Пайғамбарлардың жіберілу мақсаты
Пайғамбарлардың жіберілу мақсаты
2 жыл бұрын 2638
Ержан Қалмахан Сейтұлы

Әр нәрсенің өзіндік мақсаты болғаны сияқты Аллаһ тағаланың адамзатқа пайғамбар жіберуінің де өзіндік себебі мен хикметі бар. Бұлардың ең бастылары мыналар:

Аллаға иман етуге шақыру

Пайғамбар жіберілудегі басты мақсат – Аллаһқа, Оның жалғыз екеніне иман етуге шақыру. Асылында, адам баласының жаратылуының негізгі мақсаты – Жаратушыны танып, Соған құлшылық ету. Бұл туралы Құран кәрімде:

«Мен жындар мен адам баласын тек Өзіме құлшылық етсін деп жараттым», – дейді[1]. Демек, пайғамбар жіберілуінің басты мақсаттарының бірі – аяттағы құлшылықты қалайша іске асыру керектігін үйрету және түсіндіру. Құрандағы:

«(Мұхаммед) сенен бұрынғы барлық пайғамбарларды: «Күдіксіз, Менен басқа құдай жоқ. Маған ғана құлшылық қылыңдар» деген уахимен ғана жібердік»[2], – дейтін аят алдыңғы аятта айтылған үкімді нақтылай түседі.

Көп жағдайда әлсіз, дәрменсіз жаратылған адам баласы өзінен жоғары күшке мұқтаж. Пайғамбарлар өз қауымын бір Аллаһқа ғана бойсұнуға шақырса да, адамзат осы тылсым күшті «табиғат күштерінен», кейде өз қолдарымен жасаған пұттардан іздеуі қай уақытта да толастамады. Тарихтан өткен-кеткен қауымдардың ешқайсысының өздігінен Аллаһқа бойсұнғандығын көрмейміз.Тіпті бір пайғамбар міндетін аяқтап, дүниеден өтіп, екінші бір пайғамбар келетін уақыт аралығында тура жолдан адасып, қолдан жасалған пұттар мен жансыз заттарға табынып кеткендер қаншама десеңізші.

Хақ тағала адамзаттың атасы Адамнан (ғ.с.) бастап, ақырзаман үмбетіне дейін әр дәуірде қоғамның қажеттілігі мен сана деңгейіне қарай пайғамбарлар жіберіп тұрған. Өйткені Жаратушы ие адамзаттың жаратылысын жақсы біледі. Әр пайғамбар өз қауымына тек хақты ғана дәріптеді. Бұл жайлы Құранда:

«Аллаһтан өзгеге құлшылық жасамайық және Оған еш нәрсені ортақ қоспайық...»[3], – делінеді.

Сонымен қатар, Құранның көптеген аяттарында:

«Аллаһқа және елшісіне (бүкіл әмірлері мен тыйым-дарына) бағыныңдар»[4], – деу арқылы пайғамбарлардың адамзатты тек таухидқа үндегені баяндалады.   

Демек, аталмыш аяттардан пайғамбарлардың міндеттері мен жіберілуіндегі негізгі мақсаттарының бірі иман келтіріп, Хаққа құлшылыққа шақыру екенін көреміз.

Бұл мақсаттардың қатарына мыналарды жатқызуға болады:

Дінді жеткізу

Пайғамбарлардың жіберілу мақсаттарының бірі – дінді жеткізу, яғни адам баласының екі дүниеде де бақытты болуы үшін Аллаһтан келген әмірлер мен тыйымдарды, жалпы шариғат заңдарын адамдарға қалтқысыз өзгертпей дәл жеткізу. Егер пайғамбарлар келмегенде, Ұлы Жаратушымызды толық, кемел сипаттарымен қапысыз тану мүмкін болмас еді. Онда адам баласы құлшылығын қалай іске асырмақ? Намаз, ораза, зекет, қажылық туралы әмірлер мен ішімдік, құмар, зина, пайыз сияқты тыйымдардың үкімі не екенін қайдан білмек? Осындай сансыз сұрақтардың жауабын пайғамбарлар түсіндірді. Әмірлер мен тыйымдар және өзге хабарлар пайғамбарлар арқылы жеткізіледі. Өйткені олар адамдарға жөн сілтеп, өздері үлгі көрсетіп үйреткенде ғана бұл іс шешімін таппақ.

