Пайғамбарымыз (с.а.у) жайлы жаңарған көне дастан жарыққа шықты
Пайғамбарымыз (с.а.у) жайлы жаңарған көне дастан жарыққа шықты
7 жыл бұрын 4160
Бұл жұма қазақ руханиятына керемет сүйінші жаңалықпен есте қалды... 
Нұр-Мүбарак„ университетінің салтанат залы әдеттегідей нөпір халық. Бұл жолы университет ұжымы ғана емес, Пайғамбарымыздың (с.а.у) өміріне деген құрметі артық, ата діні мен әдебиет сүйер қауым жиналған. Оларды Алла елшісінің (с.а.у) ғибратты ғұмырын жырмен дестелеген „Назым Сияр Шариф„ кітабының қайта жаңғыруы қуанышқа бөлеген. Ертеде бабаларымыз ауыз әдебиетін жатқа оқу арқылы бүгінге жеткізсе, бәлкім сіз сондай жыр-дастандарды жатқа айтатын адам арамызда жоқ деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі, XIX ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген ақын, ислам ғалымы Шәді Жәңгірұлының көне түркі тілінде жазылған дастанын көздің қарашығындай сақтаған Нуриниса Әбдінаимқызы анамыз „Сияр Шарифті„ жатқа біліп, шәкірттеріне ұлағат етіп келеді. Көненің көзі мен тәрбиесін бойына сіңірген ақ жаулықты анамыздың осындай құндылықты арқалап, оны кирилица әріпіне түсіріп, оқырмандарға ұсынсам деген арманын баласы „Нұр-Мүбарак„ университетінің докторанты, ұстаз Саидмұхаммед Абдунаимнің жан-жақты ізденуімен жарыққы шығарды. Бір жылға жуық әбден сараптаудан өткен жыр жауһарына қашанда қазақ руханиятының жанашыры „Нұр-Мүбарак„ университетінің басшылығы мұқым халықтан сүйінші сұрауға асықты. 
 „Назым Сияр Шариф„ жайлы таңнан таңға дейін айтуға болады. Адамзаттың абзалы Мұхаммедтің (с.а.у) өмірін жыр жолдарымен жеткізу — білім мен білік, телегей теңіз рухани қазына иесі болуды талап етеді. Өткен ғасыр сан жылдар қазақ қоғамының әдебиеті мен мәдениеті, тыныс-тіршілігі ислам дінімен біте қайнасып келген қазақ рухани әлемін діннен бөліп тастағанымен, сол көне дәстүр қайта жаңғырды. Жаңа жарық көрген Шәдітөренің „Назым Сияр Шарифі„ соған жарқын үлгі. 
Қасиетті Құранмен ашылған  салтанатты рәсім тізгініндегі проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза алғысөзді ректор, профессор Жуда Абдулғани Басюниге берді. Ата дінімен күн сайын қайта қауышқандай күн кешіп жатқан қазақ халқына ерекше құрметін білдірген ғалым жаңа кітаптың жарыққа шығуына ат салысқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ жұртшылыққа ислам ғылымы жолында университет тарапынан жасалып жатқан жұмыстармен жан-жақты хабардар еттті. 
Ал кітаптың жалпы ғылыми редакциясын басқарған филол.ғ.к., доцент Төрәлі Қыдыр мырза Кеңес дәуірі кезінде де жіті зерттелген Шәдітөре Жәңгірұлының еңбектерінің тек тәуелсіздіктен кейін ғана жарыққа шыққанына тоқтала келе, „Назым Сияр Шариф„  секілді көне туындыларға авторлық етудің ғылыми қыр-сырына тоқталды. Төрәлі Қыдыр мырза осы кезге дейін академиялық аудитория үшін шығарылған еңбектің жалпы оқырманға жол тартуын ерекше қуанышпен құттықтады: 
- Бұл кітап ата дініміз, дәстүрлі ислам, дәстүрлі дінімізді жырлайды. Бүгінгі қаптап кеткен түрлі жат ағымдардан бізді қорғап қалатын осындай қазыналы бабалар мұрасы. Біздің санамыз бен ортамызға бейімделген туындылар. Ал осындай қолжазба еңбектер сандықтың түбінде сары майдай сақталғанымен, қазіргі жағдайда ол халыққа, руханиятқа қызмет етпесе оның еш пайдасы жоқ. Сондықтан кез-келген көне жәдігер академиялық айналымға түссе, елге қызмет етеді,-деді. 
