ХХ ғасыр басында қазақ азаматтары Ресейдің жоғары оқу орындарында, жергілікті гимназия һәм семинарияларда, өлкелік әскери реалдық училищелер мен кадет корпустарында, одан қалды «Ғалия» (Үфә), «Расулия» (Троицкі), «Хұсаиния» (Орынбор) сияқты заманауи медреседе білім алып, қазан төңкерісі бұрқ еткен бұлғақ жылдары пайда болған апалас-төпелесте жеке ел болудың қамын ойлады, осы жолда бастарын бәйгіге тікті. Тірі қалғандары кеңес заманында білім-ғылым жолында аянбай еңбек етті.
Осы орайда, мына бір дерекке назар аударсақ. Жоғарыдағы азаматтардың барлығының дерлік өмірбаяндық жазбаларында «Ауыл молдасынан оқыған» деген бір сөйлем жүреді.
Мысалы, үлкен ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, соның арқасында 1850 жылы Орынбордағы қазақ-орыс мектебіне оқуға түседі. Ұлы Абай ше, ол да ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқығаны айтылады. Баянауылдық ғұлама атамыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев те Камараддин Бижомартұлы деген ауыл молдасынан сабақ алған. Бұған дәлел Мәшекең «Ерейментау сапары» атты жырында: «Сұрасаң руымды Сүйіндікпін, Болаттан ағып түскен құрыштай-ақ, Баласы Құлболдының нағыз текпін, Ұстазым Камар молда сабақ алғам» деген жолдар бар. Сол сияқты үлкен ілім иесі Шәкерім Құдайбердіұлының өмірбаянында Абай ағасының нұсқауымен бес жасынан бастап, жеті жасына дейін екі жыл үзбей ауыл молдасынан оқығаны туралы дерек бар.
Атақты ақын Ғұмар Қараш та ауыл молдасынан хат танып, одан кейін Жалпақтал медресесінде білімін жалғастырса, Алашорда үкіметінің мүшесі, Дума депутаты, заңгер Ахмет Бірімжанов та ауыл молдасының түлегі көрінеді. Ұлт ұстазы саналып жүрген Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянында «1882-1884 жылдары ауыл молдасынан оқыған» дейтін елеусіз сөйлем тұр. Ал ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың оқуына берсе, Мағжан Жұмабайұлы ауыл молдасынан сауатын ашып, одан кейін бес жыл Қызылжардағы Бегишев медресесінде білімін жалғастырған.
Міржақып Дулатұлы да осы жолмен жүрген. Жақаңның өмір-тарихын зерттеуші заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков, бала Міржақып ауыл молдасынан хат танып, екі жыл оқығаннан кейін 1897-1902 жылдары орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады, дейді. қазақтың Құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров те әуелі өз әкесінен қара танып, одан кейін Қарағаш деген жердегі ауыл молдасының алдын көрген. Одан кейін Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын курсқа аттанған. Ал бір жасқа толмай жатып әкесінен, алты жасында шешесінен айрылған қазақ әдебиетінің ірі өкілі Бейімбет Майлин да ауыл молдасынан оқып сауат ашса, дарынды ақын Сәбит Дөнентаев та Қасымқажы Ертісбаев деген ауыл молдасынан білім алған екен.
Күнбатыс Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы да ағасы Дәулетүмбеттің ықпалымен ауыл молдасынан хат таныса, екінші алашшыл тұлға Жанша Досмұхамедов болыстық орыс-қазақ мектебіне бармай тұрып, әуелі ауыл молдасынан сауатын ашыпты.
Қазақтың мықты ақындардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров та алғашында Мұқан, Әбдірахман, Тортай дейтін ауыл молдаларынан оқыса, танымал ғалым Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан да осы жолдан өткен. Атақты Жүсіпбек Аймауытұлы Бармұхамед деген ауыл молдасынан үш жыл оқыған. Сол сияқты алашшыл тұлға Мәннан Тұрғынбаевтың өмірбаянында, Семейге оқу іздеп келген жас Кәмалиден хазіреттен сауат ашып, әрі қарай медреседе алты жыл оқығаны туралы дерек бар.
Мұндай дерек солтүстік тумалары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де өмірбаяндарында жазулы тұр. Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Бауыржан Момышұлы да алғашында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныпты. Тіпті заңғар тұлға Мұхтар Әуезов әуелі өз атасынан ескіше сауат ашып, 1908 жылы Семейдегі Камараддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін барып орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. Айта берсек көп.
