ӨЛІМ – АҚИҚАТ
ӨЛІМ – АҚИҚАТ
9 ай бұрын 3896

Ажал мерзімі және орны 

Аллаһ тағала: "Ешкім ертең не істейтінін білмейді және ешкім қай жерде өлерін де білмейді ", – деген. ("Луқман " сүресі, 34-аят.).

Яғни, адам баласынан ажал мерзімі мен орны жасырылған. Аятта айтылғандай, ол қашан, қай жерде жан тәсілім ететінін білмейді. Өлім мерзімін құпия ұстауда Аллаһтың өз даналығы бар. Сондықтан адамдар әрдайым өлімге дайын жүруі қажет. Өзінің қашан өлетінін білмейтін адам ылғи да оған әзірленіп, оның қамын жасаумен болуы керек. Ал егер адам ажал мерзімінен хабардар болса, ол өмір бойы арқасын кеңге салып жүріп, өлім сәтіне таяған кезде ғана жанталасуы мүмкін. Сол үшін де ажал мерзімі адам баласынан құпия ұсталған, оның өлімге әрдайым дайын болуы қажет, ол өзіне белгіленген ажал мерзімі бар екенін және ол келген жағдайда бір сәтке де кешеуілдетілмейтінін түсінуі керек. Аллаһ тағала:

 "Әр халықтың белгілі бір мерзімі бар. Олар сол мерзімі келгенде бір сәт кешіктірілмейді де ілгерілемейді "2; ("Ағраф " сүресі, 34-аят. )

"Ей, мүміндер! Сендерді малдарың мен балаларың Аллаһты еске алудан тоспасын. Кімде-кім мұны істесе, міне, солар зиян шегушілер. Сендерден біреулеріңе өлім келіп: "Раббым! Мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең, ал мен садақа беріп, ізгілерден болсам ", – деуден бұрын өздеріңе берген несібемізден (тиісті орынға) жұмсаңдар. Қашан біреудің ажалы келсе, Аллаһ, оны әсте кешіктірмейді және Аллаһ істегендеріңді толық біледі "3; ("Мунафиқун " сүресі, 9-11 аяттар.)

"Ақыры олардың біріне өлім келген сәтте: "Раббым! Мені (дүниеге) қайтар! Мүмкін мен қалдырғанымда (дүниеде) жақсы амал істермін ", – дейді. Әсте олай емес. Бұл оның айтқан бір бос сөзі. Олардың артында қайта тірілетін күнге дейін барзах бар "1, – деген. («Муминун» сүресі, 99-100 аяттар).

Аллаһ тағала әрбір пенденің өлімі үшін ешкім өзгерте алмайтын уақыт пен мекен дайындайды. Аллаһ тағала:

"Әрбір жан (иесі) Аллаһтың рұқсатымен ғана белгіленген жазмыш (ажал) жеткенде өледі "2, – деген. («Әлі Имран» сүресі, 145-аят).

Адам баласына, ол қай жерде болмасын, өлімнің келуі хақ. Аллаһ тағала: "Қайда болсаңдар да, тіпті биік қорғандарда (яғни, жұлдыздарда) болсаңдар да сендерге өлім жетеді"3, – деген. («Ниса» сүресі, 78-аят. )

Адам баласы қанша сақтансын бәрібір оған белгіленген жерде Аллаһтың өлімі жетеді. Аллаһ тағала ескерте: "(Мұхаммед! Оларға): "Расында, сендер қашқан өлім сөзсіз, сендерге жолығушы ", – деп айт "4; («Жұма» сүресі, 8-аят).

"Біз араларыңда өлімді белгіледік. Сондықтан ешкім деБізден оза алмайды"5, – деген. Қорыта келгенде, өлімнен ешкім құтыла алмайды және ажал мерзімі Аллаһқа ғана аян ғайыптың ісі. Аллаһ елшісі (с.а.с.): "Егер Аллаһ бір жерде пенденің жанын алуды қаласа, оған ол жерде бір қажеттілік жасайды ", – деген6. Яғни, оны бір себептермен сол жерге алып барады. 

Дүниеқоңыздықты жою үшін өлімді жиі еске алыңдар!

