Мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде қолға алынған жобалар көп пе?
Мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде қолға алынған жобалар көп пе?
7 жыл бұрын 3589 inform.kz Арман Асқаров

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік серіктестік департаменті директорының орынбасары Нұрлан Шоқпарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта осы саладағы жобалардың ортақ тізімін жасап, бірыңғай порталда жариялау жоспарланып отыр.

 «Бүгінде мемлекеттік-жекешелік серіктестік бойынша 31 жоба бойынша келісімшарттар рәсімделді. Аталған жобалардың жалпы сомасы 21,2 млрд теңгені құрап отыр. Конкурстарға тағы 11 млрд теңгенің 16 жобасы қатысып жатыр. Бұдан бөлек, аймақтарда 250 жоба, ал республикалық деңгейде 22 жоба пысықталуда. Алайда оның барлығы әлі қолға алынған жоқ. Әзірше, ол жобалардың тұжырымдамасы талқыланып жатыр», - дейді Нұрлан Шоқбарбаев.

Оның айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобалары бойыша бірыңғай порталды құру жоспарланып отыр. Соның арқасында кез келген инвестор республика бойынша қолға алынып жатқан жобаларды көре алады. Бұдан бөлек, жобаларды іріктеу мен сараптау мерзімін барынша қысқарту жұмысы жалғаса береді.

«Өткен жылы біз 7 типтік құжатты бекіттік. Үстіміздегі жылы наурыздың аяғына дейін тағы үш бекітуді көздеп отырмыз. Жылдың соңына дейін ол құжаттардың саны артады деп ойлаймыз. Осының арқасында жобаға сараптама жасау мерзімін барынша қысқартуға мүмкіндік бар. Сараптама кезінде жобаның тұжырымдамасы ғана қаралады. Қалғаны типтік үлгіде өте береді. Өткен жылы бекітілген типтік құжаттар қазір Әділет министрлігінің қарауында жатыр. Алдағы уақытта күшіне енеді деп күтіп отырмыз», - дейді Шоқбарбаев.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде кәсіпкерлер жаңа ғимарат салу, я болмаса, ескі нысанды жаңғырту арқылы әлеуметтік қызмет көрсету кәсібін жолға қоя алады. Ондай тәжірибе балабақшаларды ашу саласында кеңінен тараған. Бизнес өз ақшасын салғаннан кейін субсидия және тағы басқа өтемақылардың есебінен өз шығындарын ақтай алады. Оған қоса, ақылы қызметтерді де көрсетуге мүмкіндік бар. Осыған байланысты «Мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің қазақстандық орталығы» АҚ кәсіпкерлерге тегін консультациялар беріп келеді.     

0 пікір
Мұрағат