«Ағаш аяқ» немесе қазақта цирк өнері болмады деп кім айтты?
«Ағаш аяқ» немесе қазақта цирк өнері болмады деп кім айтты?
10 жыл бұрын 6633
Мәриям Әбсаттар

Цирк дегенде біздің айтпағымыз бет-аузын бояп алып, балаларды күлдіретін сайқымазақтар немесе арыстанды оттан секіртіп, аюды екі аяқтатып жүргізіп қоятындар жайлы емес, біздің төл цирк өнеріміз бар. Ол өз бастауын көшпелі өмір салтынан, мал шаруашылығынан алады. Заманында әр қазақ ер атану үшін шауып келе жатып, ат үстінен найза, қылыш, шоқпар сермеп, садақ тартып, қарсыласымен жекпе-жекке түсіп, алысып-тартысу, жау оғын дарытпау үшін оқыс еңкейіп, атының бауырына түсу секілді ептілік, дәлдік, тіпті құралайды көзге атқан мерген болуға тиіс болған. Әйтпесе, «Аударыспақ», «Теңге алу», «Көкпар», сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойындар қайдан болар еді бізде?

Алаштан ән оздырған Әміре атамыз үнемі орындайтын «Ағаш аяқ» әнін естімеген қазақ кемде-кем шығар. Әрине, Әміре атамыздың өзі аузынан емес, Қайрат Байбосынов, тағы сол сияқты дәстүрлі әншілерден. Ал соның авторы Берікбол Көпенұлы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында тұрып, 1932 жылы қайтыс болған. Сол  кісі шапқан аттың сауырында аяғын жоғары көтеріп тік тұрып қана қоймай,  ағаш аяқ киіп тұрып жерден тақияны көтеріп алу сияқты цирк ойындарының шебері болыпты. «Ағаш аяқ» атамыздың өзі және өзі секілді қазақтың небір майталман өнер иелері жайлы. Арысы бізге беймәлім, ал ең ақыр аяғы осы ХХ ғасырдың басына дейін Қарқаралы, Атбасар секілді әйгілі жәрмеңкелерде қазақ ағаш аяқ ойынын тамашалайтын болыпты.


Ағашаяқ деген кім?

Оның бойында қандай өнер түрлері болды деңізші. Ақын, желаяқ жүйрік, шабандоз... Ол аз десеңіз, дәстүрлі сегіз пернелі домбыраға екі перне (барлығы 10 перне) үш шек қосып тарту төркінін осы Ағашаяққа саяды. Домбыраны башпаймен тарту, дауыспен әр жастағы адамның, әртүрлі аң-құстың үнін салу Ағашаяқ өнерінің бір қыры саналған. Жоғарыда ат аталған Берікбол Көпенұлы, яғни, ағаш аяқ атамыз “Аяғым-ай”, “Ахахау-ахау”, “Ой, жиырма бес”, “Жиырма жеті қыз”, “Жетімнің әні”, “ Ұмпа-ұмпа парадай”, “О, дүние, кемпірім-ай”, “Құдыреттің кер тайы-ай” атты бірнеше әндердің авторы саналады. Бірақ соның бізге жеткені Әміре Қашаубаев атамыз 1925 жылы Париж сахнасында орындаған. “Ағашаяқ” әні. Себебі Әміреден оны А. Затаевич жазып алып, нотаға түсіріп “Қазақтың 500 ән-күйі” кітабында жариялаған ед. (1933 жылы). Ән мәтіні “Қазақтың халық әндері” жинағында (1955 жылы) жарық көрді.

Ағаш аяқтың тағы бірі - 1818 жылы Семей губерниясында туған Назаролла Жүндібай деген атамыз. Ол кісі ес білгеннен бастап әбден бойынан күш кетіп, қары тайғанша аяғына ұзындығы жерден кемі 2-3 метр, тіпті одан да биік екі бақан киіп алып, аттылы адаммен жарысқа түсіпті. Және бір ағаш аяқ жетісулық Рақымберді атамыз.  Ол кісі ағаш бақанның көмегімен жерде қатар шөгіп жатқан тоғыз түйенің үстінен секіретін ерекше өнер иесі болыпты деседі ел.

Ал ендеше, қазақта цирк өнері болмады деп көріңізші?...Болғандай қандай?! Басқасы басқа, бір... 

 

Қажымұқан

Қажымұқан атамыздың өзі мыңға татырлық емес пе? Бүгінге дейін біз тек балуан деп келген атамыз негізінен өткен ғасыр басында Парижде шойын жолды мойнына галстукше байлап, күллі әлемді басын изетіп мойындатқан. Бірақ біз атамыздың бірыңғай тек балуандық жағын айтып, цирк өнерін елеусіз қалдырғанымыз қызық. Ал негізі біле білсек, Қажымұқан атамыз Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы боздақтарға сыйлаған ұшағын осы цирк өнерімен тапқан. Ол қалай болып еді? Соғыс басталған тұста балуан атамыз жасы жетпіске келіп, боз кілемде белдесуді өзінен кейінгілерге беріп, үйінде отырған екен. «Қап, ел басына күн туғанда етікпен қан кешуге жарамай отырғанымды қарашы, соғысқа алмайды» деп соны намыс көріп, «тым құрыса майдандағы жауынгерлерге бір көмегімді тигізейін» деп шешкен атамыз ол кезде ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем», — деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады. Бұл сол кез үшін аз ақша емес-тін. Осы қаражатты Сталиннің атына жолдаған хатымен бірге Мәскеуге жіберіп, әлгі қаражатқа жасалған әскери ұшақпен қазақстандық ұшқыш Қажытай Шалабаев неміс фашистеріне қарсы шайқастарда жауға әуеден соққы берді. Тек жау оғы құйрығын жұлып кеткен ол ұшақ әлі күнге дейін соғыс ескерткіші ретінде сақталып келеді. Өмірінің 55 жылын күреспен және циркте өнер көрсетумен өткерген, төрткүл әлем бозкілемдерінде өткізген белдесулерде 56 медальды жеңіп алған Қажекең — жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға ғана емес, қазақтың нағыз қас батыры деп атауға тұрарлық бірегей жан. Ендеше, цирк қазаққа жат деп көріңізші... Кешегі «Қазақстан барысы» сол Берікбол мен Назаралы, Рақымберді, тағы да біз атын біле бермейтін бірнеше ағаш аяқ аталарымыз бен берісі Қажымұқандай бабаларымыздың сарқыншағы емей немене?... 

0 пікір