يَهْدِي مَنْ يَشَاءُ، وَيَعْصِمُ وَيُعَافِي فَضْلًا، وَيُضِلُّ مَنْ يَشَاءُ، وَيَخْذُلُ وَيَبْتَلِي عَدْلًا.
وَكُلُّهُمْ يَتَقَلَّبُونَ فِي مَشِيئَتِهِ بَيْنَ فَضْلِهِ وَعَدْلِهِ.
«Алла Тағала өзінің кеңшілігімен калағанына һидаят береді және (өзінің кеңшілігімен) қалағанын (күнәлардан, адасудан) қорғап-қорғаштайды. Алла Тағала, өзінің әділдігімен қалағанын адастырады және (әділдігімен) қалағанын туралыққа бастамай өз халіне қалдырып, сынайды. Барлығы Оның қалауында кеңшілігі мен әділдігі арасында ауысып тұрады».
- Алланың пендені тура жолға салуы – пендеде иман мен һидаятты жаратуы деген сөз. Ал, «адастыруы» - пендеде адасушылықты жаратуы.
- Алла Тағала өзінің шексіз білгіштігімен кімнің иман келтіріп мұсылман болатындығын, ал кімнің иман етпей теріс жолды таңдап, кәпір болатындығын әзәлдан біледі. Сол білуіне сай пендеде хидаятты немесе далалатты (адасушылық) жаратады.
- Алланың «қалауы» - оның «Әзәли білгіштігімен» тығыз байланысты. Алла Тағала әлдебір пенденің иман жолын таңдап, тура жолға түсетіндігін әзәлдән білгендіктен, уақыты келгенде пенденің таңдауына орай оны «һидаятқа» салады. Сондай-ақ, әлдекімнің теріс жолды таңдайтындығын әзәлдән білетіндіктен, оның таңдауына орай ол пендеде «адасушылықты» жаратады, яғни, адастырады.
- Алланың қалағанын тура жолға бастауы және қалаған адамын адастыруы – зұлымдық емес. Өйткені, Алла Тағаланың тура жолға бастауы мен адастыруы – пенденің таңдау еркіндігіне де байланысты. Теріс жолды таңдаған пендесін, таңдауына сай адастырады. Ал, тура жолды таңдаған пендесіне хидаят береді.
- Бәріміз Аллаға тәнбіз. Бүкіл әлемнің қожайыны – Өзі. Ол қаласа бақытты етеді, қаламаса бақытсыз етеді. Алла істеген ісіне жауап бермейді. Жауап беретіндер – пенделер.
- Алла Тағала пендені тура жолға салуға міндетті емес. Егер, ол әлдекімді тура жолға бастап, оның мұсылман болуын қалаған болса, бұл Оның кеңшілігі. Мұғтәзилит ағымындағылардың айтқанындай "Алланың пенде үшін не нәрсе абзал болса, соны жаратуы уәжіп" демейміз. Егер, Аллаға пенде үшін ең абзалын жаратуы міндет болғанда, жер бетінде кәпір адам, күнәһар адам болмас еді. Алла Тағала - ерік иесі. Ол пендені мұсылман немесе кәпір етуге ерікті. Кедей немесе бай етуге ерікті. Бақытты немесе бақытсыз етуге ерікті.
- «Өзінің кеңшілігімен...», яғни, міндетті болғандықтан емес. Егер, иман келтіріп, мұсылман болып, тура жолға түскен болсақ, бұл – Алланың бізге көрсеткен кеңшілігі болып табылады. Бұны – Алла міндетті болғандықтан емес, кеңшілігінен жасауда.
- «Өзінің әділдігімен...» яғни, зұлымдық етуінсіз. Алла Тағала әлдекімге иман бермеген болса, онысы оған зұлымдық қылғандығынан емес, керісінше әділ болғандығынан. Пендеге ақ пен қараны айырар ақыл берді, туралықты үйретер Кітап және тура жолды түсіндірер Пайғамбар жіберді. Бұған қарамастан, пенде қасарысып теріс жолды таңдап жатса, оны таңдауына орай Құдай да адастырып қояды. Оны өз таңдауына қалдырады. Тура жолға бастамайды, яғни, тәуфиқ бермейді. Бұл – әділдік. Әділдік – әр нәрсені өз орнына қою деген сөз. Құран Кәрімде: «Алла залым қауымға хидаят бермейді», «Алла кәпір қауымды хидаятқа салмайды», «Алла пасық қауымды хидаятқа салмайды» деген аяттар бар. Яғни, күпірліктің, зұлымдықтың, пасықтықтың – һидаяттан мақұрым қалуына себеп екендігін білдіруде. Кім күнәға белшесінен батып, күнәһар болып жүрсе, Алла оған һидаят жолын бермейді. Бұл – оның әділдігі. Құранда Хақ Тағала: «Жамандық жасап жүргендер өздерін иман келтіріп, ізгі іс істеп жүргендермен теңдей қыламыз деп есептейме?!...» - дейді. («Жәсия» сүресі, 21 аят).
- «Хизлән...» дегеніміз, «тауфиқтың» антонимы. Тауфиқ – Алланың пендені тура жолға бастауы және тура жолға түсуіне жәрдем етуі болса, Хизлән – Алланың оны өз халіне қалдырып, тура жолға бастамауы, яғни, оны өз таңдауына қалдыруы. Тура жолға түсуіне жәрдем етпеуі дегендік. (Хизләнды: «пендеге жақсы істі жасайтын құдірет-күш бермеуі» деп түсіндіргендер де бар).
- Игі іс істеуде – Алланың инаяты (жәрдемі, тауфиқы) бар. Жаман іс істеуде – Алланың хизләны бар. Алланың жәрдемі, тауфиқы болмағаннан кейін, оның досы шайтан болады.
- «Барлығы оның қалауында кеңшілігі мен әділдігі арасында ауысып отырады». Бұны былай түсінсе болады: пенде үнемі теріс жолда жүре бермеуі мүмкін. Кейде пенде тәубеге келіп, тура жолға түсіп жатады, ал кейде тура жолда жүрген адам шалыс басып, теріс жолға түсіп кетуі ғажап емес. Және де кейде адам кәпір болып жүріп, соңғы сәтінде тілін кәлимаға келтіреді де мұсылман болған күйі жан тәсілім етуі мүмкін. Ал тақуа деген адам, соңғы сәтінде имансыз кететін кездер де болады (Алла сақтасын). Екі жағдай да Алланың қалауына байланысты. Бірақ, біріншісі – Алланың кеңшілігі. Екіншісі – Алланың әділдігі. Сондай-ақ, пенде сауапты іс істеп, жақсы нәрсеге себепкер болса, мұны Алланың тауфиқ беруімен деп біліп, Аллаға шүкір етуі тиіс. Ал, керісінше күнәға барып қойған жағдайда "Құдай неге маған күнә іс істетті" демей, тәубеге келіп, кешірім тілеуі керек.