Құсбегі Хамит Құрсақұлы
Құсбегі Хамит Құрсақұлы
10 жыл бұрын 5721
Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы

Құсбегілік халқымыздың қанына туа біткен өнер. Ол туралы аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар жеткілікті. Қазақ тарихында саятшылық өнердің, құсбегіліктің бірнеше отаны бар. Ол Арқа, Жетісу, Табағатай, Еренқабырға, Боғда, Алтай-Сауыр және қазақтар қоныстанған Қобда өлкесі (Баян-өлгей) мектебі.

Осы Алтай-Сауыр мектебінің бүгінге жеткен көрнекті өкілдерінің бірі, атақты құсбегі Хамит Құрсақұлы. Ол құстың тілін білетін, құспен адамша сөйлесетін, аспандағы құсты үйіріп қолына қондыратын,  құс баптауға бүкіл ынта-жігерімен берілген, сол жолға өзін арнаған «фанатик» адам. Ол құстың қанат-құйрығанда қанша тал қауырсынның болатынына, олардың әр бірінің не деп аталатына дейін білетін еді.  Оның арғы аталары кезінде Жалайыр Шорадан бата алған атақты құсбегі Тінеймен туыстас келеді.  Хамит ақсақал 1994 жылы жасы 100-ге қараған шағында Шинжаң өлкесі, Алтай аймағына қарысты Сарғусын қыстағында дүниеден өтті.

Хамаң Алтайдың күңгейі Балқанақ деген жерде туған екен. Балқанақ –Күрті мен Шеміршек сайының арасында орналасқан атақты Борандық биігінің құз жартасты күнгей беті, оны жер жағдайының аса қиын, қатерлігіне байланысты қазақтар «Кереге қызыл» деп те атайды.  Кереге қызыл Алтайдың атақты ақиық қырандары ұя салатын шырқау шың. Тұмса табиғаттың адам аяғы жетпеген тұңғиық бір қойнауы.

Осындай атақты бүркітшілер мен қырандар мекенінде туып-өскен бала Хамит жастайынан бүркіт салып, мылтық асынып, бәйгеге жүйірік ат қосуға әуес болады. Жатса да, тұрса да ойынан көк аспанда қанат  қаққан қыран құстың бейнесі кетпейді екен. Қыранның самғауына, аңға түскен кездегі сорғалай шүйілген тебініне, кірпияздығына, шаңқылдаған сергектігіне, тазалығына, алмырлығы мен көрегендігіне деген құштарлық оны бір сәт пайыз таптырмайтын. Әкесі Құрсаққа еріп, Алтайдың тау мен тасын, Нарынқара-Сауырды емін-еркін  аралап саятшылық қылатын.

Хамитың ұлы әкесі Жақыпбек те асқан құсбегі  болыпты. Жақаң бүркітті қайырып қасқыр мен түлкіге, қаршығаны қайырып қарғаға, қарғаны қайырып сауысқанға, сауысқанды қайырып торғайға, торғайды қайырып маса-шыбынға салатын шебер екен.

Бір күні Хамиттың үйіне Балқанақтың басындағы Борандықты жайлайтын монғол досы келіпті. Ол монғол досына қазір қолында құсының жоқтығын айтып, ол жақта қыран құстың бар-жоқтығын сұрайды. Моңғол айтады: сенімен көңіліміз жақын болғандықтан айтайын, бөтен ешкімге ештеме деме. Сен іздеген бүркіт алыста емес, үйіңнің іргесінде. Мен оның әр күні ертемен балапанына  жем тасып жүргенін көрдім, - деп, Кереге қызылдың биік сеңгіріндегі бүркіт ұя салған құзды көрсетіпті.

Монғол айтса айтқандай, Хамаң ертемен бүркіттің балапандарына суыр апарып бергенін және балапандардың соны жеп тояттап, піштактап отырғанын көреді. Бұған шексіз разы болған ол монғол досына бір шапандық мата және жаз құлындаған тайлы бие беріп қайтарыпты. Алайда ұя биік жалама құздың жапсарында  болғандықтан, астынан шығуға да, үстінен түсуге де қолайсыз еді. Сол себепті, балапанын алуға ешкім батылдық ете алмайды. Ұя ұшпа құздың ортан беліне таяу болғандықтан, үлкен ақсақалдар жиналып, ақылдасып, амалын таппай тұрғанда, ұяға 16 жастағы Кәлпен  деген жігіт «Мен түсемін!» деп белсеніп шығады.

Ақыры белсенді топ 80 арқан, 40 қанат ши, 2 қанат кереге және  бір түйені жетектеп таудың үстіне шығады. Сол жерде түйені сойып, тас қимас үшін 80 арқанды екі қабаттап түйенің шылғи терісімен сыртынан орап, бір қанат керегенің екі басынан арқанмен мықтап байлап, 40 қанат шиді жартастың үстінен төмен қарай ақырын сырғытып, оның үстінен Калпенді қолына көлденең ағаш ұстатып керегемен түсіреді. Көлденең нәрел ағаш кереге айналып кетпес үшін керек екен. 

