Сириядағы қазақ қыздары
Сириядағы қазақ қыздары
10 жыл бұрын 5089
Бөріхан қажы Баймұсаұлы

Сирия елінің астанасы Шам (Дамаск) қаласын айналма жолмен орағытып өтіп барып шатыр тікпек болған біздер, кешкі қараңғылықта адасып, қаланың ішіне еніп кетіппіз. Кенет азық-түлік, отын-су артқан  Камаз көлігіміз бұзылып, тұрып қалса болар ма. Камаз  жүргізушісі мен оған көмектескендер біраз әуреленгенмен жуық арада жөнделе қоймасын білгесін, сол маңайдағы бір шеттеу жерге амалсыз тоқтап, шатырларымызды тіктік. Таңғы намазымызды оқи сала әлгі Камазымызға жетіп бардық. Жол жиегіндегі көгалға (газонға) төселген дастархан үстінде неше түрлі тағамдар тұр. Камаз жүргізушісі мен оның қасындағы жәрдемшілері, жеп тауыса  алмаған тағамдарының үстін екінші бір дастарханмен жаба салыпты. Қалай болғанда да біздің ас мәзірімізде жоқ мына тағамның шеттен келгені білініп-ақ тұр. Дастархан шетіне қисая кеткен жігіттерді оятып, мән-жайды сұрап жатырмыз.

- Түнімен әурелендік.Камаздың ажыратқыш (выжымной)подшипнигі шашылыпты.Осыларды  ақтарып жатқанымызда қасымызға бір Сириялық жігіт келіп, орыс тілінде сөйлесіп, мән-жайды көріп кеткен болатын. Көп ұзамай; -Саламатсыздар ма, көкелер! Мұнда қайдан кеп қалдыңыздар?-деп, қазақша амандасқан қаракөз қандас қызымызға таңырқай қарап қалыппыз. Өйтпегенде ше? Сонау Қазақстаннан қиыр шеттегі Сирияда, түн ішінде қазақ қызын кездестіреміз деп кім ойлапты. Ол қыз өз жөнімен кетіп бара жатса тағы бір сәрі. Ал бұның бізге әдейі келіп тұрғаны, одан бетер таңырқатты –деп, әңгімесін айтып жатты көлікті жөндегендер. Сөйтсек жағдай былай болған екен. Манағы бұларды көріп, сөйлесіп кеткен жігіт Алматыда оқыған екен. Ол үйіне бара сала өзімен бірге Қазақстанда оқып, қазақ қызына үйленген досына қоңырау шалып біз туралы айтыпты. Беймезгіл уақытта соғылған қоңрауға елең ете қалған ол жігіттің әйелі, қандас қарындасымыз не жағдай   екенін сұраған ғой. Бар мәселені күйеуінен естіп білген аяулы қарындасымыз, бір сәт те ойланбастан; -Кеттік сол жерге! -депті ғой. Қазақ қыздарының өжет, қайсар мінезін білетін ұлты араб күйеуі, амалсыз оның артынан ере беріпті. Бізбен шүйіркелесе сөйлесіп, ел-жұрттың аманшылығын сұраған бауырымыз үйіне қайта барып, түн ішінде  мол етіп ыстық тамақ алып келсе бола ма?

