Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар жайлы жыр толғаулары
Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар жайлы жыр толғаулары
4 ай бұрын 1306

Жүсіп Баласағун, «Құтты білік»:

"Рахымды ием, пайғамбарын жіберді

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.

Түнек түнде шамы болды халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

Ол құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,

Сен, содан соң, тура жолға кіргейсің!...

Елге деген рахымы ол құдайдың,

Қылығы хощ, құлқы түзу шырайлы.

Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.

Қара жерде, жасыл көкте, әзіз-ді,

Оған құрмет берді тәңір жаны ізгі.

Бастаулардың басы еді, оңдысы,

Болды, кейін, пайғамбардың соңғысы!"

                         ***

«Бабалар сөзі» кітабынан:

Әуелі Пайғамбардың нұрын етті,

Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.

Алла Тағала өзіне досты қылып,

Онан соң оған берді көп үмбетті.

Баршадан артық қылып достым деген,

Дос болған соң Құдайға, көп үмбеттің
қамын жеген.

Сипаты Рахмату лильғаламин-дүр,   

Ләуләк ләммә халақатиль-афлак тәжін киген[1].

                              *** 

«Салсал» қиссасынан үзінді:

"Пайғамбардың әуел асыл түбі – араб,

«Хабибім» деп ат қойған Тәңірім қалап,

Тәсбих тартып, намазын тамам қылып,

Фатихасын оқиды қарсы қарап,

Патшалық құрды тақсыр салтанатын,

Тура жолға бастайды тамам халқын.

Дүр-жауһар аузынан сөз шығарып,

Сахабаға айтады насихатын".

                            ***

«Мұхаммед пайғамбар» қиссасынан үзінді:

"Мұхаммед үшін жаратты

Он сегіз мың ғаламды,

Әр ісінен көрсін деп,

Лаух менен Қаламды.

Адам ата, Хауа ана,

Досты үшін бұл һәм жаралды".

                                             ***  

«Хазірет Пайғамбардың миғражға қонақ болғаны» қиссасынан үзінді:

Жаһанда Мұстафаның артық сәні,

Екі дүние шырағы, ол сұлтаны.

Бейіште Пырақ ғашық Мұхаммедке

Қалайша шыдар бұған үмбет жаны.

                               ***

Қаңлы Жүсіптің жырынан үзінді:

"Ісімен ағлам деп Ислам дінін,

Танытты Расул өзі білгірлігін.

Жар салды дүниеге әуелден-ақ,

Баршаның қозғағанда көңіл нұрын.

Білген соң шариғаттың шарапатын,

Түсті жол ақ жолына кетпей қырын,

Күншілдің діні елден аластанды,

Тапты жұрт мұсылмандық адал жолын".  

«Шапағат шамшырағы Әз Мұхаммед»
атты кітаптан.
Авторлары: А. Әділбаев, Ш. Әділбаева.


[1] Рахмату лильғаламин – «Бүкіл әлемге мейірім шуағы ретінде жіберілген».
  Ләуләк ләммә хулиқатиль-әфләк – «Сен болмағанда аспан әлемі (ғарыш немесе жұлдыздар мен планеталар) жаралмас еді».  

0 пікір