Ал елордадан арнайы келген белгілі ғалым, профессор   Досай Кенжетай мырзаның да салиқалы сөздері көпшілікке ой тастағандай: 
- Ең басты құндылық кітап деп тұсаукесер өткізіп, халқымыздың дінімен қатар салт-дәстүріне қолдау жасап отырған „Нұр-Мүбарак„ университетіне алғысымыз шексіз. Бабаларымыздың діни тәжірибесіне сүйенсек, діни сенім, діни таным, діни сана және діни тәжірибе деп қарастыруға болады. Қазақтың діни санасы, яғни оның өкілі осы кітапты жатқа білетін Нуриниса апамыздай асыл аналарымызға мың алғыс. Осындай асыл аналарымызды бүкіл құндылықтар орталығы деп айтуға болады. Себебі, діни сана —  ол қазақ, ол адам, ұлттың бүкіл тарихын бойына сіңірген орталық. Діни сенім әлемдегі барша мұсылмандарға ортақ, ол қай ұлт болса да сеніміміз бір деген сөз. Ал діни таным бізде көп. Себебі кеңістігіміз бөлек, мәдениетіміз өзге, тіліміз дара. Өкінішке орай кейбір шариғатшыларға 19 ғасырдағы әдеби шығарманы апарсаң, оның дінге қатысы жоқ деп шығады. Бұның барлығы дін құбылысын позитивистік қалыппен өлшеуден туындаған. Ал бізге өткен ғасырлардағы қазақ мұсылмандығының ірі тұлғалары кім десе, оны Шәдітөре деп айтар едім. Оны ақын не болмаса діндар деп бөлмес едім. Ол өткен ғасырлардағы қазақ мұсылмандығының айнасы. Себебі, дін мен мәдениет тұтас, егіз. Ал діннен арыл, мәдениетті дамыт деп 70 жыл бойы санамызға сіңірді. Ал дінсіз мәдениеттің рухы жоқ. Сол мәдениетті қайта оқытуымыз керек! Ең бірінші сатысы тілден басталатын мәдениеттің 18 қабатының ең жоғарғысы діни сана көрінісі. Ол осы Нұриниса апамыз. Діни санасын сақтаған ел діни таным арқылы өзін-өзі сақтай алады,-деді профессор Досай Кенжетай мырза. 
Ал жақында ғана дінтану ғылымы бойынша докторлық диссертациясын осы „Нұр-Мүбарак„ университетінде қорғаған Мұхан Исахан да Шәдітөре жайлы жан-жақты тоқтала келе, тарихи құндылықтардың маңызын екшелеп өтті. 
Ал рухани жаңалықты естіп „Нұр-Мүбаракқа„ құстай ұшқан қазақ үнжариясы Қазақ радиосының белді журналисі Ғалым Есенсариевтің сөз алуы тіпті тосынсый болды. Себебі, радиожурналистің Созақ жерінің тумасы Шәдітөре жайлы жасаған хабарларымен бірге, жасаған зерттеулері жайлы бірі білсе, бірі біле бермейді. Өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шайырдың өмір жолы жайлы зерттеп, жариялап қана қоймай „Қазыналы Өңтүстік. Түркістан кітапханасы„ сериясы аясында 2012 жылы жарық көрген „Шәді Жәңгірұлы. Назым Сияр Шариф„ деп аталатын үш томдық академиялық басылымның шығуына осы Ғалым Есенсариев ағамыздың мұрындық болғаны да белгілі болды. Осындай құнды деректерімен бөліскен радиожаршы жаңа кітаптың жалпы оқырманға арналып жол тартуымен құттықтап, оның жарыққа щығуына қолдау жасап отырған барша азаматтарға алғысын білдірді. 
Ал өмірін адал еңбекпен өткізіп, бүгінде осындай игі шараларға, имандылық,  қазақ руханиятына барынше қолдау жасап жүрген дін жанашыры ақ жаулықты анамыз Бибіжамал апаның тағылымды сөздері мен ақ батасы бұл жиынның тіпті мерейін үстем еткендей. 
Салтанатты рәсім соңында ректор, профессор Жуда Басюни  ислам жолында бар ынта-ықыласпен, мал-жанымен ат салысып жүрген аяулы азаматтарға Алғыс хат берді. Сондай-ақ, „тойдан тобықтай„ дегендей, жиылған қауымға жаңа кітап тегін үлестірілді. Қонақтарға арналып дастархан жайылып, Шәдітөре Жәңгірұлының рухына Құран бағышталды. Ал қолжазбаны халыққа ұсынсам деген арманы ақиқатқа айналған Нуриниса анамыз профессор Ш.Керім мырза мен Бибіжәмал анамызға немересі Абдуләзиздің тұсауын кестірді. Бұл әлбетте халқымыздың қашанда білім мен адал еңбекке деген құрметінің бір көрініс іспеттес. Тұсауы кесіліп тәй-тәй басқан бүлдіршіннің қадамы бізге жаны мен тәні, яғни діни рухы мен әдеби болмысы қайта табысқан қазақ руханиятының жаңадан бастаған қадамын елестеткендей.  
Ия, „Назым Сияр Шариф„ қазақ руханиятының діні мен тілінің, санасы мен танымының нақты жәдігері. Өткен ғасырдағы небір зобалаң қуғын-сүргінде кебеженің түбінде қатталып, жадыда жатталып, міне жаңа заманда жаңа ұрпаққа ұсынылған жыр жауһарын қолына ұстаған әрбір оқырман міндетті түрде рухани қазынаға кенелері сөзсіз. Өйткені онда адамзаттың абзалы, пайғамбарлар сардары Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмыры, өшпес өнегесі, адамдықтың биік үлгісі, қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің жаны болған діни танымы мен санасы сайрап жатыр. Сондықтан, бұл аждаһадай аранын ашқан жаһандану кезеңінде Алланың қазақ халқына берген ұлттық қалқаны, рухани мұнарасы, бір ғажап сүйіншісі екені даусыз. 
Айша КЕҢЕСБАЙ 
Нұр-МҮБАРАҚ„ университетінің баспасөз қызметі
 
0 пікір
Мұрағат