- Ойбуй, айналайын-ай! Бізге бола түн ортасында бекер әуре болдың-ау. Біз аш емеспіз ғой, -  дегенімізге қарайтын емес. -Жолға  шыққандарыңызға біраз болған екен. Көптен бері ыстық тамақ ішпеген боларсыздар -деп, қолымызға су құйып бәйек боп жүрген жанға қалай елжіремессің. «Ел мен жердің қадірін - шетке шықпай білмессің» -деген, осы болса керек. 
- Таңертең сіздерге күйеуімді жіберемін. Машиналарыңызға қажетті бөлшекті іздеп табуға  көмектеседі -деп олар кеткенде, таң да сыз бере бастаған болатын. Көп ұзамай келіп қалар,-деген сөзге бәріміз қуанып қалдық. Әйтпесе тіл білмейтін, Камаз деген машинасы мүлде жоқ бөтен елде кімнен жөн-жосық сұрарсың. Күн сәске болғанда, күйеуімен бірге екі-үш жасар қызын да ертіп келген Жанар есімді қарындасымызбен  де қауыштық. Көркіне мінезі сай ибалы, бауырмашыл жан екен. Бәрімізбен  шүйіркелесе  амандасып, хал-жағдайымызды сұрап бәйек болып жатты. Әйелдер жағы онымен сүйісіп амандасып, сүйкімді сәбиін кезек-кезек көтеріп айналып толғануда. Жайдары мінезді күйеу бала Хишамның жәрдемімен, Шам шаһарын шыр айналып жүріп Камазға керекті бөлшекті әрең дегенде таптық-ау ақыры. Ол бөлшекті орнату барысында екінші бір ақау және шығып, оны тағы іздедік. Не керек осы камазды «тірілтіп», жүргіземіз дегенше үш күн өтті. Осы уақыт аралығында иманды жігіт күйеу баланың жолбасшылығымен, қаланың көрікті жерлері мен тарихи орындарында болдық. Бабаларымыз Бейбарыс  сұлтан  мен  Әбу  Насыр әл-Фарабидың жатқан жерлеріне  барып  зиярат еттік. Жанар қарындасымыз өзі сияқты осы қалада тұратын Сириялық жігітке тұрмысқа шыққан және бір қазақ қызы Бибіфатимамен қарым қатынас жасап, араласып тұрады  екен.  Бұл «қыздардың қауымында», осында оқу іздеп келген  ерлі-зайыпты, Жәмила есімді қарындасымыз да бар екен. Біз тоқтаған жерге үш күн бойы күйеулерімен бірге, тамақ толтырылған дәу сөмкелерін көтеріп келген  қарындастарымыз, отыз төрт адамға молынан жететіндей етіп кешкі қонақасы берумен болды. «Қыздың ең жаман дегенінің өзі - ат жеміне жарайды» -деп, бабаларымыз қалай дәл айтқан десеңші. Олармен қоштасар сәтте: 
- Қарақтарым, елді сағынған боларсыңдар. Мынау елдің дәм тұзы -деп  құрт-майын ұсынып, естелікке иықтарына орамал жапқан  Оразкүл мен Нұрғизаны құшақтай алып беттерінен сүйген қарындастарымыздың көздерінен пырт-пырт тамған жас моншақтары, бәрімізді елжіретті.  Бұл көз жасында олардың елге, ата-ана, қатар-құрбы бауырларына деген сағынышы жатқаны анық еді. Оларға деген қимас сезімімді мен де жасыра алмай: 
- Айналайындар! Көрсеткен сый құрметтеріңе көп рахмет. Жақсылықтарың Алладан қайтсын. Мына кітап бізден естелік болсын қарақтарым -деп, «Қазақ әндері» кітабымен бірге  Шәмші Қалдаяқов пен қазақ композиторларының таңдаулы әндері жазылған дискіні ұсынып, олардың маңдайларынан -Айналайындар! -деп сүйдім. -Елге келгенде үйге келіп қонақ болыңдар, -деп ілтипат білдірген жандармен бірге, мен де оларға мекен жайымды жазып бердім. Қарияларымыз Сейітқазы мен Махаббат аға да рахметін жаудырып, бірінен кейін бірі батасын беріп жатты. Шет жерде жаутаңдап қалып бара жатқан жәудір көздерімізбен қимай қоштасып кете бардық. Иорданияны бетке алып жүріп келеміз. Ойымнан ағатайлап шығарып салған қарындастарымыз кетер емес. «Қайрымды сауап істер, адамды сұлу да сүйкімді көрсетіп, құлпыртып жібереді екен-ау» -деген ой, санамнан берік орын алғанын сезіп келемін. -Сіз сыйлаған дискіні тыңдаған сайын елді ойлап, сағыныштан жылайтын болды-ау -деген сөзден, қасымдағы жас жігіттің де солар туралы ойдан әлі арыла алмай келе жатқанын түсіндім. Көп ұзамай Иорданияның шекарасына да жетіп қалармыз, деп келе жатқанда, кенет жол шетінде қашыр мініп жарыса шауып бара жатқан екі баланы көріп қалдым. Қашыр деп, ат пен есектің будандасуынан пінә болған мақұлықты айтады. Мақұлық деп отырған себебім, адал жануарға қиянатпен, зорлықпен енгізілген харам есектің ұрығынан пайда болған тіршілік иесін, мал деп айтуға дәтім бармай отыр емес пе?!

