"Алла өз бетінше дара...": Әбу Насыр әл-Фараби
"Алла өз бетінше дара...": Әбу Насыр әл-Фараби
8 ай бұрын 1538

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Cаясат» (әс-Сияса) атты араб тілінде жазылған қысқа трактатынан үзінді беріліп отыр. Мұнда әлемнің жаратушысы бар екендігін және оның дара екендігін қарапайым тілмен қысқаша ақли (логикалық) дәлелмен дәлелдеп өтеді. 

«Айтарымыз: кісі ең әуелі осы әлемнің және оның бөлшектерінің Жасаушысы бар екенін білуден бастауы керек. Бүкіл болмысқа ой жүгіртсін: әрбірінің (пайда болуына) түрткі болған алғашқы себебі бар ма, жоқ па?

Кісі зерделей келе болмыстың әрбірінің бар болуына түрткі болған белгілі себептің бар екендігін көреді.

Кейін (себептің барын білгеннен кейін) заттарға қатысы бар себептерге (заттардың бар болуына түрткі болған себептерге ой жүгіртіп) қарайды: оның да (бар болуына) түрткі болған себептері бар ма, әлде себептері жоқ па? Ол оның да (себептің де бар болуына түрткі болған) себептері бар екенін көреді.

Кейін ойланып қарайды: аталмыш себептер шексіз жалғасып кете бере ме, әлде өз кезегімен бірі екіншісінің себебі болып келетін әйтеуір бір болмыстың аяқталуымен тоқтай ма? Ол (ойланып қараушы кісі) себептердің шексіз жалғасып кете беруі мүмкін емес деген әрі олай болуы қиын деген сөзді көреді (сондай тоқтамға келеді). Өйткені, шексіз жалғасып кете беруді таным қабылдай алмайды.

Және кейбірі кейбірінің себебі болу жағдайының бірінен соң бірі айналып тұруы да мүмкін емес. Олай болған жағдайда, әлдебір нәрсе өз-өзінің себебі болуы керек еді. Мәселен, Әліп әрібі - Бә әрібінің себебі, Бә әрібі - Жим әрібінің, Жим әрібі - Дәл әріпінің т.т. (осылай жалғаса берсе), Әліп әрібі өз-өзіне себеп болар еді. Бұл болса мүмкін емес абсурдты нәрсе.

Ендеше, бір нәрсе қалды, ол - себептердің шектеулі екендігі. Көп себептің барып аяқталатын ең аз сан, ол - бір. Демек, барлық себептердің себебі бар, ол - жалғыз.Және де сол (жалғыз) себептің Өзі мен себеп болған нәрсесі бір емес. Әлемнің себептерінің себебі - басқаларынан өз бетінше дара"1. 

Аударған А. Қасым


1  Әбу Насыр әлФараби: «әсСияса».

0 пікір