Із-түзсіз жоғалғандардың балаларына төлемақы тағайындалуы мүмкін
Із-түзсіз жоғалғандардың балаларына төлемақы тағайындалуы мүмкін
7 жыл бұрын 3239 inform.kz

ҚР Парламентінде із-түзсіз жоғалғандардың асырауындағы балалары мен туыстарына төлемақы тағайындау мәселесі талқылануда. Мұндай ұсыныс ҚР Парламенті Сенатында өткен «Хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіру бойынша құқық қорғау органдарының қызметін нормативтік құқықтық реттеудің жай-күйі мен мәселелері» атты дөңгелек үстелде айтылды. «Жедел-іздестіру қызметінің жүргізілуімен қатар, із-түзсіз кеткен азаматтардың және олардың туған-туыстарының құқығын қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Мәселен, хабар-ошарсыз кеткен тұлғаның асырауындағы азаматтарға Парламент Мәжілісінің қарауындағы «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң жобасы аясында құрылғалы жатқан жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры арқылы құзырлы органның шешімімен төлемақы тағайындалғаны жөн болар еді. Із-түзсіз жоғалып кеткен ата-аналардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларына іздеу басталған күннен бастап, уақытша қамқоршыға беру мәселесі де шешімін табуы керек. Ата-ана көз жұмғандығы расталмайынша, оларды асырап алу мүмкіндігі қарастырылмайды», – деді ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров. Айта кету керек, Қазақстан Бас прокуратурасының берген мәліметтеріне сәйкес, соңғы үш жылда құқық қорғау органдарымен 13 749 із-түзсіз жоғалып кеткен азамат іздестірілген. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде олардың 8515-і табылған. 2016 жылы 1554 адам хабар-ошарсыз кеткен және әлі күнге дейін іздеуде жүр. Б. Бекназаровтың айтуынша, адамдардың жоғалуы негізінен қылмысқа байланысты болып жатады. «Біздің Конституциясында: ең басты құндылық – ол адам және оның өмірі, бостандығы екендігі көрсетілген. Ал енді сол адам мыңдап, тіпті онмыңдап жоғалып жатқан болса, оның тағдыры ешкімге беймәлім қалатын болса, табылмай қалатындар болса, бұл – қоғамда үлкен проблема бар екендігін көрсетеді. Бұл проблема тезірек шешілуі керек екендігін көрсетеді», – деді сенатор.

0 пікір
Мұрағат