Құранда айтылатын «Ағраф» деген не нәрсе? Ол жерде кімдер болады?
Құранда айтылатын «Ағраф» деген не нәрсе? Ол жерде кімдер болады?
4 жыл бұрын 11941
А. Қасым

«Ағраф» (الأعراف) сөзінің тілдік мағынасы «биік жер», «төбешік», «дөң», «қыр» деген ұғымдарға саяды. Жекеше түрі - «Ғурф» (عُرْف). Араб халқында дөңес жерлерді «ғурф» дейді екен. "Ағраф" соның көпше түрі. Қораздың айдары денесінің жоғарғы жағында орналасқандықтан, оны да «ғурф» деп атаған.

Шариғи анықтамасына келер болсақ, Ислам ғұламалары бір-біріне жақын әртүрлі анықтама жасаған. Солардың кейбірі төмендегідей:

  1. Пейіш пен тозақтан биік жерде орналасқан орынның аты.
  2. Пейіш пен тозақты бөліп тұратын орын.
  3. Пейіш пен тозақтың ортасында орналасқан тау немесе дөң.   
  4. Пейіш пен тозақ арасында орналасқан дуал.
  5. Пейіштік пен тозақтықтардың арасын бөліп тұрар перде.
  6. Пейіш пен тозақ арасындағы сырат.
  7. Т.б.

Ағрафты "пейіш пен тозақ арасындағы дуал" деушілер «Хадид» сүресінің 13-аятын дәлел қылады. Аталмыш аятта былай делінген:

«Сол күні, мұнафиқ ерлер мен мұнафиқ әйелдер мүміндерге: "Бізге көздеріңнің қырын салыңдар. Нұрларыңнан біз де пайдаланайық!" - дейді. Сонда оларға: "Арттарыңа кейін қайтып, нұр іздеңдер!" - делінеді. Сөйтіп, олардың араларына есігі бар бір дуал орнатылады. Оның ішкі жағы рахымдылық, сыртқы жағында азап бар»[1].    

Демек, қиямет күні Алла Тағала пейіш пен тозақ арасына «Ағраф» деп аталатын тау кейпінде немесе дуал кейпінде биік бір бөгет жаратады екен. Ол жерде - қайда баратындары әлі нақтыланбаған, бірақ пейішке баратындықтары үміт етілетін пенделер орналасады. Олар пейіш пен тозақтағыларға жоғарыдан қарап, ондағыларды түрлерінен танып дауыстайды. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінде былай баян етілген:

«(Жұмақтағылар мен тозақтағылардың) арасында бөгет бар. Және «Ағраф» делінген орында екі жақтағыларды да түр-әлпеттерінен танитын кісілер болады. Бұлар пейіштегілерге: «Сәләмун алейкум» - деп дауыстайды. Олар (ағрафтағылар) - әлі жәннәтқа кірмеген, бірақ (кіретіндіктерін) үміт ететіндер».  

«Қашан олардың көздері тозақтықтар жаққа бұрылса: «Раббымыз! Бізді залым елмен бірге қыла көрме!» - дейді».

«Ағрафтағылар түр-әлпеттерінен таныған (тозақтағы) кісілерге: «Сендерге көптіктерің мен тәкәппарлануларың пайда бермеді ме?» - деп дауыстайды»[2].

«Ағраф» деген мекенде кімдер болады?

Ол жерде кімдер тұрақтайтындығы жөнінде тәпсіршілер әртүрлі пікір білдірген. Бірақ, тәпсір кітаптарындағы риуаяттар мен сахаба сөздеріне қарай, ол жерде – жақсы амалдары мен жаман амалдары тең түскен мұсылмандар тұрақтайды деуге болады. Бұған байланысты, сахаба Жәбір ибн Абдулладан жеткен бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.у.) "Ағраф" иелері жайында былай дегендігі келтіріледі:

«Қиямет күні амал таразысы қойылады. Таразыда жақсылы және жаманды істер тартылады. Кімнің жақсылығы жамандығынан сіркедей артық болса, пейішке кіреді. Және кімнің жамандығы жақсылығынан сіркедей артық болса, тозаққа кіреді». Сонда сахабалар: «Уа, Расулаллаһ! Жақсылықтары мен жамандықтары тең түскендердің жағдайы не болады?» - деп сұрағанда, Алла елшісі: «Олар – Ағраф иелері! Олар пейішке кірмейді, бірақ үміттері бар», - деп жауап береді», - дейді сахаба. (Ибн Ъасакир, Ибн Мәрдәуәйһ).

Сахаба Абдулла ибн Аббастың да былай дегендігі келтірілген:  

«Ағрафтағылар – жақсылықтары мен жамандықтары тең түсіп, не жақсылықтары жамандықтарынан артық көрілмей, не жамандықтары жақсылықтарынан артық көрілмей, сол жерде қамалып қалған қауым». (Табари).

Сахаба Хузайфа Алла елшісінің былай дегендігін жеткізеді:

«Киямет күні адамдар жиналып, жәннәт иелері – жәннәтқа, тозақ иелері – тозаққа (барулары) әмір етіледі. Кейін Ағрафтағыларға:

- Сендер нені күтіп тұрсыңдар? - делінеді. 

- Сенің әміріңді күтіп тұрмыз, - дейді олар. Сонда оларға:

- Сендердің жасаған жақсылықтарың оттан аман алып қалып, тозаққа кірулеріңе тосқауыл жасауда. Бірақ, жасаған қателіктерің де пейіш пен сендердің араларыңда бөгет болып тұр. Ендеше, кешірімділігіммен және рахымдылығыммен пейішке кіріңдер», - делінеді». (әл-Бәйһәқи). 

Сахаба Абдулла ибн Мәсғұдтың да мынадай сөзі келтірілген:

«Кімнің жақсылықтары мен жамандықтары тең түссе, ол - Ағраф иелерінен болмақ». (Табари).

Осы тұрғыда, «Ағрафты» мекендейтіндердің мұсылман жындар болатындығы білдірілген риуаяттар да бар[3]. 

Алла баршамызды жәннәт иелерінен еткей! Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] «Хадид» сүресі, 13 аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 46-48 аяттар.
[3] Имам Жәләлуддин әс-Суюти: «әд-Дуруль Мәнсур» - «Ағраф» сүресі.

0 пікір