Ақтөбеде күйіктің тез жазылуы үшін жасанды тері қолданыла бастады (видео)
Ақтөбеде күйіктің тез жазылуы үшін жасанды тері қолданыла бастады (видео)
8 жыл бұрын 3703 24.kz bbc.com А.Байменшина, А.Дәуітов

Медицинадағы тағы бір тың әдіс. Ақтөбеде ашық жарақаттар мен күйіктің тез жазылуын қамтамасыз ететін материал қолданыла бастады. Облыстық жедел жәрдем ауруханасында соңғы 1 айда 10 адам емделіп шыққан. Синтетикалық материалды дәрігерлер «уақытша жасанды тері» деп атайды. Бұл әдісті көршілес Ресей медицинасы біраз жылдан бері қолданып келеді. Электрші Сансызбай Жақыпты тоқ соғып, денесінің біраз жерін күйік шалған. Ауыр жағдайда Шалқар аудандық ауруханасына жеткізіліп, сол жерде біраз уақыт ем алады. Алайда, күйіктің орны бітіп болмайды. Дәрігерлердің ұйғарымымен облыстық ауруханаға ауыстырылған. Қазір жаңа әдіспен емделіп жатыр. Жарақатына таңылған уақытша жасанды тері күйіктің орнын тыртық қалдырмай емдейді. Сансызбай Жақып, Шалқар қаласының тұрғыны: - Дәрігерлердің өздері алдын ала ескертіп айтты, солай жасанды тері деп. Соны басыма, қолыма салды. Салардың алдында бәрін айтып, түсіндірді. Келгенде жараның аузы ашық болатын, қазір келгелі өте жақсы, қарап, ем жасап жатыр. Нанотехнология облыстық ауруханаға әзірге тәжірбие ретінде енгізілді. Дәрігерлер бұл тәсілдің тиімді екенін айтуда. Жарақат таңатын материалдар мен сықпа майларға үнем болған. Әрі таңғыштарды жиі ауыстырып, уақыт жоғалтпайды. Ең бастысы – ашық жарақат тез бітіп, орнында тыртық қалмайды. Жарақатқа жапсырылған биоматериал тері жазылған соң түсіп қалады. Нұрлан Әбішов, облыстық жедел-жәрдем ауруханасының  операция бөлімінің меңгерушісі: - Ол материал адамның денесінде болатын гиалурон қышқылы бар, аминоқышқылдар бар, құрамы солардың аралас есебінде істелген материал. Сол материалдар адам денесіне ұқсас, сол жабылады. Қабыршақтың астында жазылу процессі жүреді. Жасанды теріні медициналық құралдармен жабдықтаушы жергілікті компания Ресейден әкеледі. Тың тәсілді өңір медицинасына енгізетін болса, қаржы саясаты белгіленіп, көп мөлшерде тасымалдау жоспарда.

 

0 пікір
Мұрағат