Белгілі тұлғалар терроризммен қалай күресу керектігін айтты (видео)
Белгілі тұлғалар терроризммен қалай күресу керектігін айтты (видео)
8 жыл бұрын 4002 e-islam

Терроризм мен экстремизм – қоғамның асқынған дерті. Сондықтан, оның алдын алу қауіпсіз келешектің кепілі болмақ. «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында терроризм мен экстремизм төңірегіндегі заңнамаға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, маңызды мәселелер талқыланды. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбектің айтуынша, Ақтөбеде террористік актіні жасаған жастарды теріс ағым баурап, елге қарсы қолданып жатыр. Ал жастар олардың шырмауына түспес үшін, оларды дұрыс идеологиямен сусындатып, діни сауаттылығын ашу керек, деп отыр ел ағасы.

Мырзатай Жолдасбек, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Бауырлар, бұл Қазақ жер сияқты қозғалмайды, ал қозғалса, жаман қозғалады. Өтірік сөйлеуді қою керек. Ойбай, жастар болашағымыз, жастар өйтіп жатыр, бүйтіп жатыр деп, олардың бәрін дардай қыламыз. Ал солардың көбі қаңғып жүр. Несіне жасырамыз? Үйі жоқ, күйі жоқ. Астананы келіп паналап, қаланың төңірегінде бұта-бұта там қылып, сөйтіп жүрген жастар көп. Ал осылай жүрген жастар жат дін өкілдерінің қармағына тез ілінеді.

«Нұр Отан» партиясының жанынан құралған «Мирас» қоғамдық кеңесі ұйымдастырған жиында бейне байланыспен басқа өңірлер қосылды. Оған парламент депутаттары мен белгілі дінтанушылар да қатысты. Олар терроризм мен экстремизм төңірегіндегі заң жобасына қатысты нақты ойларын ортаға салмақ. 

Қайрат Жолдыбай, дінтанушы:

– Экстремизм мәселесі бұл заңда аса қарастырылмай отыр. Экстремизм дегеніміз, шектен шығу болса, ол қоғам ішіне іріткі салу, адамдарды бір-біріне айдап салу, тарихын мансұқтау, басқалардың наным-сеніміне тіл тигізу сияқты идеологиялар бар. Міне, осының алдын алу үшін заң жүзінде де, құқықтық тұрғыдан да тыйым салу мәселесін айтпақпын. 

0 пікір
Мұрағат