Имам Мәтуридидің "Арш" түсінігі
Имам Мәтуридидің "Арш" түсінігі
3 жыл бұрын 4296
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим. Бүкіл әлемнің Раббысы болған Алла Тағалаға мақтаулар болсын. Және оның елшісі соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаләту уә сәлләмға салауаттар болсын.

Исламдағы кәләм ғылымында және ақида саласында «Арш» түсінігі біраз пікір-таласқа себеп болған күрделі тақырыптардың бірі. Ондағы пікір таластың төркіні - Алланың мекені жоқ деген тезіске барып тіреледі. Одан әрірек үңілсек - «тәнзиһ» қағидасына табан тірейді (тәнзиһ - Алланы жаратылыстарға ұқсатудан аулақ болу).

Негізінде бұл тақырыпта «Сүннит» жолындағы ғұламалар бір жақ та, Аллаға мекен беруші «Мүшәббиһа» мен Аллаға дене, ағза беруші «мүжәссима» тармақтарының өкілдері бір жақ. Сондай-ақ, тарихта бой көрсетіп, біраз ғасыр өз барлығын жалғастырған «Мұғтәзилия» тармағы үшінші жақ. Бүгінде «Сәләфизм» деп аталатын «уаһабизм» ағымындағылардың «Арш» мәселесіне қатысты ұстанымдары «мүшәббиһа» мен «мүжәссима» тармақтарының түсініктеріне көбірек ұқсас екендігін айтпай кетуге болмайды.

Бүгінгі тақырыбымызда сүннит ғұламасы, «Имамуль Һуда» (тура жолдың имамы), «Имамуль мүтәкәллимин» (кәләмшылардың имамы) Имам Әбу Мансур әл-Мәтуридидің (рахимаһуллаһ) «Арш» түсінігіне және «истиуа» мәселесіне қатысты ұстанымы төңірегінде шама-шарқымызша сөз қозғап өтсек деп отырмыз.

Өзге сүннит ғұламалары секілді Имам Матуриди де Алла Тағаланың «мекені» жоқ, мекен мен уақытқа тәуелді емес, әзәлда қандай болса, қазірде де сондай және еш өзгермейді деп баса айтқан. Ол (р.а.) былай дейді:

«Бұл мәселедегі негіз мынадай – Ұлы Алла Тағала әзәлда бар еді, бірақ ешқандай мекен  жоқ еді. Мекендер өз барлықтарын жоғалтып, ал Алла Тағала әзәлдегідей, бар болып қала беруі де мүмкін. Ол қазір  әзәлдегідей (әзәлда қандай болса, қазір де сондай). Әзәлде де қазіргідей болған. Алла Тағала – өзгерістен және жоқ болудан, басқа нәрсеге айналудан және жойылудан пәк. Өйткені бұл нәрселер – жаратылғандығын көрсетер жаратылыстардың белгілері және фәнилікті (мәңгі еместікті) көрсетер айғақтар...»[1].   

Имам Мәтуриди бойынша, Алла Тағалаға мекен беру немесе Құдай Затымен барлық жерде деп сену – Құдай Тағаланың мекенге мұқтаж деген түсінікке алып келеді. Оның үстіне, әлем - бәрін жалпы алғанда мекенде емес. Ол (әлем) – жеке-жеке бөліктерімен мекенде. Олай болған жағдайда, Алла Тағаланы әлдебір мекенде деп айтар болсақ, Оны да әлемнің бір бөлігі ретінде санаған болар едік, бұл болса, нұқсандықтың белгісі. Алла барлық нұқсандықтан пәк. Егер бүкіл әлем белгілі бір мекенде орнықпастан өз барлығын жалғастыра алатын болса, оны жаратқан Алла Тағаланың да мекенсіз бар бола алатындығына қалайша күмән келтіре аламыз?[2].

"АРШ".

Имам Мәтуриді «Аршты» - шын мәнісінде бар, бірақ ұғынуға адам ақылы жетпейтін нұрани (нұрдан болған) бір дене екендігін қабыл етеді:

«Ол (арш)  – нұрдан болған нәрсе. Немесе ол - жаратылыстар біле алмайтын жауһар (материя)»[3] - дейді Ол.  

Онымен қоса, Имам Мәтуриди "Арш" сөзінің - «әлем», «табиғат», яки, «кемелдік», «ұлықтық» деген мәжәзи ұғымдарды да қамтып тұрғандығын жоққа шығармайды.

Алла Аршқа орналасқан ба?

Арш - орын ретінде мекендердің ең ұлығы, одан ұлық орын жоқ. Оның жаратылуы – Алла Тағаланың ұлықтығының бірегей белгісі. Алайда, Арш – Алланың мекені емес. Алла Тағала Аршқа орын теппеген.

Имам Мәтуриди, Алла Тағаланың Аршта орналасқандығын айтудың үш қате ықтималдылықты тудыратындығын айтады. Бұл үшеуі де Аллаға лайықты ықтималдықтар емес. Тарқатып айтқанда:

Егер Алла Тағала "Аршта" отырды десек: Арш - Алла Тағаланың затынан үлкен бе, кіші ме, әлде, Алла Тағаламен тең бе?

1) Егер Арш ауқымдырақ десек, Алла Тағаланы ішіне қамтып тұрған болады. Бұл жағдайда, Алла Тағаланың ұлықтығын шектеп, Оны жаратылған нәрседен (яғни, арштан) кем және одан төмен деген боламыз;  

2) Арш - Алла Тағаланың затымен теңдей ауқымда десек, бұл жағдайда өзге жаратылыстардың бәрін алып қарағанда Алла Тағала бәрібір кішкентай болып қалады, бұл да сол бірінші ұғыммен бірдей;  

3) Алла Тағаланың Заты Арштан ауқымдырақ десек, мұнда да Алла Тағала өзінен ауқымы кішкене орын жаратып, соған орналасты, қалған бөлігі сыртта қалды деген сияқты қате ықтималдылықтарды тудырады.

Мұндай ықтималдылықтардың бәрінен Алла Тағала пәк. Алланың ауқымы жоқ. Ауқым - жаратылыстарда болады. Оның формасы, шегі жоқ. Жоғарыда Имам Мәтуриди "Алла аршта орналасты" деп сенетіндерге - Алла Аршта орналасты деудің астарында қандай күпірлі нанымдар жатқандығын және ондай сенімнің Исламдағы "Алла Тағала мәңгі, әзәли, бастауы жоқ, соңы жоқ, еш нәрсе оған ұқсамайды" деген қағидатқа көлеңке түсіретіндігін білдіру үшін мысалдап отыр. 

«ИСТИУӘ»
«Рахман Алла – Аршқа истиуә етті».Құран, «Таһа» сүресі, 5 аят.
«Сендердің Раббыларың – көктер мен жерді алты күнде жаратып, кейін Аршқа истиуә етті...». (Құран, «Ағраф», 54 аят).

 

Имам Мәтуриди, «истиуә» сөзінің тілдік тұрғыда үш түрлі мағынада қолданылғандығын айтады:

1). Билігіне алу (истилә);

2). Жоғарылау,  биікке шығу. «Мүминун» сүресінің 28 аятында «истиуә» сөзі биікке шығу, жоғарылау деген мағыналарда қолданылған:

«فَإِذَا اسْتَوَيْتَ أَنتَ وَمَن مَّعَكَ عَلَى الْفُلْكِ 

«Сен және сенімен бірге болғандар кемеге шыққан кездеріңде...».

3). Кемелдену, жетілу. «Қасас» сүресінің, 14 аятында истиуә сөзі кемелденіп жетілу деген мағынада келген:

وَلَمَّا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَاسْتَوَىٰ آتَيْنَاهُ حُكْمًا وَعِلْمًا 

«(Мұса Ғ.С.) ержетіп, кемелденген кезде (وَاسْتَوَىٰ), өзіне хикмет, ғылым бердік».

Бұлармен қатар ол сөздің - «діттеу, қалау» және «жаратты» деген де мағыналары бар екендігін айтқандар болған дейді ғалым.

Ал, енді аяттағы «истиуә» сөзін қандай мағынада түсінген жөн? – деген сұраққа Имам Мәтуриди былай деп жауап береді:

«Біз бұдан алдын Алла Тағаланың істерінде және сипаттарында жаратылыстарға ұқсаудан пәк екендігін айттық. Сондықтан да, «Рахман Алла – Аршқа истиуә етті» деген аятын – оның сипаттарын жаратылыстарға ұқсатудан тыйған аяттың тыйымы негізінде түсіну керекпіз. Өйткені, бұл мәселе - уахимен де, ақылмен де нақтыланған мәселе...»[4].

Яғни, аяттағы «Аршқа истиуә» етті деген сөйлемді «тәнзиһ» қағидасы негізінде, қазақша айтқанда: «жаратылыстарға ұқсатып қоймау» ережесі негізінде түсінуіміз қажет. Сол ереженің аясында Аллаға ең лайықты мағынасын таңдап, сол күйінше түсінген абзал деп отыр.

Демек, Имам Мәтуридиге қарағанда «Истиуә» сөзіне мағына беретін болсақ, оған «отырды», «орналасты», «орын тепті» деген ұғымдарды бермеуіміз тиіс екен. Оның орнына, Алланың  Ұлық Затына лайық, әрі өзге «мухкәм» аяттармен ұштасатын мағыналарын таңдаған абзал. Ал мағыналарының арасынан «орнықты», «отырды» деген мағыналарын таңдасақ, бұл «тәнзиһ» ережесіне қайшы келеді.

