Ыдырыс пайғамбар да көкте ме?
Ыдырыс пайғамбар да көкте ме?
6 ай бұрын 2743

Ыдырыс (а.с.) – Құранда аты аталған пайғамбарлардың бірі. Кейбір деректерде Нұхтың арғы атасы екендігі айтылған. Адам Атаның (а.с.) ізін ала жіберілген деген дерек те кездеседі. Ыдырыс пайғамбардың қасиеттері Құранның төрт аятында суреттеледі.

Алғашқы екеуінде пайғамбарлығы мен шыншылдығы, жоғары мәртебеге көтерілгендігі сөз етілсе, ақырғы екеуінде сабырлығы, рақымдылыққа бөленгендігі, сондайақ игі жақсыл-ардың қатарында болғандығы айтылған.

Көкке көтерілуі

Ыдырыс пайғамбардың жер бетінде қайтыс болғаны туралы мағлұмат жоқ. Құранға көз салсақ, аятта оның көкке көтерілгендігі баяндалады. «Мәриям» сүресінде: «Біз оны жоғарғы орынға көтердік» - деп айтылады1.

Бұл аят турасында ғұламалар арасында айтылып жүрген пікірлер әр алуан болып келеді. Атақты тәпсірші ғұлама Фахреддин Рази «Жоғары орынға көтерілу» сөзін рухани мәртебе болуы мүмкін деп жорамал жасайды.

«Аллаһ тағала оған пайғамбарлық және отыз беттік парақтар берген. Ендеше, оның «жоғары орны» осы болса керек» дейді. Бұған Құрандағы:

«Біз сенің абыройыңды көтермедік пе?» – деген аятты айғақ етіп көрсетеді2.

Келесі көзқарастағылар оның Иса (а.с.) тәрізді жоғары көтеріліп, көктің төртінші қабатын мекендегенін айтады. Оған айғақ ретінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миғражға шыққан кезде, төртінші қабатта Ыдырыспен (а.с.) кездесіп, сәлемдескендігін алға тартады3. Бұл қисынға сүйенсек, Ыдырыс (а.с.) тірі кезінде көкке көтерілген.

Кейбір ғалымдар оны ажалы жетіп қайтыс болған десе, енді біреулері әлі күнге дейін тірі деп жорамалдайды. Ең дұрысы Аллаһқа ғана аян.

Кейбір деректерде Ыдырыс пайғамбардың ғұмыр жасы сексен екі жыл деп көрсетіледі. Демек, біреуіне мың, енді біріне жүз жыл сияқты Хақ тағала әр пайғамбарға әртүрлі өмір берген. Мәселен, Иса пайғамбардың небәрі отыз үш жыл ғана өмір сүргені мәлім. Бірақ өмір аз, мейлі көп берілсін барлық пайғамбарлар құлшылығын атқарып, өзіне тән қасиетті міндетін толық өтеген.

Қалмахан Сейтұлы, "Пайғамбарлар тарихы".


«Мәриям» сүресі, 57.
«Инширах» сүресі, 4
3 Бухари. Саләт. 1

0 пікір