Аталарымыз айтып отыратын бір әңгіме есіме түсті. Өткен ғасырда, 1895жылдар шамасында арғы атамыз Мырзақұл мен Төрткөлдік Сіргелі руынан шыққан Шалбай, қажылық парызын өтеуге Меккеге бірге аттаныпты. Ол кездің қажымас талмас көлігі түйеге мініп сапарға шыққан жандар, арып-ашып, жылға таяу уақыт өткенде барып елге оралған ғой. Қажыларға сәлем беріп, қолын алудың өзін үлкен мәртебе тұтып келген жандарда есеп болмапты. Ауру-сырқауымызға ем болар ма екен -деп, бұл кісілердің үстіндегі сапарға киген киімдерін де теберік көріп жыртып, алақандайдан бөлісіп алыпты. Атамыз әкелген, пейіштің мәуесі дейтін бір құрманың өзін бірнеше ондаған бөлікке бөліп; -«Жұмақтың жемісі» ең болмаса ернімізге тисе болғаны -деп, қанағат еткен жандардың тобасына қалайша тәнті болмассың.  Мырзақұл атамыздың қажылықтан оралғанын естіген ауылдағы атақты Зия молда да бұл кісіге сәлем бере келіпті. Бір кездері қатты ауырып жатқанда өзін оқып дем салып, оңалтып алған туысқанына риза болған қажы атамыз бәбішесіне қарап; -Зия молдаға бүтін бір құрма берілсін -депті. Оны естіген өзге жұрт, мына бақытқа таңданыса; -Құдай берді деген осы ғой  - деп, гуілдесіп қалыпты. Келген көпшілік атамыздан қажылық сапар барысындағы көрген-білгендері туралы әңгімелеуді өтініпті. Ендігі сөзді Қажы бабамыздың өз аузымен айтайын.  ...Сөзді неден бастарын білмей сәл ойланған қажекең бір жөткірініп алып; - Е, қарақтарым, қажылық әрбір мұсылман баласына парыз ғой. Сондықтан бұл сапарда қандай қиыншылық болса да төземін деп аттандым емес пе? Осы жолда пәлендей қаражатым кетті, түген жерде әбіржіп қиналдым деп айтудың өзі, әбестік болады. Ол қиыншылықтың бәрі, Алланың бізге жіберген сынағы деп білген ләзім. Осы қиыншылықтарға шыдамай, жарты жолдан қайтып кеткендерді де көзіміз көрді. Қарақшылықты кәсіп қылып, жол торыған бәдәуилерге де тап болдық.Оның қайсы бірін айта берейін. Бірақ, қай жерде болмасын: -Ассалаумағалейкүм! - деп қолын жүрегіне қойып, бірінші амандасқан адамның бәле-жаладан, ұрыс-керістен аман болатынына көзім жетті. Бірақ біздің жүрегімізды ауыртып, күйзелткен бір сұмдық жағдай болды -деген атамыз құмығып, сөйлей алмай біраз тұрып қалады.