«Сөздің әдемірек мағынасын таңдауға мүмкіндік барда, оның ең нашар мағынасын таңдау дұрыс емес» дейді ғалым Имам Мәтуриді (р.а.)[5].

Яғни, Алланың ұлықтығына лайық мағыналар тұрғанда, лайық емес мағыналарды таңдау қате болмақ.

Әйтсе де, Имам Мәтуриди «истиуә» аятына берілген мағынаның, яғни, «истиуә» сөзіне жасаған «тәуилдің» (жорамал) –  "Алла Тағала мақсат еткен мағынаның дәл өзі" деп айтудан аулақ. Оның астарында Алланың ұлықтығына лайық, өзгеде мағына білдіріліп тұрған болуы мүмкін.  

Имам Мәтуриди «истиуә» аятына жорамал жасап, мағына бергенімен, оның нақты солай екендігін кесіп айтпайды. Керісінше, нақты мағынасының Аллаға ғана аян екендігін ашық айтқан. Артынан: "Алла Тағала нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз" дейді ол. Өзге мүтәшәбиһ аяттарға мағына берерде де ұстанымы осы. Ол жайында Имам Мәтуриди былай дейді:

«Біз «истиуә» сөзінің астарында Алла Тағала нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз. Және де, «Алланың көрінуі» т.б. сол сияқты Құранда айтылған мәселелерде тәшбиһке барып қоймауымыз уәжіп. Сондай-ақ, жорамалдардың бірін шетке ысырып, екіншісін нақты деп кесіп айтпастан, ол аяттың астарындағы Алланың мағынасы не болса, соған иман етуіміз уәжіп»[6].   

"Истиуа" сөзінің Арш сөзіне тіркесіп келуі

Аяттағы «истиуә» сөзінің «Арш» сөзіне тіркестіріліп айтылуының екі себебі бар дейді Имам Мәтуриди:

1). Аршты ұлықтау үшін.

2). Арштың жаратылыстардың ең ұлығы екендігін, әрі ең мәртебелісі екендігін білдіру үшін.

«Истиуә» аятының келу мақсаты

«Истиуә» аятының келу мақсатына орай да пікір білдіре кеткен Имам Мәтуриди, оны екі мақсатта топтастырады: 

1). Өзінің мекенге мұқтаж еместігін ұғындыру. Тарқатып айтқанда, біздерге «Истиуә» аятын білдіре отырып, Алла Тағала өзінің мекенсіз, еш жерге орналаспаған, қандай да бір мекенге орналасуға мұқтаж емес екендігін ұғындырып тұрғандай. Өйткені, Арш – адамдардың түсінігіндегі мекендердің ең ұлығы. Сол себепті, Алла Тағала «истиуә» сөзін «Арш» сөзімен байланыстыра айтып, Өзінің бүкіл мекен-жайлардан және барлық орындардан ада, оларға мұқтаж еместігін білдіріп отырған сыңайлы.

2). Сынау үшін. Және де, Истиуа аятының сынақ ретінде де келгендігін айтуға болады. Яғни, осындай мүтәшәбиһат аяттар арқылы Алла Тағала біздерге кейбір мәселелердің мағынасына тереңдеместен, белгілі жерде тұрақтап, тоқтай да білген жөн екендігін ұқтырғысы келетін сияқты. Мысалы, Құрандағы кейбір сүре басындағы жеке әріптер, пейіш пен тозақтағы жағдайлар т.б. Мұндай мүтәшәбиһат аяттарға аса қатты тереңдеместен, белгілі жерде тоқтап, нақты мағынасын Аллаға қалдырғанымыз жөн екендігін білдіргісі келген болуы мүмкін дейді Имам Мәтуриди[7].

Осынысына қарап, Имам Мәтуридидің «мүтәшәбиһат» аяттарына мағына беру кезінде екі жолды ұстанатынын түсінуге болады. Яғни, Имам Мәтуриди хәләф ғалымы ретінде «мүтәшәбиһат» аяттарына қарасты, бір шетінен тәуил тәсілін хош көргенімен, бір шетінен, ондай аяттарға мағына берерде сәләф ғалымдарының «тәфуид» тәсілінің де абзалдығын жоққа шығармаған. Аллаһу аъләм!  

Әлхамдулилләһи раббиль Аләмин.


[1] Имам Мәтуриди: «Тәухид» кітабы.
[2] Имам Мәтуриди: «Тәухид» кітабы.
[3] Имам Мәтуриди: «Тәухид» кітабы.
[4] Имам Мәтуриди: «Тәухид» кітабы.
[5] Имам Мәтуриди: «Тәухид».
[6] Имам Мәтуриди: «Тәухид».
[7] Имам Мәтуриди: «Тәухид».

0 пікір