Әбу Наср әл-Фарабидің Құдай түсінігі (2-бөлім)
Әбу Наср әл-Фарабидің Құдай түсінігі (2-бөлім)
2 жыл бұрын 2288
Дайындаған Абдусамат Қасым

(Басы өткен мақалада.)

Өткен бөлімде әл-Фараби бабамыздың Құдай түсінігі жайында сөз еткен едік. Ол жазбамызда әл-Фарабидің болмысты екіге бөлгенін айттық. Біріншісі - «Мүмкинуль ужуд», яғни, бар болуы міндетті болмаған, бір сөзбен айтқанда, жаратылыстар. Екіншісі - «Уәжибуль Ужуд», яғни, бар болуы міндетті болған, бір сөзбен айтқанда Жаратушы.

Әл-Фараби айтады: болмыстың бірінші түрі, яғни, «Мумкинуль Ужуд», өзі әрі себеп, әрі өзі себептен туындаған болып, шексіз жалғасып, айналып тұруы мүмкін емес дейді. Оның соңы әйтеуір бір «бар болуы міндетті барлыққа» тірелуі тиіс. Сол «міндетті барлық» - әуелгі барлық дейді ғұлама1.

Бар болуы міндетті затты «Уәжибуль Ужуд» деп атаған. Және оны Ол (әл-Фараби): «Жоқ болуын топшылау абсурд болады» деп анықтама береді. 

Ендеше, «Уәжибул Ужуд» болған заттың сипаттары қандай, деген сұраққа жауапты Әбу Наср әл-Фарабидің өз сөзінен оқиық, ғұлама "бар болуы міндетті болған барлық" деп атап отырған "Уәжибуль Ужуд"-тің сипаттары мен ерекшеліктерін былай деп баян етеді:

«Оған қатысты «бар» делінгенде, оның мәһиеті (сипаттамасы, болмысы, табиғаты) «дене» секілді емес (дененің бар болуы секілді емес). «Бар»-дың (болмысының) шегі басқа нәрсе, дененікі басқа нәрсе. Алайда, Ол «Уәжибуль ужуд» (бар болуы міндетті болған). Осы оның барлығы.

Оған қарсы дәлел жоқ (Бұрхан)2. (Керісінше) Ол бүкіл нәрселерге дәлел.

Оның бар болуы Затымен мәңгі, бастауы жоқ, әзәли. Оған (яғни, оның затына) «жоқ болушылық» болмысы араласпайды және Оның бар болуы қуатпен емес (бильқуааһ). Осыдан келіп шығады: Оның болмауы мүмкін емес.

Ол (мәңгі) қалу үшін әлдебір нәрсені қажет етпейді және Ол бір күйден, екінші күйге өзгермейді.

Ол «өзге нәрседе кездеспейтін ақиқат» деген мағынада бір. Және де Ол - «бөлінуді қабыл етпейді» деген мағынада бір. Мысалы, өзге нәрселердің көлемі мен мөлшері бар (солардағыдай бөлінушілік онда жоқ, осы жөнінен де Ол - бір). Ендеше, Оған «қанша», «қашан», «қайда» деп айтылмайды екен. Әрідесе, Ол дене емес.

Ол - «заты өзге нәрселерден емес» деген мағынада «Бір».

Және Оның Заты - сурет, материя, түр (сорт), бөлік сияқты мағыналардан тұрмайды. Оның қарама-қайшысы жоқ (яғни, ол жалғыз).

Ол -саф жақсылық, саф ақыл, саф "ақылға салынған" және саф ақылды. Осы үшеудің бәрі - Онда біреу.

Ол - дана, тірі, білгір, құдіретті, ерікті (қалағанын істеуші).

Оның көркем, кемел және әсем мақсаты бар. Ұлы бақыт та сонда.

Ол - әуелгі ғашық және әуелгі ғашық болынған зат (маъшуқ).

Барлық нәрсенің бар болуы - Одан. Яғни, Оның бар болушылығы өзге нәрселерге әсер еткенде, ол нәрселер бар бола қалады. (Осындай сипатта барлық нәрсенің бар болуы одан туындаған).

Бүкіл барлықтар - Оның (міндетті барлықтың) бар болушылығының әсер етуімен рет-ретімен пайда болады»3.

Әл-Фарабидің сеніміндегі «Міндетті барлық» деп аталатын болуы міндетті болған зат, яғни, "Уәжибуль Ужуд" жоғарыда сайып өтілген сипаттар мен ерекшеліктерге ие екен. 


1Әбу Наср әл-Фараби: «Ъуюнуль Мәсәйл», 44 бет. Араб тілінде (ескі баспа). 
2«Бұрхан» - дәлел, айғақ деген сөз, ерте және ортағасыр философиясында ақылдың айғақтарына сүйенетін қисын (аналитика). Логика ғылымында - айқын, нақты алғы шарттардан құралған қисынның түрі.
3Әбу Наср әл-Фараби: «Ъуюнуль Мәсәйл», 45 (4) бет. Араб тілінд (ескі баспа).

0 пікір