Ертеден араб ұлты асыл тұқымды жылқыларымен мақтанған. Қазіргі таңда да арабтардың асыл тұқымды жылқылары өзінің сұлулығымен және жүйріктігімен танымал.
Арабтар асыл тұқымды жылқыны аралас тұқымды жылқыдан ерек қарайтын. Сондықтан, атам қазақ айтқандай: «жүйріктің де жүйрігі бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек» демекші, жылқыларының арасындағы тектісін, қазанатын анықтау үшін атбегіне жүгінетін немесе кейде мынадай да бір амал-тәсілге бас ұратын кездері болған екен:
Олар көп жылқыны бір жерге қамайды екен де, ұрып, сабайды екен, сосын біраз уақыт жем-шөп бермей қаңыратып қояды екен. Кейін белгілі уақыт өткеннен соң, алдарына жем-шөп тастайды. Сонда жәй, текті емес жылқылар шөпке қарай шапшан келіп, мойындарын созып, күртілдетіп соға бастайды екен. Ал тектілері болса, шөпке келмей немесе алдына қойылған жем-шөпті жемей, басын көтеріп тұрады екен. Өйткені, жақында ғана ұрып-соққан қолдан ас жеуден бас тартып, өзінің асылдығын сақтап тұрады-мыс. Міне, осыдан ол жылқының асыл текті жылқы екендігін білген екен. Шын текті жылқылар соғыста болсын, алыс сапарда болсын, қасыңдағы адал серігің және жапанда жалғыз тастамас жан жолдасың болған.
Қарап тұрсаңыз, жылқы малы бүгінде кейбір адамдардан гөрі мәрт, намысты әрі арлы болып келеді.
Мұса Жамал