Қиямет қайым қашан болады?
Бұл сұраққа жауапты кезінде сахабалар да іздеген. Сахабалар қияметтің болатын уақытын Пайғамбарымыздан (с.а.у.) сұрайтын. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) қиямет қайымның белгілерін сайып беруші еді. Бұл дегеніміз, белгілеріне қарап қиямет қайымның жақындағанын топшылауға болады деген сөз. Сахаба Хузайфа ибн әл-Йәмән (р.а.) былай әңгімелейді:
«Бір кісі Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:
- Уа, Расулаллаһ! Қиямет қайым қашан? - деп сұрады.
Сонда Алла елшісі (с.а.у.):
- «Ол жайында сұралған кісі сұраушыдан білгір емес! Бірақ, оның белгілері бар (олар келесідегідей):
- Базарлар бір-біріне жақын болады (сауда жүрмейтін болады т.б.).
- Ъина (өсім жеушілік) кең етек алады.
- Зинадан туған балалар көбейеді.
- Ақша иесі (бай) ұлықталады.
- Мешітте пасықтардың даусы көтеріледі (жарқын шығады).
- Күнәһарлар (теріс жолдағылар) хақ иелеріне қарсы шығады» - деп жауап берді (саллаллаһу алейһи уә сәлләм).
- Уа, Расулалла! Ол заманда не істеуімді бұйырасың? - деді әлгі адам.
- Дініңді алып қаш немесе үйіңнің терліктерінің бірі бол (үйден шықпа)! - деді Алла елшісі (с.а.у.).
Иса ибн Әби Иса әл-Асфаһанидің жеткізген риуаятында былай делінген:
«Алла елшісінен: «Уа Расулалла, қиямет қайым қашан болады?» - деп сұрады. Сонда Алла елшісі: «Ол жайында сұралушы кісі сұраушыдан артық білмейді. Бірақ, қиямет қайымның он түрлі белгісі бар:
- (Сұлтанға) сөз жеткізушілер жақын болады.
- Арсыздар белең алады (күнәларын ашық істейді).
- Ынсапты (адал) жандар әлсіз болады.
- Намаз қысқарады (немесе намаз оқу қиындап, жеңіл қарала бастайды).
- Зекет шығын болады (зекетті шығын ретінде есептейді).
- Аманат олжа саналады.
- Құран оқушылар созып оқиды.
- Ол кезде балалар басшы болады.
- Әйелдер патша болады.
- Күңдердің кеңесі болады (күңдермен кеңес құрылады)».
Сахаба Абдулла былай дейді:
«Алла елшісінің былай дегенін естідім: «Қияметтің (нақ болатынның) алғашқы белгісі күннің батыстан шығуы немесе Дәббәтуль ард (жануардың) жерден шығуы болады. Бірі екіншісінің ізінше жүзеге асады»...
Әзіреті Ъубәйд ибн Ъумайр Алла елшісінің былай дегенін жеткізеді:
«Дәжжәл (тажал) шыққанда онымен жолдастық қылқан қауымдар айтатын болады: «Біз оның Дәжжал екенін білеміз, бірақ біз тамақ жеу үшін және көкте (малдарымызды) жаю үшін жолдастық құрудамыз» дейді. Алланың ғазабы түскенде, олардың бәрін жалмайды»1.
1Имам Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».