«40 мың адам өлді»: Матфей Эдесскийдің естелігінен (12 ғасыр), «Қаһарманмараш» қаласында 1114 жылы да жер сілкінісі болған екен
«40 мың адам өлді»: Матфей Эдесскийдің естелігінен (12 ғасыр), «Қаһарманмараш» қаласында 1114 жылы да жер сілкінісі болған екен
1 жыл бұрын 13370
Мұса Кеслер

Бәріңізге белгілі болғандай биыл Түркияның оңтүстік-шығысында ақпанның алтыншы жұлдызы күні 7.7 және 7.6 балдық жер сілкінісі орын алған болатын. Жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны бүгінгі таңда 40 мыңға жеткен. Жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен Қаһарманмараш қаласы болды. Ең таңқаларлығы - тура осыдан 909 жыл бұрын, 1114 жылы, аталмыш қала дәл осындай жан түршігерлік жер сілкінісін бастан кешірген екен. Ол кезде де үйлер қирап, қала тып-типыл болған деседі, көз жұмғандардың саны ол кезде де 40 мыңға жеткен.


ХІІ ғасырда өмір кешкен, өзінің жазып қалдырған "күнделігімен" танымал ұлты армян тарихшы Урфалы Маттеос (Матфей Эдесский) сол түні болған жағдайды өзінің естелігінде баяндап өткен: «Терең ұйқыда жатқанымызда кенеттен дүмді гүрсіл естілді. Жердің беті қатты сілкіне бастады. Жартастар шытынап, төбелерде жарық пайда болды. Мараштың ақыры тіпті жан түршігерлік болды – қырық мың адам қаза тапты...».

29 қараша, 1114 жылы таңға жуық Мараш халқы терең ұйқыда болатын. Кейбір шіркеулерде құлшылық рәсімдері орындалып жатты. Сол араларда, кенеттен Қиямет қайымды еске түсірер бір қатты жер сілкінісі орын алды. Оның қаттылығы көршілес қалаларда да сезілген еді. Алайда жер сілкінісінің орталығы Мараш қаласы болғандықтан, ең көп зардап шеккен қала – Мараш қаласы болды (қазіргі Қаһарманмараш қаласы).

«Урфалы Маттеос» (Маттеос Урхаеци немесе Матфей Эдесский) деген атпен танымал әрі өзінің өмір сүрген шағындағы айтулы оқиғаларды күнделігіне түсіріп жүретін бұл тарихшы Мараш қаласындағы жер сілкінісі орын алған күні өзі де сол жерде болатын. Маттеос өз көзімен көрген қорқынышты жайттарды егжей-тегжейлі күнделігіне түсірген екен.

«Таулар саудырады, жартастар шытынады»

«Түрік тарихы ұйымының» мұрындық болуымен басылып шыққан «Урфалы Маттеостың уақиғанамасы» (естелік) атты кітапта 909 жыл бұрын Қаһарманмараш қаласындағы жер сілкінісі орын алған түні не болғандығын естелікте былай баяндалған:

«Терең ұйқыда жатқанымызда кенеттен өте қатты гүрсіл естілді де, әлем қатты сілкіне бастады. Жер қатты сілкінді. Жартастар шытынады. Төбелер жарылды. Таулар мен төбешіктер қатты саудырады. Саудыр-саудыр етіп жанды зат сияқты дыбыс шығарды. Бүкіл жазықтар мен таулар құдды мыс темірден жасалған сияқты салдыр-гүлдір дыбыстар шығарып, ағаштар іспетті шайқалды. Адамдар ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарша ыңырсып жатты. Бұл дауыстар жер сілкінісі тоқтағаннан кейін де бір сағатқа дейін естіліп тұрды. Барлығы өмірден үміттерін үзіп, қиямет қайым келді екен деп ойлады. Сол түні біраз қалалар мен өлкелер қирады...

«40 мың адам қаза тапты»

Урфалы Маттеос естелігінде мыналарды да айтады:

«Қираған жерлер түгелімен Франктерге тиесілі еді. Одан өзге жерлер аман болатын және Мұсылмандарға тиесілі жерлер ешқандай зардап шекпеді. «Сис» қаласында да (қазіргі Козан қалашығы, Түркия) тура сондай жағдай орын алды, өлгендердің қарасы өте көп. Көптеген ауылдар мен шіркеулер қирады. Сол түні «Самусат» (Самсат, қазіргі Түркия), Хыснымансур (Адияман, қазіргі Түркия), Кәйсун, Рабан және Мараш (Қаһарманмараш) қалалары қирады. Мараштың ақыры тіпті жан түршігерлік болды – қырық мың адам қаза тапты. Мараш қаласы – көп түрғыны бар қала болатын. Мына пәлекеттен кейін ешкім тірі қалмады. Жер сілкінісі тоқтағаннан соң қар жауып, жердің беті әппақ қармен көмкерілді...». 


Дереккөз: www.hurriyet com tr/ 
Түрік тілінен аударған: Абдусамат Қасым

0 пікір