Бір қызығы, өткен ғасыр басында қазақ оқығандарын алғашқы болып ұштап, үлкен жолға бағыттаған ауыл молдаларының бірен-сараны болмаса көбінің аты-жөні белгісіз. Бір таңданарлығы, мұндай молдалар күллі қазақ даласының қай бұрышында да болған. Олар шәкірттеріне еуропалық білім бере алмаған шығар, бірақ халқымыздың байырғы ғасырлар бойы шыңдалған керемет дәстүрлік жүйесін оқытып, қазақы танымның терең қайнарынан сусындатып, соңында құранның қарасын танытқан. Әбу Насыр әл-Фараби атамыздың трактаттарында айтылғандай, ауыл молдалары шәкірттеріне әуелі білім емес, тәрбие яғни адамгершіліктің терең тәлімін сіңірген.
Философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин: «Сол кездегі ауыл молдалары ұлттың тарихы мен әдебиеті, жыраулар поэзиясы, тіпті химия мен астрономияға дейін оқытқан. Олар Алаш зиялыларының қалыптасуына, мәдени ағартушылық жұмыстың жүруіне ықпал етіп, қазақ қоғамына қастандықпен жүргізілген идеологияға қарсы тұрды» деп жазыпты. Бұл өте ақиқат пікір.
Екіншіден, ауыл молдалары қазақ қоғамындағы өмір сүрудің бұлжымас тетігі балалардың болашағын аңдап, сұрыптау жүргізіп отырған. Нақтырақ айтқанда, ауыл молдасы алдында отырған 20-30 баланың қайсысы білімге бейім, қайсысы малсақ, қайсысы өнерлі, қайсысы ұғымтал, қайсысы бойкүйез... бәрін анықтап ауыл ақсақалына немесе елағасы тұлғаға «мына баланың ынтасы зор оқыту керек, ана баланы мал бақтырған дұрыс, ана қара ұл қолөнерге бейім ұста болсын...» дегендей, жеткіншектердің болашақ әлеуметтік мәртебесін белгілейтін.
Ауыл байлары бір-бір ауыл молдасын ұстаған. Оның барлық шығынын өздері көтерген. Орыс ғалымы А.И.Левшин «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ ордасы мен далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде: «...Құранды арабша ұғатын қырғыз үлкен ақыл иесі болып саналады. Өз тілінде және татар тілінде оқып, жаза алатын әр қырғыз кемеңгер деп есептеледі. Хандар, сұлтандар, билер өз жандарына сауатты іс жүргізуші, аудармашы ретінде молдалар ұстайды» деп бекер жазған жоқ.
Өткен ғасырларда әу басында ресейлік, кейінгі кеңестік отарлаушылар болсын ең алдымен қазақ арасындағы «ауыл молдасын» жоюға күш салды. Өйткені олар бұл институт көзге аса шалына бермейтін қарапайым көрінгенімен, ұлттың ұстынын ұстап тұрған керемет мектеп екенін, осы құрылымды бұзса этнос бірлігі ыдырайтынын жақсы білді. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресей барлаушысы П.И.Рычков 1887 жылы Орынборда жарық көрген «История оренбургская» атты еңбегінде: «Әр ру өздерінің ақсақалдары мен дәулетті адамдарын құрметтейді. Бұл адамдарға ақыл-кеңес беріп, мұсылманшылық қағидаттарын үйрететін арнайы адамдары (ауыл молдасы) бар. Қайсыбір іске ру басылары осы кісілер мақұлдаған кезде ғана жұмылады...» дейді.
Кеңес өкіметі ең әуелі дінге, соның ішінде ауыл молдаларына қарсы күресті. Осы мақсатта 1919 жылы «Революция и церковь» журналын және 1922 жылы «Безбожник» газетін шығарды. Осы газет қоғамдық тілшілердің сиезін өткізіп, 1929 жылы «Жауынгер құдайсыздар одағын» құрды. Аталған одақты ұлты еврей Е.М.Ярославский басқарды. Мұндай құрылым Қазақстанда да пайда болды.
Жауынгер құдайсыздар ұйымына мүше болу жағынан қазақтар одақ көлемінде украиндардан кейінгі екінші орынға ие болды. Нәтижесінде, қазақ қоғамында ауыл молдасының мектебі жойылды. Кеңес билігі орнаған жылдары республика бойынша 465 діни ұйым мен мешіт жабылса, 1920 жылы Орталық Азияда қызмет еткен 25-30 мың мешіттен 1941 жылы 1 мыңы ғана қалған екен. Барлық медреселер жойылып, 47 мың діни тұлғалардан 2 мыңнан азы тірі қалды.
Кешікпей 1937-1938 жылдары жүргізілген қуғын-сүргін ең алдымен ауыл молдасын қырына алды. Өйткені олар бұлардың көзін жоймай қазақтың ұлттық рухани қайнарын бітей алмас еді. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, қандай да бір қоғамдық жүйені әлеуметтік тұрғыдан шайқалтпай ұстап тұратын және жүздеген ғасыр бойы шыңдалған мызғымас рухани-мәдени ұстындары болады. Соның бірі – ауыл молдасы институты. Отарлаушылар осы жүйені жою арқылы халықты рухани ұстынынан айырды. Біз сол отарлаудың санамызға сіңген дертінен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз.