дәрігерге келеді. Дәрігер қолының шынтағынан кесіп тастайды. Оған да тоқтамайды. Ақыры дәрігер оның қолын иығынан кесіп тастайды.
Әлгі адам шарасыз күйде Құдай Тағалаға:
- «Уа, Құдайым! Мені мына дерттен арылта гөр!» - деп жалбарына бастайды. Қолымен қоса бүкіл денесі сырқыраған күйі бір ағаштың түбіне барып отырады. Сол сәтте көзі ілініп кеткен екен. Түс көреді. Түсінде біреу оған:
- Ей, бейшара! Кесе беретіндей қаншама қолың бар еді? Нені күтіп жүрсің? Қастық қылған адамыңа бар да одан кешірім тіле! - депті. Оянып кетсе түсі екен. Соншалықты кімге қастық қылған едім, деп ойланады. Ойлана келе түнеу күні балығын тартып алып, сабап тастаған адамы есіне түседі: «Өткенде біреудің балығын тартып алған едім, онымен қоймай оны ұрдым, қолымды соның балығы тістеген болатын, мұның бәрі сол балық тістегеннен болды» дейді.
Дереу жолға шығып, үлкен қалаға тартады. Онда балықшыны іздеп тауып, одан кешірім тіледі. Мал-дүниесінің біраз бөлігін оған бөліп береді. Істеген ісіне қатты өкінетіндігін, тәубесіне келгендігін айтып, өлердегі сөзін жеткізеді. Балықшы жаны ашып, кешірім береді. Сол сәттен бастап ауруы басылып, көптен бері ұйықтай алмай жүрген ол, енді ғана рақаттана ұйықтапты. Шынайы тәубе жасап, бүкіл жаман қылықтарынан тыйылуға бел буыпты.
Осы оқиғадан кейін Алла Тағала Мұса пайғамбарға: «Ей, Мұса! Өзімнің ұлықтығыма ант етейін, егер ол қиянат жасаған адамын разы етпегенде, өмір бойы азап шектірер едім» деген екен1.
Ғибрат:
Қазақта «кісінің көз жасы жібермейді» деген сөз бар. Бұндағысы кімге залал келтіріп, қастық қылсаң, оның жазасын татасың дегенді білдіреді. Құран Кәрімде: «Кім зәрредей жамандық жасаса, ол оны көреді» деп ескертеді, яғни, жасаған жамандығының қарымтасын Алла Тағала оған осы дүниеде-ақ көрсетеді. Сондықтан да, бұрынғы тақуалар «залым болғаннан, мазлұм болған артық» дейді екен. Өйткені мазлұмның (қиянатқа ұшыраған адам) ақысы ерте ме, кеш пе, алынып беріледі, ал залымның зұлымдығының жазасы қыр-соңынан қалмай екі дүниеде де алдынан шығып тұрады екен. "Кісінің көз жасы жібермейді" деген сол.
1«Ихия Улумиддин».
Абдусамат Қасым