Құранда бұл жайлы:

«Олардың (пайғамбарлардың) өзіндік ерекшелігі сол – Аллаһтың бұйрықтарын жеткізіп, (айтып- жеткізіп) Одан қорқады. Аллаһтан өзге ешкімнен де қорықпайды»[5], – дейді.

Құрандағы:

«Уа, пайғамбар! Раббыңның түсіргенін адамдарға жеткіз (тәблиғ ет)...»[6], – деген аят осыны ұқтырады. Пайғамбарлардың аяттарды саф күйінде әрі шынайы көңілімен жеткізгеніне біздің зәредей күмәніміз жоқ.

Қасиетті кітабымызда:

«Ешбір пайғамбар Аллаһтың рұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр істің өз жазуы бар»[7], – деп осы ақиқат тайға таңба басқандай айтылғанын көреміз.

Демек, пайғамбарлар Аллаһтың бүкіл әмірлерін қалтқысыз көңілмен қаз-қалпында жеткізгені анық. Мұны басқаша ойлаудың өзі қате.

Басқаларға үлгі-өнеге болу

Құран тілімен айтқанда олардың бойында «усуәтул-хасана», яғни көркем үлгі-өнеге бар. Дінді жеткізіп түсіндіру Аллаһтың таңдаулы құлдарының басты мақсаты болғандықтан, олар адамдарға айтқанын алдымен өздері орындап, өзгелерге мінсіз үлгі-өнеге бола білген. Олар Хақ тағала мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың қалай болу керектігін өнегелі өмірлерімен өзгелерге үйретті. Пайғамбарлардың періште немесе басқа болмыс-тан емес, адамдардың өз арасынан таңдалу сыры да осында. Періштелерде ішіп-жеу, құмар тарқату, үйлену секілді адамдарға тән сипаттар болмайды. Олардың  өмір сүру шарттары мүлде бөлек. Періштелердің ішіп-жемейтіндігі, бас құрап үйленбейтіндігі ислам ілім-білімінде қашаннан белгілі.

Аллаһ тағаланың қасиетті кәламында Аллаһтың елшілері жайлы:

«Міне, солар Аллаһтың тура жолға салғандары (пайғамбарлар). Сен де солардың жолымен жүр!»,[8] – делінеді. Ендігі бір аятта Аллаһ тағала:

«Расында, сендерге Аллаһтан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Аллаһты көп зікір еткендер үшін Аллаһтың елшісінде жақсы үлгілер бар»[9], – деп баян етеді.

Шындығында, Жаратқанның пендесі болу адам баласы үшін айрықша нығмет, үлкен абырой. Құранда айтылғандай адам баласы Хаққа құлшылық ету үшін жаратылған. Пайғамбарлар соны үйреткен. Мәселен, Нұх пайғамбар адамдарды тағам алдында «бисмиллаһ» соңында «әлһамдулиллаһ» деуге[10] Аллаһқа құлшылық пен шүкіршілік етуге насихаттады.

Ал оның өзін Аллаһ тағала «Исра» сүресінің 3-аятында:

«Шүбәсіз Нұх та Раббысына шүкір етушілерден еді», – деп мадақтап үлгі етеді. Тәпсірші Байдауи бұл аятты «Ей, адам баласы! Аллаһтан өзгеге табынбаңдар. Құлшылық етуді аталарың Нұхтан үйреніңдер. Өйткені ол Аллаһқа көп шүкір етушілерден»[11], – деп тәпсірлеген.

Ал тәпсірші Тәбарани: «Нұх пайғамбардың тамақтанған сайын, киімін кигенде және бүкіл іс-әрекетінде үнемі Аллаһқа шүкір еткенін және Құранда шүкір етуші құл деп мақталғанын хадистерден байқауға болады»[12], – дейді.

