«Ансар Халал» кәсіпорынының қызмет сапасы тексерілді (ФОТО)
«Ансар Халал» кәсіпорынының қызмет сапасы тексерілді (ФОТО)
8 жыл бұрын 2722 Muftyat.kz ҚМДБ баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі, «Халал Даму» ЖШС-ның қызметкерлері халал өнімдерін шығаратын «Ансар Халал» кәсіпорынына тексеріс жұмыстарын жүргізді.


«Ансар Халал» кәсіпорыны 2015 жылы «Халал Даму» ЖШС-нің Сертификатын алып, Діни басқармамен бірлесіп жұмыс жасап келеді.

Тексеріс барысында «Халал Даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев халал өнім құрамына стандартқа сай келмейтін қоспаларды шикізат ретінде пайдалануға болмайтындығын ескертті.


«Ансар Халал» өндіріс ошағы Діни басқарманың «Халал өнімдері мен қызмет көрсету» ережелерін басшылыққа ала отырып жұмыс жасап келеді. «Халал» белгісімен шыққан тауарлар, өнімдер шариғат қағидалары мен стандарт талаптарына сай болу керек. Ислам дінінің заңдылығында тиым салынған, рұқсат етілген нәрселер болады. Арам өлген мал мен құстың, шошқаның етін немесе қанды өнімге пайдалануға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, «Халал» белгісі бар кез келген өнімге қосылатын шикізат халал стандарт талаптарына сай болуы қажет», – деді тексеріс барысында Бейбіт Марзагелдиев.

Ал, таза өнім шығарып, халал индустрияның дамуына үлес қосып отырған «Ансар Халал» кәсіпорынының директоры Асқар Төлеуханұлы қоғамға адал өнім ұсынып, ел игілігіне қызмет етіп жатқанымызға қуанамыз дейді.

«Біздің компания 2006 жылы, халықтың өткен тарихындағы жақсы дәстүрлеріміз, әсіресе рухани жетістігіміз қайта салтанат құруға тиіс деген кезеңде өмірге келді. Ол уақытта халал өнімдері аз болатын. «Ас-адамның арқауы» дегенді ескеріп «Халал» стандарты бойынша ет өнімдері мен жартылай дайындауды қажет ететін азық-түлік өндіру идеясы ойымызға келді. Еңбек бар жерде игілік бар. Қазір біз халал индустрияның дамуына қомақты үлес қосып отырған республикамыздағы алғашқы компаниялардың бірі екендігімізге қуанамыз», – дейді Асқар Төлеуханұлы.

Сонымен бірге, кәсіпорынның жауапты бақылаушысы Батырбек Асылбеков қызметкерлерге дәріс өтті. Дәріс халал өнімдерге қатысты шариғи талаптар мен халал өнімді стандарттаудың өзекті мәселелері жөнінде өрбіді. Мұндағы мақсат «Ансар Халал»  кәсіпорынының қызметкерлерінің білімін жетілдіру.

0 пікір
Мұрағат