"Барлық нәрсе Алланың қалауымен болады..."
"Барлық нәрсе Алланың қалауымен болады..."
2 жыл бұрын 8798
Әбу Муъин ән-Нәсәфи, "Тәбсыйротуль Әдиллә".

Біздің мәзхабта – барлық нәрсе Алла Тағаланың қалауымен болады, мейлі ол жақсы нәрсе болсын, мейлі жаман нәрсе болсын, мейлі көркем болсын, мейлі ұсқынсыз болсын, мейлі жауһар болсын, мейлі араз болсын, бәрі Алла Тағаланың қалауымен жүзеге асады, Оның қалауымен бар болады.

(Мұғтәзилия дейтін ағым "Алла Тағала тек жақсы нәрселердің пайда болуын ғана қалайды, ал күнә немесе жаман нәрселердің пайда болуын Алла қаламайды" дейді).

Біздің сенімде барлық болатысы нәрселер қандай сипатта болса да (күнә іс болса да, сауапты іс болса да) Алланың қалауымен болады. Соның ішінде мысалы, пенденің Аллаға итағат ету ісі – Алланың қалауымен, ризалығымен, сүйіспеншілігімен, бұйрығымен, жаратуымен және құдіретімен пайда болады (яғни, Алла Тағала жақсы істі риза болған күйі әрі жақсы көрген күйі бар қылады). Күнә іс те – Құдайдың қалауымен, жаратуымен әрі құдіретімен пайда болады, бірақ Оның бұйруымен, разы болуымен және жақсы көруімен емес (яғни, Алла Тағала күнә істің де жүзеге асуына жол бергенімен, пенденің ол таңдауына риза болмайды, онысын жақсы көрмейді). Өйткені Алла Тағаланың жақсы көруі мен разы болуы – Оның (Алланың) ұнамды көркен нәрселеріне бағытталған (пенде жақсы нәрсе істесе разы болады, жаман іс істесе разы болмайды). Ертеректегі ғалымдарымыз осы негіздің төңірегінде топтасқан және шейхымыз Әбу Мәнсур әл-Мәтуриди де мұны жазып кеткен1.

Имам Мәтуриди (р.а.) бойынша: «Алла Тағаланың бір нәрсенің боларын білуі - сол нәрсенің болуын қалағаны»

Талабаларға (ілім іздеуші шәкірттер) түсінікті болсын деп, біздің мәшәихтар жеңілдетіп былай дейді:

"Алла Тағаланың бір нәрсенің боларын алдын-ала білуі – сол нәрсенің болуын да қалағаны. Мейлі ол нәрсе – жақсы нәрсе болсын, жаман нәрсе болсын, көркем болсын, ұсқынсыз болсын, сауапты іс болсын, күнә істеу болсын. Тура сол сияқты әлдебір нәрсенің болмайтынын алдын-ала білуі де, ол нәрсенің болмауын қалағаны болып саналады".

Мәселен, перғауынның, Әбу Жәһілдің т.б. сол сияқтылардың күпірлікке түсерін алдын-ала білген Алла Тағала, ол істен тыйған болса да, олардың сондай имансыз күйге түсулерін қалаған. Сол сияқты, олардың иман етпейтіндігін білген Алла, иман етуді бұйырған болса да, олардың имансыз болуларын қалаған (яғни, пенденің таңдауына орай, Алла разы болмаған күйі, солай болуына рұқсат еткен, жол берген).

(Мұғтәзилия ағымының бұл жөніндегі ұстанымы: Алла Тағала бұйырған нәрсесінің бар болуын қалайды, тіпті ол нәрсенің болмайтынын білсе де. Сол сияқты, тыйған нәрсесінің пайда болуын қаламайды, тіпті оның боларын білсе де. Мәтуриди мәзхабында Алланың қалауы – білуімен сәйкес жүреді, ал Мұғтәзилия ағымында Алланың қалауы – оның бұйрығымен сәйкес жүреді, арадағы талас тартысы осы ережеден өрбиді).

Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

1) (Әбу Хасан әл-Әшғари (рахимаһулла) болса Алланың жақсы көруі мен разы болуын да «қалау» сипатының ұғымына жатқызып, күнә іс те болса, егер оның жүзеге асуын қалаған болса, демек оның пайда болуына да разы болған дегендік» деген пікір білдірген).

0 пікір