Пайғамбарлар адамзатқа үлгі болуда өмірдің бар қыр-сырын жете меңгерген. Мәселен, екі әлем Сардары бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келген хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бар ғұмыры, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы тек пайғамбарда ғана кездесетін ерекшеліктерден тұрды. Пайғамбарымыз адамзатқа үгіт-насихатты сөз жүзінде айтып қана қоймай, оны өз өмірімен өрнектеп көрсетті. Оның нұрлы өмірі осыған куә.

Осы сияқты өзге пайғамбарлардың да өмірі біз үшін тұнып тұрған ғибрат. Олар адамдарға дін мен көркем мінездің ақиқаттарын түсіндірді. Ең бастысы, пайғамбарлар ізгі істерінің қайтарымын еш уақытта күтпеген. Құран кәрімде: «...Олардың барлығы игі жақсылардан»[13], –деп пайғамбарлардың барлығы бірдей ардақты екендігі баяндалады. Ендеше, пайғамбарлардың өмірбаяны мен жасаған әрбір іс-қимылынан өмірлік сабақ алу адамзаттың асыл борышы.

Дүние мен ақыреттің екі тізгін, бір шылбырын тең ұстау

Пайғамбарлардың тағы бір міндеті – дүние мен ақырет тепе-теңдігін орнату. Мұны адамдарға өлгеннен кейін өмір бар екендігін білдіру және осыған орай ақыретке қапысыз қамданудың жолдарын үйрету арқылы жүзеге асырды. Бұл жайлы Құран Кәрімде:

«Бұ дүние тіршілігі бір ойын, ермек қана. Күдіксіз, ақырет жұрты нағыз тіршілік. Егер олар білсе»[14], – делінеді.

Ақырет өміріне қатысты ақиқатты адам баласы пайғамбарлар көмегімен ғана түсіне алады. Яғни, пайғамбарлардың жеткізген ақиқат діні арқылы адамзат тура жолды таппақ.

Мәселен, мына оқиға осыған дәлел.

Бірде Ибраһим пайғамбар теңіз жағасында құстар да, толқынмен келген балықтар да шоқып жеп кетіп жатқан бір өлексені көрді. Қызықтап тұрып, әр тістегеннің аузында жырымдалып кетіп жатқан бұл өлексені Алла тағаланың ақыретте қалай бүтін күйде тірілтетінін ойлады. Сөйтті де: «Я, Раббым, ақыретте өлілерді қалай тірілтетініңді маған көрсетші?», – деп дұға жасады. Аллаһ тағала тіл қатып, төрт құсты қолға үйреткеннен кейін төртеуін де сойып, еттерін араластырып, әр тауға апарып тастауын, содан соң оларды өзіне шақыруын тапсырды. Ибраһим (а.с.) айтылған әмірді орындағанда, Ұлы Жаратушының құдіретіне таңғалды. Әлгінде ғана өз қолымен сойған құстар тіріліп, еттері құралып, жанына ұшып келіп еді. Қайта тірілтудің Алла тағала үшін еш қиын еместігін өз көзімен көрді. Жүрегі жай тапты.

Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуіріндегі мына оқиға да айтпақ ойымызды растайды. Бір күні Убай ибн Халаф Аллаһ елшісінің жанына келіп, қолындағы шіріп кеткен бір сүйекті ұстап тұрып келеке еткен сыңаймен былай деді:

– Сен сонда мына атам заманда шіріп кеткен сүйекті Аллаһ тірілтеді дейсің бе?

Аллаһ расулы:

– Әрине, оған жан бітіріп тірілтеді әрі сені тозағы­ на салады, – деп жауап берді.

Осы оқиғаға байланысты «Ясин» сүресінің төмен­ дегі аяттары түсті:

«Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқа­ нымызды көрмей ме? Сөйте тұра ол бізге ашық дұш­ пан болды. (бір тамшы судан) Қалай жаратылғанын ұмытып, бізге былай деп мысал келтірді: «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?». Оларға: «Оларды әу бас­ та кім жаратса, қайтадан тірілтетін де Сол және де Ол барлық жаратуды біледі де».

