ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ЖҰБАЙЫ ФАТИМА (немесе ізденіс жолындағы ханша)
ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ЖҰБАЙЫ ФАТИМА (немесе ізденіс жолындағы ханша)
3 жыл бұрын 10910 Фото: old.qazaqtv.com
Ұлдай ИБАЙДУЛЛАЕВА, журналист

Өздеріңізге мəлім, Жəңгір (Жиһангер) – Хан Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі, Бөкейдің төл перзенті. Ол – қазақ тарихындағы соңғы хан. Бұл Ресей императорының екі басты

самұрық бейнелі мөрімен расталған ақиқат. Хан сауатты, орыс, татар, араб, парсы тілдерін жете меңгерген аса дарын иесі, шынайы реформатор, болашақты болжай білген айрықша дара тұлға. Генерал-майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы. Елбасы Н.Назарбаев «Хандардың ішіндегі ең прогрессивті хан – Жəңгір хан» дегені белгілі.

Жəңгір Бөкейұлы Қазан университеті жанындағы ғылыми-тарихи қоғамның құрметті мүшесі болып, халықтың əдеби шығармаларымен шұғылданып, өзі де көптеген эпикалық туындылар жазды. Бұл қазыналардың бəрі қазірде Батыс Қазақстан облысы Орда ауданындағы ежелгі хан шатырында тұрған үй-мұражайда сақтаулы. Ал тарихи деректер Жəңгiр ханның жары Фатима ханымның еуропаша білім алып, тəрбиеленіп, орыс, француз жəне неміс тілдерін еркін меңгергендігін баяндайды. Қазақ ұлтының ерекшелігін зерттеген орыс ғалымдары жазбаларында қазақ əйелінің ойлау қабілеті, зейін-зерде ерекшелігі, дүниетанымы, парасат-пайым деңгейін зерделеп, еңбекқорлығы мен төзімділігін, махаббатқа беріктігін таңдана жазады. Қазақ тарихын, этнографиясын зерттеген орыс ғалымдары Михаил Артамоновтың «Скиф қорғандарындағы қазыналар», Алексей Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» шығармаларында «Қазақ əйелі, жар – жауға жұмсайтын қарумен тең əрі ерлерінің кеңесшісі болған» деп тұжырымдайды. Ғалымдардың тарихи ханымдарымыздың бірегейі Фатимаға берген сипаттамасы айрықша. Ғұламалар назар аудартқан даланың ірі тұлғасы Фатима бейнесі неге айрықша?

...1824 жыл. Орынбор сапарында Жəңгір ханның көңілі бір көргеннен шаһардың бас муфтиі Хұсейннің айдай ару бойжеткен қызы – Фатима сұлуға ауады. Қыздың мөлдіреп, мейірім шашып тұратын нұрлы көзі дала қыраны жас жігіттің назарын өзіне еріксіз аударады. Белін қынап киген ақ жібек кеудешелі, кең етек көйлектегі үкідей үлбіреген аппақ періштені көргенде ханның аузына сөз түспей, қадалған көзін қайтып айыра алмай, абыржып қалды. Қапелімде қыз да үн қата алмай, жымиып жүре берген.

Жəңгір хан көп ұзамай Фатимаға құда түсіп, 1824 жылдың күзінде үйленеді. Фатима анамыз би мен музыкаға жақын болатын. 1826 жылы хан Жəңгір жұбайы Фатима ханшамен орыс патшасы І Николайдың таққа отыру рəсіміне шақырылады. Мəскеу қаласында өткен салтанатта Фатиманың білімділігі мен мəдениеттілігіне орыс зиялылары таңдай қағысады. Фатиманы биге шақырған Николай патшаның өзі де, оның билеген биі мен орысша таза сөйлегеніне тəнті болады. Жай барып қоймай, Петр сарайында өткен салтанатта Фатима императордың ілтипатына бөленеді. Биік мəртебелі патша ағзам I Николай ханымды биге шақырып, екеуінің билегенін көріп тұрған орыстың ақсүйек қыздарының өзегін өрт шалып, іші күйгенін сол тұстағы баспасөз жер-көкке сыйғызбай жазады. «Той-думанның бір сəтінде Еуропадан келген əулеттік атағы бар кербездер мен орыс элитасының қыпша белдерін би залының шетіне ығыстырып, Николай мен Фатима вальспен қалықтады» деп сипаттайды жазушы Тілекқабыл Боранғалиұлы өзінің «Жəңгір хан» тарихи романында.

Құйқылжыған əуеннің бəсең тұсында император ханшаға тіл қатты:

– Ханша сүйіктіміз, сізге жапан түзден гөрі Петербург пен Мəскеуде тұру жарасатындай...

– Патшамыз, мұнда бəрі жақсы, бəрі тамаша. Бірақ сахарада тұру үшін жаратылғандарға одан артық жұмақ мекен жоқ.

