Тоқ қыран түлкі алмайды
Тоқ қыран түлкі алмайды
11 жыл бұрын 5775
Бекен Қайратұлы

Бүркіт жемдеудің жайы

Бүркіттің аңға түсуі және бабының қануы оның жеген жемі яғни, тамақтануына тығыз байланысты. Кәнігі құсбегілер «тоқ бүркіт түлкі алмайды» дейтін қағиданы берік ұстанып, құсына жем беру тәсілін шебер меңгерудің арқасында аңшылық құра білген. Жемі сәйкеспесе бүркіттің күйі келмейді.  Күйі келмеген бүркіт аңға түспейді.

Бүркітті жемдеу дегеніміз – оны семіртіп, арытып, ішін тазалап, етін қатыруды айтады. Бұл тәсілдері құсқа жемді аз немесе көп беру арқылы жүзеге асырады. Бүркіт негізінен етпен қоректенеді. Кейбір кездерде қажеттілікке байланысты құсына балық болмаса, құстың етін жегізетін де бүркітшілер бар.

Аңшылық маусымы тоқтаған жаз сияқты мезгілде түлеп отырған бүркітті тез семірту үшін майлы, құнарлы, тоқ жем береді. Ал, қайыру кезінде жемнің түрін өзгертіп, майсыз, арық, құнарсызын береді. Сонар басталған аңшылық кездері, яғни қыс айларында бүркіттің бабына қатысты құнарлы, құнарсыз әртүрлі жем беріп, баптайды. Яки, бүркіт әлжуаздана бастаса, майлы ет беріп қуаттандырады, ал, құс тым тоқ болса, құнарсыз ет беріп, ашықтырады.

Бүркіт жеген жеміне сай бабы қанып, зарына түседі. Сондықтан да бүркітті жемдеу мәселесі, құсбегіліктің аса бір маңызды қыры саналады. Тәжірибелі бүркітшілер құсына «жылы жем» бергенді құптайды. Жылы жем деп жаңадан ұстаған қоянның етін айтады. Сондықтан да, байырғы құсбегілер қолындағы құсына осы жемнің түрін тұрақты беріп отыру үшін, қосымша қаршыға, сұңқар, лашын сияқты қояншыл құстарды қосып асырайтын дәстүр бар. Бұл шағын құстарды жас құсбегілер баптап ұстап, қоян алдырады және болашақ құсбегіліктің өнерін үйренеді.

Бүркіттің жеміне – қой, сиыр, жылқының еті сапалы саналады да, ешкінің еті берілмейді. Дала аңдарының ішінен – сасықкүзен мен мәліннің етін бүркітке жегізуге болмайды. Өйткені, бұндай еттер құсты бұзады. Түлекте отырған бүркітке суырдың етін бергенді құп көреді. Егер құс түлемей кешіксе оған семіз балық жегізеді. Бірнеше дүркін тойып балық жеген құс жүні кеуіп, тез түлейді. Малдың етін құсқа бергенде бүркітшілер жапырақтап турап береді. Көбінде малдық сан етін жегізеді. Ескірген немесе ауырып өлген малдың етін бүркітке беруге болмайды.

Бүркітке беретін жемнің түрлері

Ағарттық. Аңның немесе малдың етін жұқа жапырақтап турап, оны сығып сөлін ағызып, ағарған соң жемаяққа салып бүркітке жегізеді. Бұл жемді құсбегілер «ағарттық» деп атайды. Ағарттықты жазда түлекте отырып, семірген құсты қайырудың алдында береді. Кейде бүркітшілер жас еттің сөлін кетіру үшін бұлақ суына бастырып қойып, нілі арылып, ақжемденгенде беретін де дәстүр бар.

Ақжем. Жылы суға шыланып, шабақталған, барлық ніл-сөлінен арылып,  толық ағарған етті ақжем дейді. Оны сапытаяққа немесе жемаяққа салып жегізеді. Ақжем жеген бүркіттің еті азаяды. Еті азайған бүркіт ашығады да, аң көрсе ұстап тояттағысы келіп, жұлқынып тұрады. Саят кезінде бүркіт аңға түспей бұзылса, иесі кешкісін ақжем беріп, етін қатырады.

Ала жәукім. Майы азқаракесектеу ет жемді айтады. Бұны іші майланған бүркітке береді. Майланған құс аңға ұшқысы келмей, қолда отыра бергенді ұнатады. Құсбегілер кейде майлы еттің майын сылып алып, ала жәукім жасап беретін жайт та кездеседі.

Бозөкпе. Малдың тұтасымен үрленген өкпесін айтады. Бұны еті қалың, семіз бүркітке береді. Кәнігі құсбегілер соғымға сойылған малдың өкпесін үрлеп, қысты күні аязға іліп қояды. Ол сөлі кетіп, бозарып тұрады. Нәрі жоқ әлсіз болады. Бозөкпе жеген бүркіттің еті тез қатаяды. Қазақтар әлсіз, әйел сияқты нәзік жігіттерді осыған теңеп «бозөкпе» деп атайтын болған.

Бөртпе. Суға шылап әбден бөрттіріп, май-шелінен арылтқан құнарсыз етті айтады. Бұны тоқ бүркітің тоятын басу үшін, яғни, ашықтырып етін қатыру үшін береді. Еті қатып, қараеттенген бүркіт аңкөс келеді.