Қарсы бетке ұяны меңзеп бағыт-бағдар беріп тұратын екі адам қойған. Олардің бірі қолына ақ шыт, енді бірі қолына қызыл шыт алып ишара жасап тұрған. Ақ шыт жоғарыдағыларға, қызыл шыт ұяға түсушіге жөн сілтеп тұрған. Нәтижесінде, Кәлпен ұяға сәтті жетіп, жағаласып жүріп, жалғыз балапанды алып шығады. Сөйтіп бұл жер кейін «Қиын ұя» аталып кетті.

 Балапанды алып келгеннен кейін  Хамит Күртінің Бәйгетөбе деген жерінде ат шаптырып той жасапты. Төменгі Шәмархан-Батпақбұлақтан қайқайта салған аламан бәйгеде Шақабай Сыбат дегенннің аты озып келіпті. 

Хамит қол балапанды әбден баптап, зар күйіне келтіріп келесі күзде қар бір жауғаннан бастап салады. Алтай - Сауырды, Нарынқараны түгел  аралап  келесі көктемге дейін 50 түлкі, 1 қарсақ, екі қасқыр, 4-5 қарақұйрық алдырады. Соның ішінде Өр Алтайдың екі қара түлкісі бар еді, жүнінің ұшы алтын сияқты сарғыш тартып, жылтылдап тұратын еді дейтін Хамаң.

Хамиттың құсына құда түсушілер де көбейеді. Соның бірі Шақабай елінің тәйжісі (басшысы) Жанымхан қасына генерал Дәлелхан Сүгірбайды ертіп келіп, бүркітті сұрап жатып алады. Хамит ел ағаларының көңілін қимай бүркітті тұғыр, биялайымен Жанымханның қолына қондырып қоя береді.

Бірақ берерін беріп алса да, сол бүркіттің күйігінен Хамит бір ай бойы бүк түсіп, төсектен басын көтере алмай жатып қалады. Қыс түскенде тағы біреуден орташалау бір бүркітті қалап алып, қолға үйретіп, Ертістің оң қанатындағы Жаманқараның қырында шырғаға салып, баулып жатады. Сол сәтте ғайыптан өзінің Жанымханға беріп жіберген қыраны ұшып келіп, шырғаны басып қалады. Сөйтсе, Жанымхан бұл арадан үш көш жердегі Қанасайырдың жонында аң қағып жүргенде қыран алыстан өзінің иесін  танып, ұшып келген беті екен. Хамит сол беті осы бүркітін өзіне алып қалады. Жанымхан да қайырып сұрамайды.

Ол кезде Хамитпен бәсекелес төменгі Алтайда Есағасы Тәстембай деген бүркітші болған екен. Тәстембайдың үйіне күллі бүркітшілер жиналып, бір-бірінің бүркітін сынап, өнер жарыстырып, қызды-қыздымен Көксінге, одан Нарынқара, Сауырға дейін шығып кетеді екен. Бұлар: Есағасы Тәстембай, Құрсақтың Хамиты, Әбдіраштың Хамзасы, Найман Ильяс, Шақабай Мұхамадим, Найман Акрамбектер (Өр Алтайда руды фамилия ретінде қолданады) еді. Сол кезде Тәстембайдың ақ құсы жылына 150 түлкі алады екен.

Тәстембаймен бірге шыққан салбуырында Хамиттың сарысы (ол құсын осылай атайтын) бірнеше түлкі алып, ең соңында Үліңгір көлінің батыс жағында, Қарасораңның етегінде қасқырға түсіп, тегеуірін көзіне салмақ бола бергенде қасқырдың азуына ілігіп кетеді де, шайнатып алады. Хамит қыстай сарыны бағып-қағып, жазға салым бала-шағасымен бірге улап-шұрқырап құсты қоя береді. Кейбіреулер оған аяғына жез кигізіп, әлі де бағып-бапта дейді. Бірақ Хамит бұған көнбейді. Осындай бір жағдай Тасбике Есік деген бүркітшінің де басынан өткен екен. Есік бір жағы құс салып, бір жағынан ұсталық істейтін адам екен. Ол қасқырға салғанда бүркітінің артқы жембасар үлкен тұяғы қасқырдың аузына түсіп қыршылып кеткендіктен, қарап көріп буыны аман болғандықтан, дәл өзіндей етіп қызыл мыстан тегеуірін жасап, тұқыл аяғына кигізгенде, бүркітінің аяғы кемдемей бұрынғыдай түлкі ала берген екен.

Алтай құсбегілері күзде қазан айынан бастап құс салып, наурыз айында түлкінің таңы отырып кетті деп құс салуды тоқтататын болған. Олар қыс басында және қаңтар айында бүркіттің тұмсығы мен аяғындағы тұяқтарын пышақпен ұштап отыратын еді. Олар бүркіт салғанда аяққа жеңіл пима, басына пұшпақ тымақ, кеудесіне қалың түйе жүнінен күрме, сыртынан үлкен қаптал шапан киіп, оның етегін тері шалбарының ышқырына салып, шалбардың балағын буып, белін белбеумен жемқалтасын өткізе буынып, тап-тұйнақтай болып киінеді. 