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): "Дүниеге құштарлықты жоюшыны (өлімді) жиі еске алыңдар!" – дейді1. (Ахмад, әт-Тирмизи).

Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): "Пайғамбарға (с.а.с.) онның оныншысы болып келдім ( Яғни, Исламды алғаш қабылдаған он адамның оныншысы). Ансарлардан бір ер кісі: "Уа, Аллаһтың елшісі! Ең ақылды және жомарт адам кім? " – деп сұрады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): "Өлімді көп еске алғандар және оған ең жақсы дайындалғандар. Міне, солар ақылдылар. Олар бұ дүниеде көп шүкірлік етіп, Ақыреттің кереметін жан-тәнімен сезетіндер ", – деді ", – деген3. (Ибн Мәжәһ).

Әл-Ғазәли "әл-Ихия " атты кітабында: "Біл, әлбетте өлім – қиын, қатері зор. Кімде-кім оны ойламаса жүрегінің бостығынан емес, бәлкім, дүниеге қызығушылықтан ойламайды. Жүрегіне өлімді еске алуды орнықтырсын! Мұны жүзеге асыру жолы – пенде өзінің жүрегін тек өлімді еске алумен орнықтырып, басқа барлық істен қағыс қалдыруы керек, құдды бір қауіп-қатерлі сахараға немесе теңізге сапар шегуді қалаған адам сияқты болсын, себебі ол одан басқа еш нәрсе ойламай, тек соны ғана ойлайды. Егер өлім қатерін жан-тәнімен сезінсе ол әсерлене бастайды, сол сәтте оның дүниеге құмарлануынан туған қуанышы, шаттығы азайып, жүрегі жұмсарады.

Өлімді еске алудың ең жақсы жолы – адамның өмірден өткен серіктерін жиі-жиі еске түсіруі. Сөйтіп олардың дүниеден қайтқанын және топырақ астындағы хал-ахуалын ойлайды, өлгенге дейінгі жақсы жағдайларын, атқарған қызметін есіне алады. Енді міне, топырақ олардың жақсы дәуренінен белгі де қалдырған жоқ. Қабірлеріндегі өмірі қалай өтіп жатқаны белгісіз. Әйелдері, балалары жетім-жесір атанды. Мал-мүліктерін өздерімен бірге алып кеткен жоқ, мешіттер мен мәжілістердегі орындарын басқа біреулер иемденді. Олардың қалай қайтыс болғанын ой елегінен өткізсе - өмір сүру, тірі қалу үшін жасаған әрекеттерін есіне алса, өлімді ұмытып, әр түрлі қызықтарды алданыш тұтып, жастықтың күш-қуатына сүйенгендерін, ойын-күлкіге берілгендерін, сөйтіп, ажалдың тез жетіп келетінінен бейхабар болғандарын түсінер еді. Сондай-ақ марқұм досы шешен тілімен, әсем үнімен қалай саңқылдап сөйлейтін еді, енді міне, оның тілі құрттардың жеміне айналды. Қалай жарқылдап күлетін еді, енді топырақ аппақ тістерін шірітті. Ажалына бір апта қалғанда ол өзін не күтіп тұрғанын сезген де жоқ. Бар мақсаты баю болып, алдағы он жылға жоспар жасады. Егер күтпеген жерден өліп қалуы мүмкін екенін ойласа, көз алдына періштенің бейнесін елестетіп, жаннатқа не тозаққа шақырған үнді естігендей беймаза күй кешіп немесе өзінің құлшылықты ұмытып, қаннен қаперсіз дүние қызығына беріліп кеткен басқа да күнәкар пенделерге ұқсайтынын және солар сияқты жазаға ұшырайтынын түсінер еді ", – деп жазады.

Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): "Аллаһ елшісі (с.а.с.) иығымнан ұстады да: "Дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол ", – деп айтты ", – деген. Ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы хадисін есіне алса: "Егер кеш батырсаң таңды күтпе, егер таң атырсаң кешті күтпе. Саулығыңнан науқасыңа ал (денсаулығыңды пайдалан) және өміріңнен өліміңе (ал) ", – дейтін1. (Әл-Бұхари).

Мәжди Мұхаммед әш-Шиһәуи «ҚАБІР АЗАБЫ». 
Арабшадан аударған: А.Зулай

 

 

0 пікір