БЕЛГІЛІ ӘНШІ ДҮКЕНІН НАМАЗХАНА РЕТІНДЕ АУЫЛДАСТАРЫНА СЫЙҒА БЕРДІ
БЕЛГІЛІ ӘНШІ ДҮКЕНІН НАМАЗХАНА РЕТІНДЕ АУЫЛДАСТАРЫНА СЫЙҒА БЕРДІ
8 жыл бұрын 3715

Жақсылыққа жаны құмар әнші Заттыбек Көпбосынұлы зәулім үйінің қасындағы дүкенін ауылдастарына намазхана ретінде сыйға берді. Енді ауылдастары бұл дүкенге тауар алу үшін емес, намаз оқу үшін келетін болды деп хабарлайды "Nur.kz" сайты "Ойшоғыр" порталына сілтеме жасап.

ҚМДБ ОҚО өкіл имамы Ахметжан Керімбек алғашқылардың бірі болып намазханада намаз оқып, игі іске разылығын білдіріп, алғысын айтты. Имам намазханаға арнайы ұстаз бекітіп берді. Енді бұл намазханада ауыл балалары құран оқып, имандылықпен сусындайды. Ата-ананы сыйлау, отанды сүю, көркем мінез тақырыбында тұрақты түрде сабақтар өтіп тұрады.

Жұмыс істеп, саудасы қызып тұрған дүкенді намазханаға айналдырғанын Заттыбек Көпбосынұлы: «Алла маған өнер берді, сол өнер арқылы ризығымды молайтты. Екі қабатты зәулім үй салдым. Бұл намазхана – менің Аллаға деген шүкірлігім. Біздің мөлтек ауданға мешіт сәл алыстау. Жаяу жүріп бір сағатта барасың. Осындағы ақсақалдар, балалар қиналып қалмасыншы, жиналып намаз оқитын, рухани әңгіме айтатын жері болсыншы деген ниет еді. Арнайы ұстаз бекітілді. Енді балалар осы намазханадан бабалар ұстанған асыл діннің негіздерін үйреніп, иманды болып өссе мен үшін сол – үлкен бақыт. Осы уақытқа дейін де дүкенсіз өмір сүрдім ғой, бұдан кейін де Алла өзі жеткізеді»,  — дейді.

2 пікір
Мұрағат