Қансоқта. Жаңа сойылған малдың немесе жаңа ауланған аңның қан-сөлі сорғалаған жылы етін айтады. Еті азайып, қауқары кете бастаған құсқа қансоқта жегізеді. Қансоқта өте құнарлы келетіндіктен оны жеген бүркіттің мамық жүні тіріліп, құлпырып отырады. Бұл жемді жазда түлекте отырған бүркітке тойындыру үшін береді. Сол сияқты қыс мезгілінде де әлі азайған құсқа қансоқта жегізеді. Тәжірибелі құсбегілер түлкі ұстаған бүркітке қансоқта ретінде оның тілін суырып алып жегізеді. Тәтті тілге дәніккен бүркіт түлкі алғаш келеді.

Құнар. Саятшылық кезінде аң кездеспей зерігіп, бой жазбаған бүркіттің бойын жаздырып ұшырғанда қайтадан қолға шақыру үшін беретін жемді айтады. Бұл түйір-түйір еттен тұрады. Құнарды құсбегілер жемқалтаға салып алып жүреді.

Қызылжем. Құсбегілер қан-сөлі қатқан, құнарлы қызыл ет жемді құнарқалтаға салып алып жүреді. Бұны қызылжем дейді. Бүркіт аңға түскен кезде, оны аңнан айырып алу үшін бүркітшілер осы қызылжемді пайдаланды. Құнарлы қызыл жемді көрген құс аңды тастай салып, жемге ұмтылады. Сол кезде бүркітші аңды қанжығаға байлайды. Қызылжемді бергенде бүркітті тойдырып жегізбейді, бір-екі шоқытып, көріп дәніктіріп қайтадан қалтаға салып қояды. Сондай-ақ қолдан шығып кеткен бүркітті шақырып алу үшін де осы жемді пайдаланады.

Сарыбөртпе. Туралған соң суға 2-3 рет шайылып, жартылай сөлінен айырылған етті айтады. Жемді саптыаяққа салып суға шылап ұстайды. Сарыбөртпе жеген бүркіттің еті қатайып, бабы қанады.

Тартпа. Аңның немесе малдың сіңірі, толарсағы тәрізді сөлі жоқ мүшелерін пайдаланып дайындайды. Тартпа жемді есейген семіз бүркіттің етін арылту үшін береді. Тартпа жеген құстың жемсауындағы май кетіп, еті қатаяды.

Тоят. Бүркіт көмекейін толтыра асайтын жұдырақтай кесек ет. Бұны аң ұстаған бүркітке иесі аңның сан етінен ойып алып асатып жібереді. Осыны «тоят» дейді. Тоят жеген бүркіттің көңілі жайланып, шабыттана түседі. 

Тоқ бүркіттің ішін тазалау әдістері

Жемсығу. Кейбір жағдайда аңға түскен бүркіт иесі келіп, ажыратып алғанға дейін ұстаған аңды жеп тояттап қалатын кездері көп кездеседі. Қатты тоят ұстаған құс аңға түспей қояды. Бүркітті тояттан арылту үшін құсбегліер жемсығу әдісін қолданады. Ол үшін бүркіт жеген жемді оның қарнына түсірмей, құсбегі қолымен сыртынан сипай сығып қайтадан құстырады.

Зерде. Аңға түспей айнаған құсқа зерде салады. Зерде дегеніміз – түйенің шудасына орап, оған тұз қосып құсқа жұтқызатын зат. Зерде жұтқан құс дереу құсады да, асқазанына байланып тұрған затты түсіреді. Содан кейін аң ұстауға ынтасы артады.

Қар жұтқызу. Тоқ бүркітті аңға салмас бұрын ішін шаяды. Ол үшін құсқа ішіне қант салып, сықпа қар жұтқызады. Аздан соң құс саңғи бастайды да, қарны ашып, жанары өлгектеніп, аң ұстағысы келеді. Кейде түлкімен жағаласып еті қызған бүркіттің етін салқындату үшін де сықпа қар жұтқызады.

Томартқа. Қансонар кезінде бүркітке жұтқызатын зат. Бұны мұзға айналған күртік қардан домалақтап, құс жұтатындай етіп жасалады. Томартқа жұтқан бүркіт жаланып шыға келеді. Кейде томартқаның сыртына қант бүркіп жұтқызатын жайлар да бар.

Қоя. Бүркіттің ішін тазалау үшін қолданады. Ол әртүрлі заттан (киіз, қатты шөп, сүйек, ағаштың бұтағы, кейде бұғының қу мүйізін өртеп, күлін шүперекке орап қоя жасайды) жасалады. Ағаш, сүйек қоялар бүркітті іш майынан арылтса, шөп немесе киіз қоя құстың ішегіне жабысқан құртты түсіреді. Қояның ұзындығы мен жуандығы саусақтай болып келеді. Қояны бір рет салады. Мұздан қоя салатын кездер де бар. Іші тазарған құс қояны аузынан шығарады. Бүркіттің аузынан түскен қояға қарап құсбегілер құсының бабын байқайды. Іш майы тазаланған құстың қоясы аппақ болып түседі.

Қызыл тұз. Жеген жемі сіңбей, аңға ұшпай қалған бүркітке қызыл тұз салады. Яки тұзды (бір шай қасық мөлшерде) ерітіп, құстың аузына құяды. Қызыл тұз жұтқан құс жемсауы босап, жұтынып шыға келеді. Кейде қызыл тұзды құстың көзіне бүркетін жайлар да кездеседі. Көзі ашып, қанталаған бүркіт түлкіні құтқармайды.

Ілім ішкізу. Ілім дегеніміз – қант қосылған қою шай. Бүркіттің ішін тазалау үшін ішкізеді. Ілім ішкен құстың денесі сергиді, ширап-шынығады.

0 пікір