"Тағдыр" деген не?
"Тағдыр" деген не?
2 жыл бұрын 11555
Абдусамат Қасым

Мәтуриди мәзхабында «тағдыр» деген – болашақта болатын және жүзеге асатын дүниелердің уақытын, жерін, қандай сипатта жүзеге асатындығын, оның ерекшеліктерін т.б. егжей-тегжейін Алла Тағаланың әзәлден біліп, өлшеп, нақтылап қоюы. Осыны «тағдыр» дейміз. Осы жөнінен алғанда тағдыр - Құдай Тағаланың «білу» және «қалау» сипаттарымен тығыз байланысты.

Іргелі Ислами әдебиеттерде тағдырға көбінесе «қадар» термині қолданылады. Қазақ ұлтында Алланың жазуын - «тағдыр», «жазмыш», «пешене» деген терминдермен түсіндірген.

«Қадар» және «қаза» (القضاء)

Демек, әлдебір нәрсенің қалай, қашан және қандай сипатта жүзеге асатындығын Алла Тағала тарапынан алдын-ала білініп, өлшеніп, нақтылап қоюлуын «тағдыр» (қадар) немесе «жазмыш» десек, ал сол тағдырдағы нәрсенің уақыты келгенде Алла Тағала тарапынан айна-қатесіз жаратылуын «қаза» дейді екенбіз. Басқаша айтқанда, Ұлы Құдіретті Алла Тағаланың әзәлде таңдап, өлшеп, нақтылап қойған нәрселерді уақыты келгенде - Өзінің білуіне сай және қалауына сай айна-қатесіз бар етуін «қаза» дейміз. Қаза – Алла Тағаланың «тәкуин» сипатымен байланысты.

«Қаза-и иләһидың» түрлері

Тағдыр «мүбрәм» және «муъалләқ» болып екіге бөлінеді. Яғни, кей дүниелердің міндетті түрде еш өзгеріссіз нақты жүзеге асатындығы «Лаухуль махфузда» (тағдыр тақтайшасында) нақтыланып қойған, оны «мүбрам» дейді. Ал кей дүниелердің жүзеге асуы (немесе бар болуы) әлдебір себептерге тәуелді екендігі жазылған, оларды «муъалләқ» дейді. Мұндай сипаттағы жазмыштар өзгермелі, тіпті мүлдем жүзеге аспай, тағдырдан өшірілуі де мүмкін. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл ақиқатты былайша тілге алады:

«Алла қалаған нәрсесін өшіреді, қалаған нәрсесін қалдырады. Негізгі кітап (лаухул махфуз) Оның қасында»[1].

Әйткенмен де, ілми иләһи тұрғысынан (Құдайдың білуі тұрғысынан) алып қарағанда барлық нәрсе «мүбрам» болып табылады. Барлық жазмыш, мейлі ол өзгермелі болсын (муъалләқ) немесе өзгермелі емес (мүбрам) болсын, бәрі Алла Тағаланың әзәлдан білуіне сай жүзеге асады. Ешнәрсе Құдайдың алдын-ала білгенінен өзгеше болып жүзеге аспайды. Алланың білуіне сай болмай шықты деген нәрсе жоқ. Алла қалай білген болса, барлық нәрсе айна-қатесіз солай болады. Өйткені, Алланың білуі өзгермейді.

Бақыт пен бақытсыздық

Ислам түсінігінде бақыт – иманды болған күйі жан тапсыру. Тіпті, өмір бойы мұсылман болмай жүріп, бірақ өлер шағында тілін кәлимаға келтіріп, Аллаға және оның пайғамбарының ақиқаттығын мойындап, сеніп үлгерсе, ол – бақытты адам.

Бақытсыздық болса, ол – кәпір болып өлу. Тіпті, өмір бойы жақсы мұсылман болып жүріп, өмірінің соңғы бөлігінде күпірлікті таңдап, кейін сол күйі өліп кетсе, ол – бақытсыз адам. Өйткені, Исламда «хуснуль хотимә», яғни, әркімнің «соңының көркем болғаны» маңызды. Сондықтан да, дұға еткенде «...уә хуснәль хотимә!» деп дұға етеміз, «соңымды көркем қыл» деген мағынада.

Қаза мен қадарға (тағдырға) сенудің шарты

Жалпы айтқанда тағдырға, жалқы айтқанда «қаза» мен «қадарға» сену – өте маңызды. Тағдырға сену - иманның шарттарынан. Алайда, тағдырдың түбіне жетіп, оның сырын толық түсінуге адам баласының ақылы шектеулі. Біз тағдырға иман етумен бірге, оған тереңдеместен, оның сырын Аллаға қалдырамыз.


[1] Құран Кәрім, «Раъд» сүресі, 39 аят.

0 пікір