Фатима Николайдың ендігі ілікпе сөзіне мұрша берместен жеңіл жұлқығандай би ырғағына үйірді. Императормен тым шүйіркелеспей, ұлттық əдеппен жүзін бұрып əкетті. Анамыз тауып айтып, тұспалдап, жұмбақтап сөйлеу арқылы ауыздыға жол бермейтін шешен де ақылды жан болған. Николай қыр ханшасының көркі мен сыпайылығына риза болып, би аяқталғанда сауықшылар дуылдай қол соққан. Патша Фатиманы білегінен жеңіл демеген күйі төрде отырған императрицаларға – анасы Мария Федоровна мен əйелі Александраға қарай жетеледі. Бимен емес, өзіне осынша назардан басы айналғандай, еңселі зал көз алдында бір сəт теңселе қалды. Бойын тез жиып, алтын оқалылар арасынан Жəңгірді іздеді...

Қарсы жақта əлдекімнің сөзіне құлақ тігіп тұрған ерінің сабырлы жүзін көрді. Шынында да, Фатима анамыз ерекше жаратылған жан еді. Сол заманда орыстың «Сын отечества» журналы Фатиманың Жəңгір ханды өркениетке ұмсындырған ағартушылық қабілетін, өмір салтының түбегейлі өзгеруіне ерекше үлес қосқанын айта келіп: «Ол – оқыған, өте білімді əйел, кісіге деген ілтипаты ерекше, жұртпен ортақ тіл табысып, қалтықсыз қарым-қатынас жасаудың жолдарын тамаша меңгерген, орысша, французша жəне немісше еркін сөйлеп, жаза біледі», – деп қайталап жазды. Патшалық ресейдің «Сын отечества» журналы, əсіресе, оның білімі мен тəрбиесіне, инабатты мінез-қылығына, патша ағзамның ілтипатына ілініп, көп қошемет көргеніне айрықша тоқталып, тамсана суреттейді. Патша сарайының Фатимаға деген ынтызары үкімет шенеуніктерінің Жəңгірге де ықыласын еселеді. Сырт көз əйеліне жасалған құрмет ерінің беделінің арқасында деп түсінілді. Фатима күйеуімен барған сапарында танысқан орыс құрбыларымен байланысын үзбеді.

Император кеңсесінің бөлімше бастығы, статс-хатшы В.Корнеевтің əйелі Елена арасындағы сыйластығы мен сырластығы хат арқылы жарасып, Петербургте оқып жүрген ұлы Сақыпкерей Корнеевтер отбасымен араласып, жас жігітке өзге елдің салт-дəстүрі мен мəдениетін тануға жол ашты.

Жəңгірмен бірге 1826 жылы Петербург, Мəскеу, Қазан қалаларына барған сапарынан кейін бір-біріне тете дүниеге келген ұл-қызын тербетіп отырып қалған Фатима енді қайтып ордадан алыс шыққан емес. Алайда, оның есімін Ресей жұртшылығы ұмытпады. Оған дəлел, қызмет бабымен келіп, саяхаттап жүрген орыс жəне шетел лауазымдыларының орда туралы жазғандарында Фатиманың асыл затына тоқталмайтыны кемде-кем. Ордаға жолы түскендердің көбі хан əйелдерінен тек Фатиманы білді. Жүздесе алғандар ханшаның келбеті мен мінез-құлқын, киген киімдеріне дейін əспеттеп жазды.

Осы пікірлерді «Қазақ ханымдары» тарихи эссе шығармасының авторы, жазушы Сарбас Ақтаев та айғақтай түседі. Сөзіміздің дəлелі, қазан төңкерісіне дейін Фатима ханымның портреті Кремльдің Георгиев залында ілулі тұрған. Онда мына сөздер жазылған. Фатима (1809/11 ж. ш., Орынбор – 2.10.1845, Бөкей Ордасы) – Бөкей Ордасының ханы Жəңгірдің əйелі.

Өз заманында мұсылманша жəне еуропаша терең білім алып, тəрбиеленген зиялы, ақылды əйел болғанын айттық. Хан мен қараны алаламай сыйлай білген, көрікті жүзінен аналық мейірімі əрдайым нұр шашатын жан болған. Фатима ханым Жəңгір ханның кеңесшісі, əрі оның барлық бастамаларында қолдаушысы болды. Халық арасында Фатиманы еркелетіп, «Фатима тоташ» деп те атады. Оқу-білім тарату, отырықшы өмірге көшуді жақтады. Хан ордасының салынуына ықпал етті. Жəңгір хан ашқан мектепте сабақ та берді.

Ханым Жəңгірдің сенімді серігі, көреген отбасының ғана емес, күллі ел анасы əрі қамқоршысы еді. 1845 жылдың тамызында Жəңгір хан 44 жасында белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ерінің қазасын көтере алмаған адал жар, шынайы махаббат иесі Фатима ханым 36-ға қараған шағында, сол жылдың қазан айында өмірден озды. Ол көп ізденген, барды молайтқысы келген, жоқты болдырғысы келген жарқын жан еді. Тарихта да осы сипатымен қалды[1].


[1] «Қазақ Хандығы ТұсындағыХанымдар Мен Арулар». Л.Н.Гумилев Атындағы Еуразия Ұлттық Университеті. Астана, 2015 ж.

.

0 пікір