Құрандағы бірқатар аяттар ақыретке сенімге шақыруда:

«Есеп күнін шектен шығушы әрі күнәһар адамдар ғана өтірікке балап, сенуден бас тартады»[15].

«Оларға есеп күніне байланысты аяттарымыз оқылған уақытта: «Бұлар бұрынғылардың ертегісі ғой» дейді»[16].

«Күллі Аспан әлемін және жерді жаратқан әрі оларды жаратқан уақытта еш шаршап-шалдықпаған Аллаһтың өлілерді қайта тірілтуге құдіретінің толық жететінін (ақыретке сенбейтіндер) көрмейді  е? Иә, Ол әр нәрсеге толық құдіретті»[17]. 

«Көк әлемін және жерді жаратқан Аллаһтың олардың ұқсасын жаратуға құдіреті толық жетеді емес пе? Әрине, толық жетеді. Ол – (әр нәрсені) то­ лық білетін жаратушы»[18].  

«(Ей, қайта тірілуге сенбейтіндер! Ойланып ақыл­ ға салыңдар!) Сендерді қайтадан жарату қиын ба? Жоқ әлде аспанды ма? (көз салып, қараңдаршы) Аллаһ аспан әлемін қалай мықты етіп жаратты»[19].

Ақыретте ешкім сылтау айтпауы үшін

Хақ тағала ақыретте адамдарға хақ діннің келгеніне байланысты «біз бұл туралы естіген емеспіз» деген сынды сылтау қалдырмау үшін пайғамбар жіберіп, әу бастан мәселенің алдын алған. Мәселен, адамдар ақыретте:

«бізге пайғамбар жіберіп, тура жолды көрсеткеніңде, адаспайтын едік» деп сылтау айтуы мүмкін еді. Ал енді Хақ тағала оларға ақ пен қараның ара-жігін ажырататын пайғамбарлар жіберген соң ешкім олай айта алмасы анық.

Құран кәрімде:

«Біз пайғамбарларды қуандырып сүйіншілеуші және (о дүниенің) қорқытып ескертуші етіп жібердік. Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы болмауы үшін. Аллаһ тағала аса үстем және хикмет иесі»[20], – делінген.

Сонымен қатар Қиямет қайымда Аллаһ тағала пайғамбарларды мойындамай, олардың міндетін жоққа шығарған қауымға:

«Ей, жын мен адамдар қауымы! Сендерге өз іштеріңнен аяттарымды баян етіп, осы күнге жолығатындарыңды ескерткен елшілер келмеді ме?»[21] – дейді.

Яғни, Аллаһ тағала бүкіл адам баласын махшар алаңына жинап, әр үмбеттің пайғамбарын олардың өздеріне куәгер етеді. Ал пайғамбар келмеген қауымды азапқа тартпайтындығы айтылады.

"Пайғамбарларға иман".


[1] «Зарият», 51/56
[2] «Әнбия», 21/25
[3] «Әли Имран», 3/64
[4] «Әнфал», 8/1; «Әли Имран», 3/32, 132; «Маида», 5/92; «Нұр», 24/54, 56
[5] «Ахзаб», 33/39
[6] «Маида», 5/67
[7] «Рағыд», 13/38
[8] «Әнғам», 6/90
[9] «Ахзаб», 33/21
[10] Алуси, Рухул мәани, ХХV/16
[11] Бәйдауи, Тафсирул Бәудауи, Бейрут, 1996, ІІІ/432
[12] Табәрани Әбул Қасым, әл-Мужәмул-кәбир, Мусул, 1983, VІ/32
[13] «Әнғам», 6/85
[14] «Әнкабут», 29/64
[15] әл-Мутаффифун сүресі/12
[16] әл-Мутаффифун сүресі/13
[17] Ахқаф/33
[18] Ясин сүресі
[19] Назиғат, 27
[20] «Ниса», 4/165
[21] «Исра», 17/15.

0 пікір