Қазақстанда тұрып жатқан шетелдіктер медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді
Қазақстанда тұрып жатқан шетелдіктер медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді
7 жыл бұрын 2376 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

Қазақстанда тұрып жатқан шетелдік азаматтар медициналық сақтандыру қорына жарна төлейтін болад. Бұл жаңа нормалар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек салалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрініс тауып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов мәлім етті. "Екі санаты бар. Қазақстанға қонақтауға келген шетелдік азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жатпайды. Олар өздері сақтандыру полисін алулары тиіс", - деді Біртанов тілшілердің сауалына жауап қату барысында. Сырт мемлекеттің еліміздегі дипломатиялық және оларға теңестірілген өзге де мекемелерінің қызметкерлері, Қазақстанда тіркелген консулдық мекемелерде қызмет ететін шетелдік азаматтар, сонымен қатар xалықаралық және мемлекеттік ұйымдарда, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлардың қызметкерлері 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, кірістерінің 5%-ын медициналық қорға бағыттаулары тиіс. "Әдетте, бизнесмендер мен дипломаттар корпоративтік немесе жеке сақтандыру полистеріне ие. Бірақ бізде тұрып жатқан шетелдік азаматтар үшін біз осындай құқық береміз. Яғни, олар кіріс алу орны бойынша жарна төлей алады. Оларда ондай мүмкіндік болады", - деді ол. Оның еске салуынша, жаңа заң жобасы бойынша, шетелдік қызметкерлер үшін жұмыс беруші 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, кірісінің 1 пайызын қорға аударуы тиіс. Айта кетейік, жаңа заң жобасы бойынша, жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін төлейтін жарнасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 1 пайызды құрамақ, ол көрсеткішті 2022 жылға дейін 3 пайызға жеткізу көзделген. 

0 пікір
Мұрағат