- Елден шыққанымызға бірнеше ай өткен болатын. Бір күні түске таяу, бір ауылдың шетіне кеп іліктік. Тау етегіне орналасқан ауыл шетіндегі бұлаққа сусынымызды қандырып, түйелерімізді де суғарып алмақ боп келе жатқанбыз. Сол маңайда жүрген екі-үш адамның ісіне алғашында онша мән берген жоқ едік. Жақындап келіп қарасақ сұмдық. Тізеден келетіндей шұңқыр қазып, сол жерге бір биені байлап қойыпты. Екі шеті мен алдына мықты ағаштардан белдемшелер қойып, байғұс биенің екі бүйіріне де, алға артқа да қимылдауына мүмкіншілік бермей,  астынан да көлденең ағашпен көтеріп, жерге аяғын тиер-тимес етіп асып қойыпты. Алғашында олардың бұл әрекетіне онша түсіңкіремей, таңырқап қалғанымыз да рас. Бір кезде әлгілердің біреуі барып, қора жақтан азынаған бір дәу қара әңгі есекті алып келгені. Бұны көрген биенің өзін қоярға жер таппай тыпыршығанын көрсең, бейшараға жаның ашиды. Әлгілердің қарау ниетін бізден бұрын аңғарған жарықтық жылқы малының сезімталдығына қалай қайран қалмассың. Шөптің тазасын жеп, судың да мөлдір таза жерінен ішетін кірпияз қасиетті жылқы малының, өзіне төне берген харам есектен жиіркеніп, тыпырши, өзінің дәрменсіздігіне налығандай кісіней шыңғырса болар ма. Жанын қоярға жер таппай аласұрып шыңғырған биенің зарын әлгі найсаптар құлағына да ілер емес.Харам мен адалдың не екенін түсінбес көкірегі қараңғы, көрсоқыр жандарға не деуге болады. Бізден бір көмек болар ма екен деп араша сұрағандай жалбарына қараған текті жануарға, бәріміздің сай-сүйегіміз сырқырады-ау. Өзін қасиетсіз харам есекке таптатқанына күйзеліп боздаған биенің, көзінен пора-пора жас ағуда. Харамды бойына жұқтырғанына өзінен-өзі жиіркенген жануар шыңғыра кісінеп, тағдырына лағнет айтқандай басын кермеге соққылап, қан-жосасы шықты. Өзіміз әркімнен жөн-жоба сұрап келе жатқан мүсәпір жандар, әлгілерге табан астында не дей қояйық. Айтқан күнде де олардың бізді тыңдай қоймасы тағы анық, - деп қамыққан атамызға қосыла, үй іші толы жандардың да көңілдері құлазып отырғаны анық еді. Мыналардан жиіркенгеніміз соншалықты, олардың ішіп отырған сулары да бізге арам көрініп, Шалбай қажының артынан түйелердің басын кілт бұрып, әлгі жерге аялдамай жүріп кеттік. Айналайын Қамбар ата түлігінің, өзге мал тұрмақ өз кіндігінен тараған байталдарға да шаппайтын асыл қасиетін білмейтін, оның кірпияз тазалығынан мақұрым, еті мен қымызының баға жетпес дәрумендігінен бейхабар мына сорлылар үшін, жылқы мен есектің айырмашылығы жоқ болғаны ғой.  Манағы биенің шыңғырып зарлағаны құлағымнан кетпей, мен де іштей жылап келемін. Тобымызға жол-жөнекей қосылған өзге жандардың да осындай күйде келе жатқаны белгілі еді.

Меккедегі қасиетті Қағбаның маңында Алладан тілеген тілек қабыл болады деген сеніммен, ел-жұртым, ағайын туыстың бәріне ауызбіршілік, амандық тілеумен бірге, жолдағы әлгі жандарға да Құдайдан мейірім-сана беруді, халал мен харамды араластырмай жылқы малына құрметпен қарауын тіледім, - деп айтқан екен жарықтық атамыз.

- Жүр десек, - бізбен бірге ере кеткендей боп қалған Шам қаласындағы жәудір көздерімізді ойлап қимай келе жатқан мен, мына қашыр мінгендерді көріп, тағы да көңілім құлазып қиналсам болар ма. Көз алдымнан адамзаттың қиянат озбырлығына лағнет айтқандай харамнан жиіркеніп, пора-порасы шыға шыңғырып қан жосасы шыққан қасиетті жылқы малы кетер емес...

Содан бері мінекей, біраз уақыт өтті.  Қазір қасиетті Қамбар ата түлігін кездестірсем, олардың тазалықты ту еткен кірпияз тектілігіне айызым қанып риза боламын да, тап-тұйнақтай киінген инабатты қазақ қыздарын көрсем, «желтоқсандағы қыздар» мен Сириядағы жәутеңдеген қаракөз қарындастарым еске түсіп;  -Айналайындар-ай!, - дегім келіп тұрады.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.1
17 дауыс
0 пікір