Хамит сары құсымен қоштасқан соң 1945 жылы Жеменейге астық тасып барған жолында біреудің қолынан екі бірдей балапан бүркіт көріп, өзінің жалғыз ақбас атанына айырбастап алып қайтады. Үйіне келіп біреуін әкесі Құрсаққа беріп, енді бірін өзі тәрбиелейді. Нәтижесінде сол екі балапанның біреуі өте қаншегір қыран болып, әкелі-балалы екеуінің қанжығасын майлап берген. Сол жылы қыстың өзінде 62 түлкі, 1 қасқыр, 1 қарақұйрық алған.

1940 жылы Сарқарын деген жерде отырғанда Ертістің ар жағындағы Көшкінбай  тоғайының ішінен күзді күні, шамамен қазан айының ішінде бір балапан бүркіттің піштактағанын естіп, іздеп барса, әлгі балапан Есік деген кісінің киіз үйінің алдындағы тұғырда дүр-дүр сілкініп отыр екен дейді. Аман-сәлемнен кейін:

– Мына балапанды қайдан алдың?- деп сұрағанда, Есік:

-   Сатып алдым,- деп бет қаратпайды.  Құсбегі Хамит айтады:

–Сен шыныңды айт, мынау біздің Борандықтағы Тұмсықұяның балапаны!-дегенде, Есік амалсыз мойындап былай дейді:

-Тамыздың орта шенінде Қарамайлыдан жоқ іздеп құлдап келе жатыр едім. Терісінен желемік соғып тұрған. Ойда жоқта бір балапан құс алдыма жалп етіп ұшып түсті. Жалма-жан аттан қарғып түсіп, сулығыма орап үйге алып келдім.

Расында да балапан бүркіт қазан айының ортасына қарай қанат-құйрығы жетіліп, ұядан ұшып шығады. Осы кезде терісінен жел тұрып, қанатын желге керіп отырған балапан ұшып кетіп, мына адамның алдына түскен. Ақыр-аяғында сол балапан бүркітті Хамти алып, екеуі дос болып, әрі  немере ұлына Есіктің қызын атастырып, бал жаласқан құда болады. Оы құс  саятшылық кезінде қасындағы бүркітшілердің құсына түсіп, қырғидай қырып тоқтатпағандықтан, түлкі алғанда өзін жалғыз қоя беріп, басқа уақытта аяқ бауын ашпайды екен. Сол құсы бір жолы томағасын тартқанда аспанға  тік атылып шығып, биікте айналып жүрген түз тағысы тағы бір құсты  шеңгелдеп жерге алып түседі.

Бір жылы Елгелді Асылхан деген кісі Хамитқа бір асау балапан бүркіт әкеліп береді. Хамит бүркіттің бодауына 1 бие, 5 түлкі, 5 қарсақ, 2 балықтың ауын, 1 қаршыға жолдық беріп қайтарады. Хамит сол жылы қыста осы бүркітті қайырып салып: 62 түлкі, 1 қасқыр, 1 қарақұйрық алады. Ол кезде бір түлкі бір қойға пара-пар екен. Қазіргі есеппен 25-30 мың теңге. Көктем шыға наурыз айында Асылхан тағы келіп, қонып жатып қайтарында Хамит бұйымтайын сұрайды. Сонда, Асылхан оның екі атының бірі Қара жорға атты қалап келгенін айтады. Хамит еш екіленбей Қара жорғаны жетектетіп жібереді. Күзде Асылхан қолында бір бүркіті бар тағы келіп:

–Жуас құсты маған бер, сен мына құсты сал,- деп қолқа салады. Хамит:

–Андағы асау бүркітіңе қарасам, нағыз ордың өзі екен. Қырып салам деп тұрғандай,- деп, жуас бүркіттін беріп, асау бүркітті алып қалады. Күздей бабына келтіріп, қыста аңға салып, сол жылы 81 түлкі,  2 қасқыр, 5 қарсақ алады.

Хамит 1959-1960 жылдардағы ашаршылық кезінде мойнындағы мылтығы мен қолындағы құсы арқылы жатпай-тұрмай дала кезіп, Ертістің ен тоғайын аралап жүріп, бүркіт салып, аң-құс атып әкеліп, қолдан жасалған ашаршылықтан ауылдастарын қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей асырап, аман алып қалған.

Өз басым Хамит ақсақалды соңғы рет 1991 жылы күзде Ертіс бойындағы қыстауында отырғанда арнайы барып көрдім. Ол кезде бойынан қуаты кеткен ақсақалдың көп сөзге, әңгімеге зауқы  қалмаған  екен. Өзі де бір Алтай тауының сеңгіріне қонақтаған кәрі тарлан бүркіттей, топшысын анда-санда қомдап қойып, ойға шомып отыр екен. Өкіндім. Ертеректе онымен көбірек жолығып, көкейіндегі көп әңгімесін өз аузынан жазып-сызып алмағаныма өкіндім. Жеті атадан жалғасқан халық мұрасының қатпары терең тарихы мен талай-талай сыр-сипаты, мол қазынасы қарияның өзімен бірге қара жерге көміліп кете барғанына өкіндім. Амал нешік...

 

 

1 пікір