Бір шаңырақ астында 60 жыл отасқан қариялар отбасылық құндылықтарымен бөлісті (видео)
Бір шаңырақ астында 60 жыл отасқан қариялар отбасылық құндылықтарымен бөлісті (видео)
8 жыл бұрын 6414 24.kz Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Ұрпаққа үлгі болған ұлағатты отбасы. Өскемендік қариялар Қадыр Сәбиев пен Гүлбану Мұсаева 60 жылдан бері бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Бүгінде 7 баладан 17 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Гауһар тойын балаларының арасында қарсы алған қариялар ұлдары мен келіндеріне ұдайы бағыт-бағдар беріп отырады. Бақыттан жүздері бал-бұл жайнап отырған Қадыр ақсақал мен Гүлбану әжей немере-шөберелерінің қызығына бір тойған емес. Қарияларға бұдан асқан бақыт жоқ. Үлкен ұлы Мұрат қазір 50-ді еңсеріп, өзі де немере сүйіп отыр. «Дегенмен ата-ана алдында қашан да баламыз ғой», - дейді ол. Мұрат Сәбиев, қала тұрғыны: - Әкеміз асқар тауымыз, шешеміз сол асқар тауың астындағы көлі. Әрқашан да «адамның ала жібін аттамаңдар, өтірік айтпаңдар, бауырмал болыңдар» деп соған шақырып отырады. Қадыр ата мен Гүлбану апа осыдан 60 жыл бұрын Қытайдың Шәуешек аймағында танысып шаңырақ көтеріпті. Ол елде екеуі де қоғамдық қауіпсіздік кеңесінде қызмет еткен. Туған жерге 1962 жылы оралған отбасы Тарбағатай өңірі Ақжар ауылына қоныстанады. Ақсақал 30 жылдан астам түрлі мекемелерде жүргізуші болса, Гүлбану әжей тұтынушылар одағында қызмет еткен. Талай қиын-қыстау кезеңді бастан өткере жүре саналы ұрпақ тәрбиелеген жұп бүгінгі жас отбасыларда ауызбіршіліктің жетіспейтіндігін айтады. Қадыр Сәбиев, қала тұрғыны: - Бірлігі болуы керек, бір-бірлеріне деген көзқарастары дұрыс болуы керек, сенім болуы керек, сонда ғана отбасының шаңырағы шайқалмай тұрады. 80-ге жақындап қалған алтын құрсақты Гүлбану әжей мен 90-ға аяқ басқан Қадыр ақсақалдың арасындағы сыйластық бүгінде көрші-қолаң, туыс-тумаға өнеге. Гүлбану апа өмір бойы «отағасының қабағын аңдып келем, ол әдетімнен жамандық көргем жоқ» деп ағынын жарылды.  Гүлбану Мұсаева, қала тұрғыны: - Атамыз ренжіп, бірдеңеге дауыс көтере бастаса, мен үндемеймін, балаларды жұмсап, сосын балалар ата-анасының қас-қабағына қарап, тілін тапқан соң бәрі қайтадан басылады, айғай-шу жоқ. Мадина Ренатқызы, немересі: - Ата, әже, құтты болсын тойларыңыз, мінеки, гауһар тойды тойладыңыз, мөп-мөлдір бір бұлақтың көзін ашып, бәрін де 60 жылда қоймадыңыз. Бала-шағасы әулеттің діңгегіне айналған қариялардың аяғын жерге тигізбейді. Осыған дейін алтын тойларын жасап берсе, енді гауһар тойда да туыс-жекжаттың басы қосылды. Ондағы мақсат – жиналған қауымға отбасылық құндылықтардың бастауына айналған өнегелі ғұмыр иелерін үлгі ретінде көрсету.

 

0 пікір
Мұрағат